Basty bet

Қант диабетінен қауіп көп

Қант диабеті – қауіпті дерттің бірі. Дәрігерлер қант диабетіне алып келетін негізгі себептер – артық салмақ, қимыл-қоғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау екенін айтып, дабыл қағуда.
Жалпы диабет сөзі грек тілінен аударғанда сүзгіден өту, яғни сүзілу деген ұғымды білдіреді екен.
Бүгінгі таңда әлемде бұл патологиямен ауыратын науқастардың саны 463 миллионнан асыпты. Ал біздің ауданда 618 адам есепте тұр.
Қант диабеті ауруы қазіргі таңда балалар арасында да көбейіп келеді. Бұл алаңдарлық жағдай.
Бұл дерттен қалай қорғану керек? Аурудың алдын алу үшін, бұл кеселге шалдықпау үшін қандай шаралар қолдануға болады? Осы сұрақтар төңірегінде аудандық аурухананың балалар дәрігері Қалбике Сәрсеновамен тілдескен едік.
-Бұрын ауданда бес жасқа дейінгі балалар арасында бір-екі ғана жағдай тіркелсе, соңғы жылдары жылына үш-төрт бала тікелуде.
Биылғы жылы төрт бала тіркелді. Олардың ең жасы 10 айлық. Үш бала мүгедектікке шықты. Жалпы диспансерлік есепте тұрған 16 жасқа дейінгі балалар арасында 15 бала, 18 жасқа дейінгі балалар арасында 18 бала тіркелген.
Он айлық бала бірден жансақтау бөліміне түсті. Жағдайы тұрақталған соң, облыстық ауруханаға жіберілді. Өткен жылдары жеті айлық бала осы ауруға шалдығып, жансақтау бөлімінде шетінеген болатын,- дейді Қалбике Сәрсенова. -Қант диабеті – эндокринді ауру. Яғни, ұйқы бездегі лангерганс клеткалары бұзылғанда адам осы ауруға шалдығады. Ол не үшін бұзылады? Адам стресс алғанда бұзылады, вирус әсер етуі мүмкін, тұқым қуалаушылық және сырттан мөлшерден тыс қант ағзаға түскенде бұзылады. Яғни, қандағы глюкоза деңгейінің артуы осы дертке шалдықтырады. Диабет кейбір органдардың, әсіресе көз, бүйрек, жүйке, жүрек және қан жолдары тамырларының зақымдалуына немесе тиісті деңгейде жұмыс істей алмауына ықпал етеді.
Аурудың алдын алу үшін саламатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, тиімді тамақтанып, үнемі дене күші жүктемелерін жасау керек. Шамадан тыс тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбау семіздікке әкеліп соқтырады. Қант диабетінің көп таралу себептерінің бірі де осы семіздікке тікелей байланысты.
Ал “не пайдалы, қандай тағам тұтыну керек?” дейтін болсақ, көкөністерді шикі, пісірілген, бұқтырылған күйде қабылдауға болады. Майларды (әсіресе майонезді) барынша аз пайдалану керек.
Диабет кезінде есте сақтау жады және мидың қызметтері бұзылады. Сондықтан аурудың алдын алып, өз денсаулығына қатты мән беру керек.
Ауруға шалдыққан адамның ағзасында инсулин аз мөлшерде ғана бөлінеді, сол себептен ағзаға инсулин сырттан дәрі-дәрмек арқылы енгізіледі. Амал жоқ, ауру адам өмір бойы солай жүреді.
Бұл ауру қалай байқалады? Қатты шөлдеу, зәр шығару жоғарылап, аштық сезімі жиілеп кетсе, одан бөлек көздің бұлыңғыр көруі, дене салмағының төмендеуі, тез шаршау мен әлсіздік, терінің қабынуынан адамның қант диабетіне шалдыққанын байқауға болады.
Осы дертпен балалар сырқатанған жағдайда ауру қатты екпінмен басталып кетеді екен. Асқынуға бейім болғандықтан, балаларда бұл аурудың жеңіл түрі кездеспейді. Бұл қауіпті асқынулар гипергликемиялық және гипогликемиялық комаларға жеткізеді.
Балалардың арасында қант диабетінің көбеюінің бірден-бір себебі де дұрыс тамақтанбау. Ата-аналар дәрігердің айтқанын тыңдамайды. Бала алты айға дейін тек ана сүтімен тамақтануы керек. Әрі қарай берілетін қосымша тамақтар табиғи, баланың жас ерекшелігіне қарай тез сіңірілетін тамақтар болғаны дұрыс. Баланы стрестен сақтау керек. Балада қорқыныш болмауы тиіс. Бала стресс алмауы үшін отбасындағы тыныштық, үйлесімділік те маңызды. Баланы таза ауада ойнату қажет.
Бізде көптеген ата-аналар баларына қосымша тамақ беруде дүкендегі самсыған йогурттарды, пюрелерді алып береді. Йогурттың орнына айран, сүт, түрлі тәтті сусындардың орнына үйден жасалған кампот берген тиімді. Пюренің түр-түрін де үйден жасауға болады. Кириешки, чипсы деген бала денсаулығына мүлдем зиян.
Қант диабетімен ауырған бір баланың анасы “Өзім базарда тұрамын. Балам дайындап қойған тамақты емес, дүкеннен зиянды нәрселерді алып келіп жейді” деген еді. Яғни, дұрыс тамақтанбау көп аурудың басты себебі болуда.
Балаларды скрингтен өткізу барысында ауданда 80-нен астам артық салмақтағы балалар анықталған. Енді осы балаларды емханаға шақырып, дәрігерлер жұмыс жасайтын болады. Ата-аналар мұны дұрыс түсініп, дер кезінде баланы алып келіп, дәрігерлердің кеңестеріне құлақ түруі қажет,- дейді дәрігер Қалбике Әлиқызы.
Соңғы жылдары барлық аурулар жасарып келеді. Сондықтан бірінші байлығымыз денсаулығымыздың қадіріне жетіп, ауырмаудың жолын іздейік. Саулық – саламаттылықта!

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close