Basty bet

Көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек қария

еңбек ардагері, зейнеткер Қайрат Сарыбаевтың өнегелі еңбек жолы туралы

Әдеттегідей жаңа жұмыс аптасының алғашқы күні болатын. Бұл күні редакцияда «газет күні». Аудандық басылымның аптаның сейсенбі және жұма күндері жарық көретінін әрбір көзі қарақты оқырман жақсы білсе керек. Мысалы, сейсенбі күні шығатын газеттің нөміріне қойылатын материалдар күні бұрын дайындалып, дүйсенбі күні редакцияның компьютерлік бөлімінде беттеліп, қателері түзетіліп, әбден сүзгіден өтіп, сараланғаннан кейін ғана баспаханаға басуға жіберіледі. Біздің айтпағымыз бұл мәселе туралы емес…

Иә дүйсенбі күні материал жазып, бір жағынан газеттің жаңа нөміріне салынатын мақалаларды оқып отырғанмын. Күн сәскеге таяп қалған уақытта жұмыс кабинетіме Қайрат Сарыбаев келіп кірді. Б.Момышұлы ауылының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері, басылымның тұрақты жазылушысы және оқырманы Қайрат ақсақалды жергілікті жұртшылық жақсы таныса керек. Ол кісі саналы ғұмырының көп бөлігін еңбекке арнап, ұзақ жылдар ауданға қарасты шаруашылықтарда механизатор, онымен қатар «Казсельхозтехника», т.б. үлкен-үлкен мекемелерде жауапты маман болып жұмыс істегенін жұртшылық біледі. Кейіннен аудан орталығында жеміс-жидек базасында тер төгіп, Одақ тарағаннан кейін 1993-2008 жылдары аралығында аудандық орталық ауруханада ғимарат қараушысы (қарауыл) болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. 82 жасты толтырып, биыл 83 жасқа аяқ басқан Қайрат ақсақалдың ауданның дамуында, жалпы қоғамға еңбектің жарқын үлгісін көрсетудегі сіңірген еңбегін айрықша атап өтуге тұрарлық.
Сексен жастың сеңгірінен асқан қарияның көзі ашық, көкірегі ояу. Үнемі айналасындағыларға жақсылық ойлап, санасы әркез сергек жүреді. Ол өзінің бұл қасиетін бала кезде, одан кейін де өмірде көп қиыншылық көріп, бар мен жоқтың, аштық пен тоқтықтың қадірін біліп, еңбекпен шыңдалып есейгенінің нәтижесі деп санайтынын айтады.
Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары, дәлірек айтқанда, 1942 жылдың қоңыр күзінде дүние есігін ашқан Қайрат Сарыбайұлының өмір жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Ол тұста Одаққа қарасты бауырлас елдердің барлығы Гитлерге қарсы соғысып, фашизммен күресіп жатқан аласапыран кез болатын. Балалық шағы сонау қиын-қыстау жылдарға тұспа-тұс келген бала Қайрат қиыншылықты біркісідей-ақ көрді. Дегенмен, ауылдағы бауырмал ағайын-туыстың арасында үлкендердің мейірім шуағына бөленіп өскен оған балалық шақта татқан қиыншылықтың кермек дәмі онша біліне қойған жоқ.
Қария өз сөзінде, қазіргі жас буын, балалар жастайынан еңбек етіп, өмірдің қадірін біліп өссе екен дейді. Жастайынан адал еңбекке бейім болып өспеген бала болашақта қиындыққа тап бола ма, деген қаупін де жасырған жоқ. Ол рас. Ат та сүрінбей, жол таппайды. Бала да сол сияқты. Жастайынан еңбектің не екенін түсінбей, тер төгіп жұмыс істемей, бар мен жоқтың, аштық пен тоқшылықтың не екенін білмей өскен жас баланың кейінгі болашағын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Қайрат ақсақалдың редакцияға арнайылап келуінің де негізгі себебінің осында жатқанын айтқан әңгімесінен анық аңғарғандаймыз.
-Асылында адамды адам еткен – еңбек. Оған қарсы дау айтудың еш қажеті жоқ. Атам замандардан бері адамның өмірі мен тіршіліктегі барлық әрекеті, әрбір күні еңбекпен тығыз байланысты өріліп келе жатқаны даусыз. Менің редакцияға келіп отырған себебім, көп уақыттан бері өзімді толғандырып келе жатқан маңызды мәселені қоғамның және жас буынның назарына салғым келіп отыр.
Біздің отбасы соғыс жылдары қазіргі Диқан ауылында тұратын. Әкем Сарыбай ауылдың жеке қойын бағатын. Қолының кемтарлығына байланысты соғысқа алынған жоқ. Әкенің тәрбиесін көріп өстік. Үлкендердің тәлім-тәрбиесімен қатар өсиет сөздерін де жастайымыздан құлаққа құйып өскенбіз. Сондай күндердің бірінде әкем марқұм мені жанына шақырып алып: «Балам, есіңде болсын! Ешқашан ешкімнің ала жібін аттама. Өз күшіңмен адал еңбек ет. Бастау көрсең, көзін тазала. Айналаңа алма ағаш ек, кейін жемісін өзің жейсің» деп құлағымызға құйып отырушы еді жарықтық. Жаны жәннатта болсын.
Үлкен кісілер жақсы біледі. Біздің бала кезімізде ауылда «Бас-сирақ» деген болатын. Бұл – ауыл адамдары ағайын-туыстар, көрші-қолаңдар бірін-бірі тамаққа шақырысатын игі дәстүр. Бас-сирақтың дастарқанына үлкендермен бірге біз де еріп барамыз. Сонда ақсақалды қария аталар бір бөлек, ауыл апалары өз алдарына бөлек бөлмеде отыратын. Қариялар дастарқанның басында небір қызықты, өнегелі әңгімелермен қатар, шежірені де көп айтып отырушы еді. Балалар босаға жақта ұйып тыңдап отыратынбыз. Аталардың балаларға тамақ асатқаны қандай еді, шіркін! Одан кейін ауылда ағайын-туыс пен көрші-қолаңның арасында сыйластық, ауызбіршілік, бір-бірлеріне деген жанашырлық қасиеттері қандай мол еді. Он шақты үйдің шарбағында 25 соттықтан жоңышқа болатын. Шөп піскен кезде бес-алты жігіт жиналып, бел орақпен шарбақтағы шөпті кезекпен кезек қиналмай орып тастаушы едік. Қариялар бізге орақты шыңдап береді, біз оратынбыз. Әйелдер жиналып бір жерде тамақ дайындап жататын. Шөпті орып болғаннан кейін тамақ ішіп, сол үйдің рақметі мен алғысын алып тарқасатынбыз. Ол бір қызық кез еді ғой…
Мен 11-12 жасымнан бастап еңбекке араласып, жұмыс істей бастадым. Қазір сол жастағы балалар жұмыс істей ма? Қабырғам қатпаған жас бала болсам да әке-шешеме жәрдем беру үшін небір ауыр жұмыстарды қиналмай атқардым. Кейін өсе келе шешемнен: «Неге менің бойым өспей қалды?» деп сұраймын ғой. Сонда шешем: «Айналайын, Қайрат балам. Ол кезде қиын жылдар еді. Жейтін азық-түлік тапшы. Тамақ болмағаннан кейін саған қызылшаның жапырағын суға қайнатып, соған нан турап беретінмін» деп айтқаны әлі есімде… Біз солай өскенбіз.
12 жасымнан бастап ауыр бейнетке араластым. Ең алғаш колхоз жұмысына шығып, егін орағы науқанында комбайншыға жәрдемші болдым. Ол тұста «Сталин-6» деген комбайн болатын. Оны тракторға тіркеп, сүйрейтін. Алғашқыда соған сабан тастағыш болдым. Бала кезден техникаға өте жақын, оған құмар болып өстім. Әлі есімде, Ленин колхозында Петро деген орыс комбайншы менің техникаға өте бейім екенімді байқап, жанына жәрдемші етіп алды. Онымен екі жыл бірге жұмыс істедім. Екі жылдың ішінде ол мені комбайнның және техниканы жүргізудің қыр-сырына баулып, үйретіп шығарды. Колхозда Әбдірахманов деген бастық кісі бар еді. Содан бір күні егіс алқабының басына келгенде мені байқап қалып: «Әй, бала! Өзің болсаң, кішкентайсың. Мынадай ауыр жұмыс істеуге қалай шамаң жетеді? Соны айтшы?» деді. Мен ол кісіге: «Адамға тамақ керек болса, барлығына шамаң келеді екен» деп жауап бердім.
Техниканың тілін жақсы меңгеріп алғаным өзіме қандай жақсы болған. Кейіннен Күреңбелдегі «Чапаев» колхозында комбайншы болып жұмыс істедім. Жамбылдан осында жұмыс істеуге келген Пономарев деген комбайншы мені техникаға деген қызығушылығымды одан сайын оятып, оның мен білмейтін көптеген қыр-сырын үйретті. Екі комбайнның біреуінің рөлінде мен, ал біреуінде ауылдың мұғалімі отыратын. Одан кейін көршілес Кәріқорған ауылындағы (бұрынғы Казанка) Максим Горький колхозында да өз алдыма комбайн алып, егін орағында жұмыс істедім. Қазір қарап отырсам, жеті жыл колхоздарда комбайншы болып еңбек еткен екенмін. Кейіннен ауданның бірқатар мекемелерінде 33 жыл бойы үзіліссіз тер төктім. Сонда ауданның дамуына 40 жыл үздіксіз жұмыс істеген екенмін. Туған ауылымның және өзім туып-өскен өңірімнің дамуы мен гүлденуіне еңбек еткен жылдарымды өмірімнің ең сәулелі, бақытты кезеңдерім деп санаймын,- дейді оқырманның алдында ағынан жарылған Қайрат ақсақал.
Қарап отырсаңыз, адамның өмірі де ағып өткен су сияқты. Ал еңбекпен, шүкіршілікпен, айналаңа деген жанашырлықпен және жас ұрпақтың болашағын ойлаумен өткен өнегелі өмір ғана мағыналы. Еңбек етіп, сол арқылы қоғамға және жерлестеріне жарқын үлгі бола білген жылдарын мақтанышпен еске алған еңбек ардагері Қайрат Сарыбаевтың жүрген жерінде үнемі табиғаттың, қоршаған ортаның адам өміріндегі маңызды рөлі туралы, кезі келгенде жас буынды табиғатты аялауға, оны қорғауға үндеп жүретінін өзіміз де көріп жүрміз. О бастан табиғат пен адамның егіз жаратылғанын ескерсек, бұл – өте маңызды.
-Қайрат ауылында әкемнің бұрынғы тұрған үйінің шарбағында түрлі жеміс ағаштары көп болатын. Оны да біз өз қолымызбен егіп, өсіргенбіз. Сонау жылдары егілген жеміс ағаштары әлі күнге дейін жеміс беріп келеді. Әкемнің маған қалдырған «Бастау көрсең, көзін аш. Жеміс ағаштарын өсір» деген өсиетін әлі де жадымнан шығармай келемін. Бұлақ көрсем, дереу көзін ашуға тырысамын. Үйімнің ауласына түрлі жеміс ағаштарын және гүл, бау-бақша өсіріп, айналаның гүлденіп тұрғанын жаным сондай сүйеді. Көгерішті, гүлді жақсы көрген адам әдемілікке құмар, сұлулыққа жаны құштар болып келеді. Ондай адам басқаларға әсте жамандық жасамайды. Аудан орталығында тұратын ауылдастарымды да осыған шақырамын.
Менің үйім сайдың жағасында орналасқан. Сол үлкен сайдың жағасында төменде орналасқан көрші үйдің тұсында сылдырап ағып жататын бұлақтың көзі бар еді. Сол тұстағы үйге жаңадан көшіп келген отбасының мүшелеріне бұлақтың көзін үнемі тазалап тұру керектігі туралы айтқанмын. Олар менің сөзіме мән беріп, құлақ аспады ма, әйтеуір, кейіннен қарасам, жаңағы бұлақтың көзі бітелуге айналыпты. Қолыма күрек алып тазалайын десем, оған шамам келмейді. Жасым болса, сексеннен асты. Бұрынырақта жыл сайын көктемде көрші-қолаң болып күш біріктіріп, әлгі бастаудың көзін тазалап, айналасына шыбық қадап, сайдың маңына көпшілікпен құдайы тамақ таратушы едік. Қазір оған мән беріп жатқан бір адам жоқ. Өкініштісі сол.
Бұл бір емес, жүрген жерімде үнемі байқап жүремін, ауылдағы сайлардың жағалары күл-қоқысқа көміліп қалған. Бұрынырақта сайдың әр тұсынан бұрқырап шығып жататын бұлақтардың да көзі бітеліп, суалуға айналып барады. Бұл – жақсы емес. Тал-дарақтың бәрін отап тастасақ, бұлақ-бастаулардың көзін уақтылы тазаламасақ, біз ертеңгі жас ұрпаққа не қалдырамыз? Ел боламын десек, жас ұрпақтың ертеңі мен болашағын ойласақ, осы жағын ойланғанымыз абзал,- деген ойымен бөліскен Қайрат ақсақал ары қарай бұрынырақта өмір сүрген ауыл қарияларының мейірімі мен даналағы және ауыл адамдарының ақпейіл ниеті мен бауымалдығы туралы толғана сөз қозғады.
-Біздің бала кезімізде ауылда әрбір үйде ата-әжелер көп болушы еді. Үйдің жұмысқа жарамды баласы мен келіні ертелетіп колхоздың жұмысына кететін. Сол кездерде дүниеге келген балалар мен жас сәбилерді ата-әжелері мейіріммен бауырына басып, тәрбиелеп өсірді. Сәбиді бесікке салып, бесік жырын және батырлар жырын айтып тербетіп отырған әжелерді біз талай көргенбіз. Сонда олар бізді адалдыққа, адамгершілікке, бауырмалдыққа және еңбекке тәрбиелеп өсірген екен ғой. Біз сол данышпан ата-әжелерге қарыздармыз. Бала кездегі болған оқиғалар адамның санасында мәңгілік жатталып қалып қояды екен. Ол кездегі ауыл адамдарының пейіл-ниеті қандай таза, қандай кең еді десеңші… Ауыл үйлерінің есігіне құлып салынғанын ешқашан көрген емеспін. Қай үйге барсаң да, «Келе ғой, балам, айналайын! Дәм тат» деп үйіндегі барын алдыңа қоятын немесе қолыңа кәмпиті мен қантын, ең болмағанда құрт ұстататын. Айран, сүт, құрт әрбір үйден үзілмеуші еді. Сол кездегі астың да дәмі ерекше бал татып тұратынына әлі күнге таңмын.
Шешем Сәндібала 49 жасында қайтыс болды. Өмірден ерте кетті. Отбасында інім, мен, қарындасым бар. Бір ұяда үш бала өскенбіз. Шешем қайтқаннан кейін әкем қайтадан үйленген жоқ. Шешем қайтыс боларының алдында мені шақырып алып: «Қайрат, балам, жақсылап тыңда! Сен өмірде көп қиыншылық көресің. Құдай саған төрт перзент береді. Оның біреуі ғана аман қалады. Соның қызығын көресің» деді. Құдайдың құдіретін қараңыз. Кейіннен есейіп, үйлендім. Шешем айтқандай, әйелім төрт құрсақ көтерді. Оның үшеуі бұйырған жоқ. Қазір жалғыз балам Қуаттың қызығын көріп отырмын. Балам отбасын құрды. Қазір Тараз қаласында тұрады. Өз мамандығымен жұмыс істеп, адал еңбегімен отбасын асырап отыр. Балам мен келіннен төрт немере сүйген бақытты атамын,- дейді ақсақал.
Қайрат Сарыбаев аудандық жеміс-жидек базасында жұмыс істеп жүрген тұста жерлесіміз, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен кездесіп, Батырдың батасын алғанын әлі күнге дейін мақтаныш етеді. Бұл 1982 жылы Баукеңнің туған жерге соңғы келуі болатын.
Біздің кейіпкеріміз жастайынан саламатты өмір салтын ұстанады. Онымен бірге көп жылдан бері ұйқыдан ерте оянып, таңертең үш шақырым қашықтықты жаяу жүруді әдетке айналдырған. Таңертеңмен ерте тұрып жаяу жүрген адамның қан айналымы жақсарып, мидың оттегімен толатынын, онымен қоса, жаяу жүру адамның көңіл күйін де көтеретіні ғылымда анық дәлелденген.
Айта кетерлігі, Қайрат ақсақалдың өмірде көп қиыншылық көргенін сөзіміздің басында айтқанымыздай, ол 40 жасында айықпайтын көз ауруына шалдыққан жұбайына 24 жыл бойы күтім жасап, оны жетектеп жүргенін өз көзімізбен көргенбіз. Қарияның асыл жарына деген адалдығы осыдан-ақ байқалып тұрған жоқ па?! Оның бұл әрекетін қалайша ерлікпен пара-пар демейсің?!
Зейнеткер Қайрат ақсақал сөзінің соңында: «Адам адал, мағыналы өмір сүріп, ұзақ жасаймын десе, ең біріншіден жастайынан аянбай еңбек етулері керек. Екіншіден ісіне, жұмысына шын беріліп, адал болуы шарт. Үшінші – құнарлы тамақтану да адамға күш-қуат береді. Төртінші – саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану қажет. Бесіншісі – тек жақсылық ойлап, айналасындағыларға игілік тілеу және ешкімнің ала жібін аттамау да адамның өмірін сәулелі етумен бірге денсаулықты нығайтып, жасты да ұзартады. Жақсылық жасасаң да, жамандық істесең де барлығы айналып өзіңе келеді» дейді ол.
Өмірдің ащы-тұщысын көп көріп, көп жасаған қарияның өмірін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес әрине. Иә, айтса айтқандай, Қайрат ақсақалдың өмірде кездескен қиындықтарға мойымай, оны жеңуге ұмтылған қайсарлығы мен ішкі рухының мықтылығы, қажырлы еңбекпен өткен мағыналы өмірі жас буынға және жас отбасыларға үлгі-өнеге. Өз болашағының жарқын болуын ойлаған әрбір жас буынның өкілі бүгіннен бастап еңбек етіп, үлкен өмірге бейімделуі қажет.
Ер – егіз. Ал еңбексіз – жалғыз. Адамның шыңдалуына еңбектің әсері үлкен. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ осыны естен шығармаса деген тілегіміз бар…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close