Basty bet
Елдің қазығы – мемлекеттік тілді қадірлеу
Тәуелсіздік – кез келген халықтың ең асыл мұраты мен ата-бабалары аңсаған арманы. Егемен ел болудың басты белгілерінің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданыс аясының кеңдігі. Тіл – ұлттың жаны, рухани тірегі, тарихи жады.
Сондықтан мемлекеттік тілдің дамуы – тек мәдени мәселе ғана емес, елдің тұтастығы мен болашағына қатысты стратегиялық міндет екенін әр азамат білгені жөн.
Қазақстан үшін мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ол – ғасырлар бойы қалыптасқан бай мұраның, салт-дәстүрдің, ұлттық дүниетанымның айнасы. Қазақстан Республикасының Конституциясында 9 бапта нақты қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқындалған. Бұл – тілдің қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуына құқықтық негіз береді.
Күнделікті қызмет барысында мемлекеттік тілдің маңызы ерекше сезіледі. Заң талаптарын жүзеге асыру, азаматтардың құқықтарын қорғау, әділ шешім қабылдау – барлығы да түсінікті әрі сауатты тілде жүргізілгенде ғана өз нәтижесін береді.
Азамат мемлекеттік органдарға жүгінгенде өзінің ойын еркін жеткізіп, қабылданған шешімді толық түсініп шығуы тиіс. Бұл – құқықтық мемлекеттің басты қағидаларының бірі.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны ерекше. Құқықтық құжаттардың, сот актілерінің, іс жүргізу материалдарының мемлекеттік тілде дайындалуы – заң талабы ғана емес, тәуелсіздіктің айқын көрінісі. Тілге құрмет – елге құрмет. Егер біз өз тілімізде ресми құжаттар сөйлесе, онда мемлекетіміздің іргесі де берік болмақ.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі қазығы. Ол – бірліктің, тұрақтылықтың, әділдіктің тірегі. Біз мемлекеттік тілді дамыту арқылы мемлекетіміздің іргесін нығайтамыз, келешек ұрпаққа берік ел қалдырамыз. Тілді құрметтеу – әр азаматтың конституциялық әрі азаматтық борышы екенін атап өткім келеді.
Жуалы аудандық
сотының төрағасы
Бабырхан Абуев