Basty bet
Жастар – жаңашылдықтың бастауы
XXI ғасыр – техниканың даму ғасыры болғандықтан, компьютерлер мен роботтардың адам өмірінде алатын орны өте зор. Қазіргі өмірдің өзінен туындап отырған талаптарды орындау, жаңашылдыққа жаршы болу үзіліссіз тәрбие негізі.
Білім беру саласында сабақтан тыс уақытта жүргізілетін әрбір үйірменің жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі ерекше. Оның ішінде, техникалық – шығармашылық үйірмелері өзге үйірмелерге ұқсамайтын өзіндік атқаратын қызметі мен тәлім-тәрбиелік мүмкіндігі зор. Осы орайда Шақпақ ауылдық округіндегі Шақпақата ауылына қарасты №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектебінде «Жастар – жаңашылдықтың бастауы» атты робототехника құрастыру бойынша “дөңгелек үстел” отырысы ұйымдастырылды. Аталған “дөңгелек үстел” отырысын директордың ақпараттандыру жөніндегі орынбасары Сулейман Сулейманов ашты.
– Робототехника – біріншіден, бұл әлемде ғылыми зерттеулердің басым бағыты. Роботтар өндірістің жоғары технологиялық салаларына еніп, біздің өмірімізде күнделікті тұтынатын теледидар немесе телефон сияқты қалыптасқан затқа айналуда.
Ерте ме, кеш пе роботтар адамның алмастырылмайтын көмекшілері болмақ, бірқатар қауіпті және ауыр жұмыстарды өз мойындарына алатынына ешкім күмән келтіре алмайды. Робототехниканың негізінде оқушылар математика, физика, информатика және басқа жаратылыстану-ғылыми бейіндік пәндеріне алған білімдері мен дағдыларын кіріктіре отырып, роботты техниканы, инженерлік дағдыларды қалыптастыруға және технологияларды оқып үйренуге мүмкіндігі жоғары,- деді С.Сулейманов.
Жарысқа үш құрама команда қатысты. Олар: сызық бойындағы жарыс, тапсырманы орындау және робосумо. Қатысушылар деңгейлері бойынша тапсырмалар орындап, қолдарымен роботтарды жинап, оларға жан бітірді. Топтағы оқушылардың біреуі құрастыратын робот түрін ойластырып, оған қандай бөлшектердің керектігін анықтаса, басқалары сол бөлшектерді қолдануға ыңғайлы етіп басқа бөлшектерден айырып жинап береді, енді біреулері көрсетпе бойынша құрастыруға көмектесті.
Жарыс барысында мектеп оқушыларын сөзге тартқанымызда қатысушы Рақымжан Шымкентбай: “сабақтан тыс уақыттарда информатика пәні мұғалімінің жетекшілігімен роботтар құрастырумен айналысамыз. Өткізілген жарыс бұл әуестігімізді әрі қарай жалғастыруға деген қызығушылығымызды арттырғандай”-, дейді.
Роботтың қызметіне әр салада жүгінуге болады. Мәселен, экологиялық ластанудан арылу мақсатында адам аяқ басып бара алмайтын жерлерді роботтардың қызметі арқылы тазартуға болар еді. Ғарыш айлақтарына да роботтар ұшырылады. Біздің ойымызша, робототехника – уақыт үнемдеудің таптырмас тәсілі, – дейді 9-сынып оқушысы Нұрқасым Нұрғазыұлы.
Робототехниканы зерттеу оқушылардың болашақта ізденісін одан әрі дамытуына ықпал етеді. Оқушылар робот құрастыра отырып, өзінің автоматтандырылған құрылғыларын құрады, оларды қадағалайды және эксперимент жүргізеді, модельдің практикалық қолданылуын іздейді, ғылыми бағыттағы инженерлік мамандықтың іргетасын рухани байлықтарымен қалыптастырады. Оқушылар нақты мақсат қойып, оған жетуге үйренеді, өмірдегі проблемаларды шешу үшін сыни ойлайды және шығармашылық дағдыларын қолданады.
Ақжан Ілиясұлы,
Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі инспекторы