Basty bet
Таңсық аспен қамтамасыз етуде
«Әйел – қырық шырақты» дейді халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да белсенді. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бақтары мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ.
Кәсіп адамның өзінің бейіміне, қабілетіне, ептілігіне сәйкес жүзеге асырылатын еңбек түрі. Ол үшін адамда ең алдымен әр іске деген ынтасы, нақты жоспарының болуы шарт. Қай өңірде тұрса да сол жердегі тұрғындардың қажеттілігін, сұранысын ескеру маңызды.
Күреңбел ауылдық округінде Қалипа Елепаева «Чикен орталығын» ашып, өз жұмысын жүргізуде. «Чикен» сөзі – тауық еті деген мағынаны білдіреді. Ол тез дайындалатын тағам, соңғы уақытта бұл өнімге сұраныс күн санап артып келеді. Замана көшіне қарай, соңғы кездері чикен орталықтары көптеп ашылуда. Бірақ, алыс ауылдан ашылуы көпшілікті ерекше қуантты.
«Елепай» жеке кәсіпкерлігі күн сайын ауыл тұрғындарының және көрші елдімекен жұртшылығының сұраныстарын орындап отыр. Өнімді тұрғындардың үйіне дейін жеткізіп беру мүмкіншілігі де ойластырылған. Өнім бұзылып бүлініп қаламауы үшін тоңазытқышта және мұздатқышта сақталады. Арнайы пісіретін пеші бар. Тез дайындалатын өнім электр желісінің көмегімен жылдам әзірленеді. Чикен өнімін ыстықтай алуға мүмкіндіктің туғанына ауыл тұрғындары дән риза.
Күнделікті шаруаның таза әрі сапалы жүруі оңай шаруа емес.
Келіні Мөлдір екеуі кезектесіп, чикенді әзірлеп, келген тұтынушыларға ыстықтай ұсынады. Отбасы мүшелері де кәсіптің жүруіне ықпал етуде. Отағасы Нұржан ауыл тұрғындарына және алыс ауылдарға жеткізілуін өзі қамтамасыз етіп отырады.
Қазіргі таңда кәсіпкер қыз-келіншектердің үлесі жыл санап өсуде. Мұндай жоғары көрсеткіштер әйел кәсіпкерлерлігінің дамуын көрсетеді. Ал, кейінгі жылдары шағын бизнес кәсіпорындарының 60 пайызын әйел азаматшалар басқарып отырған болатын. Мұндай көрсеткіш көңіл қуантарлық.
Түйіндей айтқанда, әйел – іскер, білікті басшы, әйел – жылулық, барша әлемге мейірім шашып тұратын шапағат шуағы. Оған қоса, қазіргі таңда осы нәзікжандылар қауымының қоғамдағы рөлін іскерлік және көшбасшылықпен етене байланыстырмаса болмайды. Өйткені, елдегі гендерлік саясаттың маңызды бөлігінде олардың алатын орнының айрықша екендігі белгілі. Бұл бағытта біз мақалаға арқау еткен кәсіпкер әйелдер өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына өзіндік үлесін қосып келеді. Осындай, жаста болса кәсіптің көзін таба білген, тұрғындар қажеттілігін орындай алатын жастар қатарының көбейюі қуантады. Мемлекеттен жастарға жасалатын жеңілдік түрлерін тиімді, ұтымды пайдаланудың маңызы зор. «Кәсібім – нәсібім» деп қарайтын кәсіпкерлер қатары көп болсын!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»