Basty bet
Республикалық байқаудан жүлдемен оралды
Өткен жексенбіде “Атадан мұра” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен киелі Түркістан қаласындағы оқушылар сарайында “Ақжелең” республикалық байқауы өтті.
Байқауға “Фламинго” би студиясының және Нұрлыкент ауылындағы “Аула” клубының өнерлі балалары қатысып, жүлделі орынмен оралды.
Бірлік күні мерекесімен тұспа-тұс өткен байқауда Гүлдана Әшкен жетекшілік еткен 41 бүлдіршін өнер көрсетті.
Бұл байқауға қатысу үшін аудан орталығынан төрт жолаушы тасымалдаушы көлікке 80-ге жуық адам мініп, жолға шықты. Таңғы сағат төрттен бастап, ата-аналар балаларымен бірге қобалжыған күйде киелі шаһарға қарай бет алды. Көліктің ішіндегі балалар Түркістан қаласына жеткенше асықты. Көңілдері көтеріліп, ән салып, жолды қысқартты. Одан бөлек, жол бойы көршілес облыс халқының дала төсіндегі жұмысқа ерте кірісіп, еңбектеніп жатқанын көрді.
Осылайша Жуалы жерінен оңтүстік өңірге жеткен бишілер байқауға дайындық жасап, оқушылар сарайына қарай бет алды. Жалпы хореография номинациясы бойынша 50-ге жуық би топтары кезекке тұрып, сахнаға шықты.
Алғашқылардың бірі болып, яғни сахнада жетінші нөмірде “Фламинго” би студиясының кіші топ бүлдіршіндері “Қуыршақ” әніне билесе, он төртінші болып кіші қазақ тобы “Көңілді бикеш билегендері” әніне мыңбұрала билеп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Одан кейін “Фламинго” би студиясының үлкен қазақ тобы “Наурыз” күйіне және “Аула” клубының “Шолпы” би тобы “Наркескен” биін билеп, өнерлерін көпшілікке паш етті.
Жалпы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1000-нан аса бүлдіршін қатысты. Мың баланың ішінен жуалылық өнерпаздар суырылып шығып, жүлделі І және ІІІ орыннан көрінді. Сонымен қатар, “Фламинго” би студиясының бишілері және “Аула” клубының қыздары Алматы қаласында өтетін байқауға жолдама алды.
Ата-ана үшін баласының үлкен сахнада өнер көрсетіп, жетістікке жетуі бір бақыт. Бұл бақытты байқау барысында аналардың көзінен еріксіз шыққан ыстық жастан аңғаруға болады. Кішкентай ғана бүлдіршіндердің өнердегі алғашқы баспалдағы жеңісті болғанына шын жүректен қуанды. Олар балаларын өнерге баулумен қатар, өзара татулығы мен ауызбіршілігін танытты. Әр қатысушыға өз баласындай қараған аналар жүрегінің кеңдігі мен жанашырлығын көрсетті.
Байқаудың қорытындысы жарияланған соң, жуалылық балалар мен ата-аналар Түркістан қаласының кереметтей кешкі көрінісін тамашалауға барды. Біркүндік сапарда рухани демалып, жеңісті қанжығасына байлап, Жуалы төріне қуанышпен аман-есен оралды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»