Basty bet
Ауыл шаруашылығы деректерінің анықтығы маңызды
Аудан бойынша ауыл шаруашылық деректерінің анықтығын қамтамасыз ету мақсатында мал басы бойынша ШБЕА деректерінің бұдан әрі АШЖ БҚ дерекқорындағы мал басымен сәйкестендіру жөнінде және қаңғыбас иттерді аулап аудан орталығындағы арнайы егесіз иттерді ұстап бағу орталығына өткізу бойынша комиссия отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Рақымғазы Құниязов, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев, аудандық статистика басқармасының басшысы Ерлан Тыныбеков, ветеринария қызметі кәсіпорнының директоры Ғабитбек Кебеев және ауылдық округтің әкімдері, мал дәрігерлері қатысты.
Алдымен сөз алған комиссия төрағасы Рақымғазы Құниязов отырысқа қатысушыларды күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырып, алғашқы сөзді аудандық статистика басқармасының басшысы Е.Тыныбековке берді.
Ерлан Тыныбеков Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қ.Мәдібектің осы мәселеге байланысты жіберген хатына байланысты түсіндірме жасай келе, аудан бойынша ауыл шаруашылық деректерінің анықтығын қамтамасыз ету мақсатында мал басы бойынша ШБЕА деректерінің АШЖ БҚ дерекқорындағы мал басын сәйкестендіруді атап өтті.
Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев өз сөзінде, бүгінде малды бірдейлендіру қиынға соғып отырғанын және шаруалардан сатып алынған малды делдалдар қайта АШЖ БҚ-ға енгізбейтіндігін айтты. Мал санақ жүрген сәтте ауыл тұрғындары мал санын түгел мәлімдемейтінін күйінішпен жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз алған ветеринария қызметі мекемесінің директоры Ғабитбек Кебеев мал санын нақтылап түгендеу үшін, ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасауды ұсынды.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары бізден малын сатуға анықтама алып мал сатылмаған жағдайда қайта келіп тіркетпейді немесе мал алып қайта сататын саудагерлерге үйден анықтама алмай-ақ сатып ол мал АШЖ БҚ дерекқорынан шығарылмай қалады. “Саудагерлер алған малдарын анықтама алмай мал базарына шығара береді, малдарын түгел тіркетпейтіндер де аз емес. Сондықтан ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп комиссия құрып, малды түгендеуге шығу керек”, деді ол.
Жиын соңында, комиссия төрағасы Р.Құниязов ауылдық округтің әкімдеріне ауыл шаруашылығы саласы бойынша статистикалық есепке алу сапасын жақсартуды, ШБЕА деректерімен АШЖ БҚ дерекқорындағы деректерді сәйкестендіруді тапсырды.
“Жаңа өмір” – ақпарат