Basty bet
Жұмыссыз жастарға кеңес берілді
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Жастарды жұмыспен қамту жолы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Мансап орталығы» бірлесіп ұйымдастырды.
Жәрмеңкенің мақсаты – аудандағы жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, бағыт-бағдар беру, аудан жастарының жұмыссыздық деңгейін төмендету, жеке кәсібін ашатын, әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететіндер, жоғары және арнаулы орта оқу орнын бітіруші жастар, NEET санатындағы жастар мен пробация есебінде тұрған жастарға бағдар беру.
Шараға уақытша бос жүрген (NEET) жастар, жұмыссыз жастар мен аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған жастар қатысты.
Жәрмеңкені аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Сәбит Қадыров ашты. Ол өз сөзінде, жәрмеңкенің мақсатымен таныстырып, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып өтті.
Одан кейін әр округтен келген жұмыссыз жастар қызықтырған сұрақтарымен мамандарға қайырылды.
Жәрмеңкеге төрт мекемеден 48 бос жұмыс орны бойынша сұраныс келіп түскен.
Жастар «Мансап орталығының» бас мамандарына, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің маманына, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің маманына, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің мамандарына жүгінді. Сонымен қатар, «Жастарға кеңес» атты кеңес беру алаңында аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің экономикалық саясат секторының меңгерушісі Н.Сырлан сегіз жасқа кеңес берді. Ал, «Мансап орталығының» бас маманы Н.Тлесбаев 15 жасқа кеңес берсе, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» психолог маманы Н.Мақтабаева 12 жасқа кеңес берді. Ал, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» заңгер маманы Н.Ахметов «Жасыл ел» бағдарламасының аясында 10 жасқа кеңес берді.
Сонымен қатар, жәрмеңке барысында қажетті жұмыс орындарын таңдау, жастар тәжірибесінен өту, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға қатысу, өз кәсібін ашуда мемлекет тарапынан берілетін несиелер бойынша ақпараттар берілді.
Шара барысында «Мансап орталығының» мамандары «Жастар іс тәжірибесі» бағдарламасының аясында 50 мекемеден ұсыныс түскенін атап өтті. Сұраныс білдірген мекемелерге заңгер, агроном, мейірбике, фельдшер, есепші, бағдарламашы, ветеринар тағы да басқа мамандықты меңгерген жастардың қажет екені айтылды.
Аталған бағдарламаға бұрын болмаса екі-үш ай болса да жұмыс істеген жастар екінші рет қатыса алмайтындығы да баса айтылды.
Жалпы жәрмеңкенің нәтижесінде 16 жасқа бос жұмыс орындарына жолдама берілді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»