Basty bet
ДАУГАВА ТОЛҚЫНДАРЫ
Жетпіс алтының ми қайнатар ыстығында Алматыға келдім. Ол кездегі «Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетінде Фариза апайдың кілең сүйікті ұл-қыздары жұмыс істейді екен. Солардың арасынан аласа бойлы, сақал-мұрты әлі шығып үлгермеген бала-жігіт көзіме бірден түсті. Қайда көрсем де өңі кеткен қара папкасын құшақтап, маң-маң басып жүргені. Қаһарынан арыстан үркетін Фариза апайдың ең кенже бауырындай. Жұмысқа түстен кейін бір соғады, ешкімге есеп бермейді. Тағы бір артықшылығы біз сияқты кезекшілікке шығып, шұқшия бет оқымайды. Оған басты себеп әлі студент екен. Қысқасы, жұмсаған жерге бармайтын, ештеңеге жауап бермейтін еркетай… Кейін жақынырақ таныса келе Алпысбай Шымырбаевтың ақ көңіл, достыққа адал, тамаша жігіт екенін байқадым. Көңіліне тиіп, мұқата сөйлегендерге ұзақ үндемей, тек кетер кезінде айтатын мірдің оғындай ащы, әзіл-қалжыңы аралас жауабы да бар еді.
Газеттің Бас редакторы Бейбіт Қойшыбаев шақырып алып, басылымның алдағы уақытта офсеттік тәсілмен шығатынын, тәжірибе алмасуға Ригаға іссапармен барып-қайтуым керектігін айтты. Ақылдаса келе, Алпысбай екеуміз бірге баратын болдық. Мен газеттің жауапты хатшысымын, ал Алпекең бөлім меңгерушісі. Анда-санда іссапарға шықсам, не комсомолдың таусылмайтын жиналысына кетсем Алпекең жауапты хатшылық жұмысты жүргізетін сенімді дублер-серігім. Бұл 1978 жыл еді.
Жолға дайындалдық. Әріптестерге сый-сияпат алдық. Латыш журналистерімен хабарласып, келетін күнімізді, ұшақтың рейсін айттық. Олар қонақ үй дайындап, күтіп алатын болды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақ тоғыз сағатқа кешігіп, түннің бір уақытында Рига әуежайына келіп қондық. Әріптестер күте-күте шаршап, үйлеріне қайтып кетіпті. Анықтама бюросынан сұрастырсақ бізге ешқандай хат тастап кетпепті. (Шындығында қалдырыпты. Бірақ анықтамада отырған әйел шала қарады ма, жоқ деп жауап берді.) Алпекең екеуміз Даугава өзенінде байлаулы тұрған кеме-қонақ үйге жайғастық. Күн сенбі болатын. Түнде онша байқамаппыз, таңертең тұрсақ… судан төмен каютаға орналасыппыз. Үлкенді-кішілі балықтар жүзіп жүр. Ал, жоғары көтерілсек біздің тұрақтаған жеріміз ескі соғыс кемесі екен. Тот басқан зеңбірегі көзге ыстық көрінеді. Жүрекке сенім, бойға қуат беріп тұрғандай. Даугава толқындары тербеткен кеме-қонақ үй Алпекеңе бірден ұнады. Жас балаша қуанып жүр.
– Бейсеке, осы жерде қала берейікші! Романтика емес пе? Қараңызшы, ақ қанат шағалалар қалықтап ұшып жүр. Теңіздің самал желі, ақ көбік шашып алқынған асау толқындар. Бәрі-бәрі біздің келгенімізге қуанып жатқандай, – дейді Алпекең.
– Әрине, бүгін, ертең де осында қалармыз. Дүйсенбіде редакцияға барып, дұрыстау жерге орналасамыз, – деймін досымның көңілін қалдырмай.
– Ох, енді мұндай мүмкіндік болмайтын шығар. – Алпекең көңіл толқуын баса алмай жүр.
Мың жылдық тарихы бар, ғажайып қала – Риганы армансыз араладық. Біздің жаққа әлі жете қоймаған, сәнді тігілген, одеяло польто сатып алып, киіп алдық. Енді Алпекең екеуміз Балтық жағалауының сұлу бойжеткендері елең еткізер жігіт болып шыға келдік. Ұзынды-қысқалы, ағалы-інідей, егіз қозыдай жұбымызды жазбай жүрміз. Жұрттың бәрі бізге таңырқай да сүйсіне қарайтындай. Олардың азиялық азаматтарға деген құрметін іштей сеземіз.
Менің есіме сонау алпысыншы жылдардың аяғында Африканың «қарамаржан», бұйра шашты екі жігітінің Алматыға келгені түсті. Бәріміз таңырқай да тамсана қарағанбыз. Оларды теледидардан көрсетті, газеттер шулай жазды. Мүмкін, ригалықтар бізді де солай қабылдап, әңгімелеріне арқау етіп жүрген болар…
Дүйсенбі күні редакцияға келіп, қызметкерлермен таныстық. Әріптестер жылы шыраймен қарсы алды. Балалар газеті болса да журналистер үлкен жастағы «көкелер» екен. Алдағы болатын күндеріміздің жоспарын жасадық. Баспаханаға барып, офсеттік басу жүйесінің қыр-сырымен таныстық. Бір қуанғаным, біздің «Қазақстан пионері» газетіміз Орта Азия республикалары арасында офсеттік тәсілмен шығатын ең алғашқы басылым екен. Жауапкершілігінің бар екенін де сезіндік. Біздің қасымызға жолсерік етіп, елулерді алқымдаған жігіт ағасын қосып берді. Риганың тарихы әріден жалғасқан, мәдениеті қалыптасқан, шежіреге бай қала екен. Халқы әдепті, кішіпейіл, алыстан келгенімізді байқасымен жол беріп, амандасып, жылы шырай танытып жатты. Біздің құрметімізге күнара дастарқан жайылды. Осындай отырыстардың бірінде латыш достар бізден қазақша ән айтып беруімізді өтінді. Алпекең екеуміз Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» терлеп-тепшіп орындап бердік. Біздің көңілімізге қарады ма ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл менің өмірімде айтқан алғашқы әнім еді…
Латвия екі-үш күнде түгел аралап шығуға болатын, шағын мемлекет. Мені таң қалдырғаны, латыштар елдегі мекен еткен халықтардың жартысын құраса да, барлық тұрғындар осы тілде сөйлейді екен.
Бізді шпрот дайындайтын балық зауытына алып барды. Таңдай қақтыратын, дәмді шабақты тойғанымызша жедік. Одан соң мектепке, оқушылармен кездесуге келдік. Олар салтанатты жағдайда сап түзеп, Алпысбай екеумізді Латвия пионер ұйымына құрметті мүше етіп қабылдады. Мойнымызға алқызыл галстук тақты.
Ертеңіне теңіз жағалауына тарттық. Біз ғажайып әлемге келгендей күй кештік. Па, шіркін, табиғат ұлы суретші ғой! Теңіздің ақ көбік шашып алқынған толқындары, аппақ құм төселген жағажайы, сыңсыған ормандары, бәрі-бәрі мен мұндалап тұрғандай. Ал, латыш халқының екі қазақ баласына деген құрметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді! Сол жағалауда орналасқан барлық мәдени демалыс орындарының есіктері біз үшін айқара ашық болды. Ал, кешке қарай…
Біз ойламаған жерден бір жас жұбайларының үйлену тойының қадірлі қонағы болдық. Той иелері төрге отырғызып, ұлттық сый-құрметтерін көрсетіп жатты. Салтанат барған сайын қыза түсті. Бір кезде қасымда отырған Алпекең жоқ. Іздей бастадым. Жат ел, түн, орман іші. Тілсіз жау – теңіз суы тағы бар. Әйтеуір таптым-ау! Досым қарсы беттегі бас құдалардың қақ ортасында шалқып отыр. Көңілді. Жүрегім орнына түсті. Барған сайын той қыза түсті. Бір кезде досым Алпекең тағы да көрінбей қалды. Далаға жүгіріп шығып, мейрамхананы айналып шықтым. Жоқ. Менің әбігерге түскенімді байқаған мейрамхана қызметкерлері, кейін құда-құдағилар түгел далаға шықты. Жер-жерден «Алпысбай, Алпысбай! А-уу! А-уу!» деп айқайлаған дауыстар есітіле бастады. Біз енді Алпекеңді шындап іздеуге кірістік. Қасымызда жүрген латыш журналисі маған: «Енді не істейміз? Адасып кетсе, ұят-ай! Маған айтқаныңда Алпекеңнің қолынан ұстап отыратын едім ғой» деп ренішін білдірді.
Екі-үш шақырым жерде Ригаға жүретін қалааралық пойыз стансасы болатын. Сонда жүгірдім. Жол-жөнекей кездескен адамдардан: «Менің польтом сияқты киім киген жігіт өткен жоқ па?» деп сұраймын. Олар көргенін айтады. Қуанып қалам. Станса кассасындағы қызға болған оқиғаны түсіндірдім. Жоқ, мен айтқан бөтен адам билет алмапты. Екі өкпемді қолыма алып, мейрамханаға қайта келдім. Жоқ. Латыш досым екеуміз ең соңғы қалааралық пойызға отырып, астанаға тарттық.
Біз редакцияға келген алғашқы күні жолсерігіміз: Сендер тоқтаған жер ауылшаруашылығы министрлігінің «Ақ бидай» деп аталатын қонақ үйі. Адассаңдар, не тоқтаған жердің атын ұмытып қалсаңдар көшеде кездескен кез келген адамнан бидайдың латышша қалай аталатынын сұраңдар. Ары қарай кез келген такси осы жерге алып келеді деген болатын. Міне, жолсерігіміздің осы сөзін есінде сақтаған Алпекең сұрастыра, сұрастыра қонақ үйді тауып келіпті.
Жатар жерге әрең жеттім. Көңіл күйімнің түсіп кеткенін байқаған қонақ үйдің кезекшісі алдымнан жүгіріп шықты. «Сіздің досыңыз келді. Өзі көңілді. Екі езуі құлағына жетеді» деді. Менің жүрегім енді ғана орнына түскендей болды. Бөлмеге кірсем, батырым аяғын айқастыра, шалқасынан түсіп жатыр. Ештеңе болмағандай. Менің түтіккен жүзімді байқаған Алпекең төсектен атып тұрды. Түні бойғы аласапыран жүгіріс, уайым, булыққан реніш басылар емес. Ұрысайын десем тілім күрмеліп, шамам тек Алпекеңді құшақтап, бауырыма басуға ғана жетті… Бір-бірімізді шынымен сағынып қалыппыз. Қайран менің, Алпекем-ай!..
* * *
Жылдар өтті. Алпекеңмен кездескен сайын сол бір сапарды қуана еске алып қоятынбыз. Байқайтыным Алпысбайдың латыштардың ұлы өзені – Даугаваға деген сағынышы еш басылған емес…
* * *
Алпекең екеуміз балалар журналистикасында ұзақ жылдар қатар қызмет атқардық. Бізді алда Мәскеу іссапары, ғарышкерлер мекені – «Жұлдызды қалашық» хикаялары күтіп тұрды. Ал, журналист-жиһангез досымның өмірлік азығы, үлкен сағынышы «Ғажайып Үндістан» саяхаты еді… Бұл хикаяларды жазу алдағы күндердің еншісінде…
Жылдарды жылға жалғап, қатар жүрген үзеңгілес достарым – Рахымбай Ханалы мен Көпен Әмірбек қызықты оқиғаларға ұрынуды өздері іздеп жүретін. Ал, Алпысбайды шытырман оқиғалардың өзі іздейтін!
Бұл – Алпекеңнің қайталанбас болмысы, асыл қасиетінің бірі болса керек…
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті
сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек
сіңірген қайраткері, публицист, жазушы.