Basty bet
“Тәртіп пен еңбекқорлық барлық қиындықты жеңеді”
Дәрігерге артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Дәрігер науқасты ажал тырнағынан арашалап алып қаларда жанын да, жүрегін де, білімін де аямайды. Ауыр халдегі науқасты аман алып қалғанда адамдар бірінші Құдайға шүкіршілік етіп, екінші дәрігерге алғыс айтып жатады. Осыдан-ақ бұл мамандықтың қаншалықты қиын, күрделі, абыройлы екенін аңғаруға болады.
Аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде де өзінің мамандығын жақсы көретін, білімді, еңбекқор медицина қызметкерлері абыроймен қызмет етіп келеді. Аурухана ұжымы кешегі қауіпті індет өршіген тұста да аяқтарынан тік тұрып, уақытпен санаспай еңбек етті.
Жұқпалы аурулар бөлімі 23 орынға арналған. Дәрігер инфекционист Жазира Мырзалиева басшылық ететін бөлімде екі дәрігер инфекционист, он медбике, жеті тазалықшы жұмыс істейді. Бөлімнің тыныс-тіршілігі туралы бөлім меңгерушісі Жазира Бейсенқызы еңбек демалысында болуына байланысты екінші дәрігер инфекционист Ақмар Демеуовамен сұхбаттастық.
-Жұқпалы аурулар бөлімі болғандықтан мұнда ЖРВИ, ішек инфекциясы, бруцеллез, гепатит, ковид, қызылша, көкжөтел және сібір жарасы сынды жұқпалы ауру жұқтырған науқастар жатқызылады.
Жұқпалы аурудың қай түрі болсын қауіпті. Дер кезінде қаралмай, асқындырып алған жағдайда соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Әсіресе, жаман індет жүрген уақытта халық қатты қиналды. Біздің бөлімнің қызметкерлері уақытпен санаспай жұмыс істеді. Қаншама адам ауруханада жатып қайтыс болды. Олардың ішінде көптеген таныстарымыз да болды. Жақындарына олардың қазасын естіртудің өзі қандай ауыр. Аллаға шүкір, ол күндер де арта қалды. Ұжым бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жігерлендіріп қиындықтарды жеңе білдік. Лайым енді ешқандай індет елімізге келмесін.
2023 жылы көптеген тұрғындар қызылшамен ауырды. Біреулер ауыр, біреулер жеңіл түрімен ауырды. Енді биыл көкжөтел жүріп жатыр. Жаз мезгілінің келуіне байланысты ішек инфекциясымен ауырып түсіп жатқандар да бар.
Көкжөтелмен ауырған балалардың көбі екпе қабылдамағандар.
Жалпы, жұқпалы аурудың алдын алудың бірден-бір жолы екпе қабылдау, жеке бас гигиенасын сақтау, режиммен ұйықтап, дұрыс тамақтану. Яғни, иммунитеті төмендеген адам кез келген ауруды тез жұқтырады. Сондықтан кез келген адам бала кезден саламатты өмір салтын ұстануға дағдылану керек.
Денсаулықты сақтауда тиімді тамақтанудың рөлі үлкен. Газды сусындар, майлы, тәтті тағамдарды жиі тұтынудың салдарынан қазір балалар арасында түрлі құрт аурулары көбейген. Балалар арасында аллергия, бронхиалды астма аурулары да жиі кездесуінің себебі дұрыс тамақтанбаудан.
Бөлімде 11 палата кислородты оттегімен қамтамасыз етілген. Кислородты кондиционер, өкпе қабынуымен түскен науқастарға жоғары ағынды аппарат бар.
Бөлімде аға медбике Гүлайым Топаева, медбикелер Эльмира Сейітбекова, Қатира Юлдашева, Айгүл Абдрахманова, Сандуғаш Тәжібаева, тазалықшылардан Гүлсім Мұсабекова, Рабиға Қожалимова, Фатия Көпбаева, Әлия Ералиева сынды әріптестеріміз ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді.
Жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс істеу оңай емес. Біз біріншіден өз отбасымызға жұқпалы ауруларды тасымалдаушымыз. Өзіміздің денсаулығымызға да қауіп төндіреді. Алайда өзіміз осы мамандықты сүйіп таңдағандықтан, науқастарға сапалы қызмет көрсетуге міндеттіміз. Қандай жағдай болса да көмек көрсетуге дайынбыз.
Жұмыс барысында әрбір қызметкерден талап етілетін қасиет – науқаспен жақсы қарым-қатынас жасау, құрметпен қарау, тазалық пен тәртіп. Дертіне ем іздеп келген жан үшін дәл диагноз қойылып, дер кезінде дұрыс ем қабылдаумен қатар медицина қызметкерлерінің жылы сөзі аса қажет.
Ынтымақ пен тәртіп, еңбекқорлық болған жерде барлық қиындықты жеңуге болады. Аудандық басылымды пайдаланып, бөлім ұжымын және барша әріптестерімізді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, бақыт, өз мамандықтарына деген адалдық, күш-жігер тілеймін,- дейді Ақмар Қасқырбайқызы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»