Basty bet

Өнерде өрге жүзген өрендер

Жуалылық талантты шәкірттер Таразда көрме ұйымдастырды

Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығының Көркемсурет галерея ғимаратында Балалар жылына орай ауданымыздағы №1 Балалар өнер мектебінің қолөнер шеберлері мен көркем суретшілерінің шығармашылық жұмыстарына арналған «Туып-өстім тамаша Жуалыда, жуып өскем бетімді бұлағына» атты көрме ұйымдастырылды.

Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаев айтпақшы, олжаның ең үлкені – өнер үйрену. «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық». Өнерде шекара болмайды. Өнер жасқа да, ұлтқа да қарамайды. Өнерлі адамның өресі биік.
Өнер шаңырағындағы талантты жастарды шыңдау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны сурет салудың шын шеберлері мен өнерсүйер қауым мен балалар тамашалады.
Шара өнер мектебінің театр бөлімінің шәкірттерінің «Жуалыға арнау» көрінісімен басталды. «Кербез» би ансамблінің бишілері «Қазақ» биін биледі.
Алғашқы сөз кезегін алған №1 Балалар өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев жиналған көпшілікке өнер мектебі жайлы қысқаша мағлұмат берді.
-1971 жылы іргетасы қаланған өнер мектебінде бүгінгі таңда 1 160 бала он үйірмеде өнердің түрлі саласын үйренуде. Сонымен бірге, өнер шаңырағында 46 өз ісінің шеберлері шәкірттерді өнердің тұнығынан сусындатуда.
Біз бүгін мектебіміздің қолөнершілері мен суретшілерінің қолынан шыққан туындылардың ең үздіктерін іріктеп алып келіп, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз,- дей келіп көпшілікті көрмені тамашалауға шақырды.
Келесі сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметоваға берілді. Анар Садыққызы балаларды Балалар жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Кезек облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Ринат Нұрақбаевқа берілді. Ол бала тәрбиесінде өнердің орны, яғни өнердің қай түрі болсын баланы сұлулыққа, рухани тазалыққа, өмірге құштарлыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелейтіндігі жайлы айта келіп, өнер мектебінің директоры мен ұжымына алғысын білдіріп, мекеменің атынан Алғысхатын тапсырды.
Өнер мектебінің домбыра бөлімінің мұғалімі Жасұлан Махановтың орындауындағы Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйінен кейін кезек қайта ақжарма тілектерге берілді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Рано Убайдуллаева, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының басшысы Балдай Ертуғанова, облыстық білім басқармасының өкілі Гүлзира Лесбаева сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Рано Убайдуллаева Көркемсурет галерея ғимаратында балалар шығармашылығынан бірінші болып көрме ұйымдастырған Жуалы ауданының №1 Балалар өнер мектебіне ризашылығын білдірді.
-Бүгін ашылған көрме мұнда екі апта тұрады. Яғни, екі апта бойы бұл ғимаратқа келген қонақтар сіздердің туындыларыңызды тамашалауға мүмкіндік алатын болады. Талантты балалардың жүрегінен шыққан бірінен-бірі асқан еңбектердің әрқайсысының өз орны бар.
Балалардың шығармашылығына табыс тілейміз. Аспанымыз ашық, елімізде тыныштық болсын. Елімізде талантты балалар көп болсын!- деді Рано Убайдуллаева.
Сонымен бірге, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР суретшілер одағының мүшесі Мухамед-Омар Паншаев және Тараз қалалық балалар көркемсурет мектебінің басшысы, «Истоке» этно-көркемдік орталығының төрайымы, ҚР суретшілер одағының мүшесі Гүлнар Қаспақова да сөз кезегін алып, көрмені тамашалай келіп, Өнер мектебінің шығармашылық ұжымының қуатты екенін байқағанын айтып, шығармашылық табыс тіледі.
Өнер мектебінің вокаль бөлімінің шәкірті Дильназ Қуатбекованың орындауындағы «Жақсы адамдарым» әнінен кейін жиналған көпшілік көрмені тамашалады.
Көрмеге заманауи әдіс-тәсілдермен жасалған туындылар, түрлі материалдардан жасалған, түрлі тақырыптағы мағыналы дүниелер, әсіресе тарихи, ұлттық өнер туындылары қойылған.
Әрбір дүниенің бояуын тауып, бояудың жігін білдірмей нәзік қиюластырып салған суретшілердің еңбектері мен қолөнершілердің қолынан шыққан құнды дүниелер өз көрерменін тәнті еткені анық.
Еңбек қиындығымен бірге қуанышын да ала келеді. Жуалылық шеберлердің өнер туындыларының өнерсүйер қауымға берер рухани қуанышы мол болмақ.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close