Basty bet
Ауданда құрылыс саласы жүйелі дамып келеді
Жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде Қазақстанда ең маңызды кәсіби мерекелердің бірі – Құрылысшылар күні аталып өтеді. Бұл – кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында еліміздің келбетін қалыптастырып, болашақ ұрпаққа қызмет ететін ғимараттар мен нысандарды тұрғызатын құрылысшылардың ерен еңбегіне көрсетілетін құрметтің белгісі.
Құрылысшы – еңбегі ел игілігіне айналатын, қоғам үшін аса маңызды мамандық иесі. Әрбір бой көтерген тұрғын үй, жаңа жол, мектеп, мәдениет үйі, спорт кешені немесе аурухана – құрылысшылардың маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Олар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Бүгінде құрылыс саласы заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдердің арқасында қарқынды дамып, ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Сондықтан бұл саланы таңдаған жастар үшін де болашағы зор, мүмкіндігі мол мамандық болып қала береді.
Бүгінде ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарды сапалы нысандармен қамтамасыз ету, суару жүйелерін жаңғырту және тұрғын үй құрылысын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы жұмыстардың барлығы құрылысшылардың, инженерлер мен сала мамандарының кәсіби әрі жауапты еңбегінің нәтижесі. Есепті кезеңде бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, жаңа құрылыс жобалары қарқынды жүргізіліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастамалар табысты іске асырылуда.
Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы айтулы жетістіктердің бірі – Көлбастау ауылында 149 орындық жаңа мәдениет үйінің пайдалануға берілуі болды. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысанның құрылысы толық аяқталып, 2026 жылдың 31 наурызында ел игілігіне берілді. Құрылыс жұмыстарын «Bekstroy 2010» ЖШС жүргізсе, техникалық қадағалауды «Аз и Мур Строй» ЖШС, ал жобалауды «Каз Центр Проект» ЖШС жүзеге асырды.
Сонымен қатар, Нұрлыкент ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы табысты аяқталып, 2026 жылдың 24 маусымында пайдалануға берілді. Жалпы құны 429 млн 778,2 мың теңгені құрайтын бұл нысан ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына кең мүмкіндік береді. Құрылыстың бас мердігері – «Компания Сырым Блеке» ЖШС. Техникалық қадағалауды «Тараз-Строй-Инжиниринг-2015» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «TCS Astana» ЖШС атқарды.
Аудандағы құрылыс жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда Көлтоған ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаны 2026 жылдың қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Бас мердігер – «Bekstroy 2010» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «BOSS СТРОЙ» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы – «Кантри М» ЖШС.
Өңірде ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру мақсатында суармалы жерлердің көлемін кеңейтуге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бақылауында жалпы ұзындығы 26,68 шақырымды құрайтын 1 577,6 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз ететін бес ірі ішкі шаруашылық каналының құрылысы жүргізілуде. Мәселен, Нұрлыкент ауылдық округінде орналасқан «№11 Көксай» ішкі шаруашылық каналының жалпы құны 344,016 млн теңгені құрайды. Ұзындығы 4,8 шақырым болатын канал пайдалануға берілгеннен кейін 500 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Жобаның мердігері – «ISKER BASTAU» ЖШС. Техникалық қадағалауды «Engineering supervision» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «Кантри-М» ЖШС жүзеге асыруда.
Ал, Қызыларық ауылында салынып жатқан «Көксай №10» каналының жалпы құны 269,435 млн теңгені құрайды. Ұзындығы 9,38 шақырым болатын бұл жоба іске асқанда 657 гектар суармалы жердің сумен қамтылуына мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын «ISKER BASTAU» ЖШС атқаруда. Техникалық қадағалау – «Engineering supervision» ЖШС, авторлық қадағалау – «АзияТурПроект» ЖШС. Сонымен қатар, Көкбастау ауылдық округіндегі «ГосФонд» каналының құрылысына 235,903 млн теңге қарастырылған. Ұзындығы 4 шақырым болатын канал 200 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етеді. Жобаны «ISKER BASTAU» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Техникалық қадағалаушы – «Engineering supervision» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Кантри-М» ЖШС. Одан бөлек, Шақпақ ауылдық округінде орналасқан «Теке Камал» каналының жалпы құны 201,449 млн теңгені құрайды. Ұзындығы 5,8 шақырым болатын каналдың іске қосылуы нәтижесінде 120,6 гектар суармалы жер айналымға қосылады. Құрылысты «Нұр Инвест Холдинг» ЖШС жүргізуде. Техникалық қадағалауды «Engineering supervision» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «АзияТурПроект» ЖШС қамтамасыз етуде.
Ал, Қызыларық ауылдық округіндегі «Көксай-2» каналының құрылысына 194,08 млн теңге бөлінген. Ұзындығы 2,7 шақырым болатын нысан 100 гектар суармалы жерді сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жобаның мердігері – «ISKER BASTAU» ЖШС. Техникалық қадағалаушы – «Engineering supervision» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Кантри-М» ЖШС.
Ауданда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1 959 азамат тіркелген. Азаматтарды баспанамен қамту мақсатында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Соның бірі – «Көктөбе» жаңа тұрғын алабындағы тұрғын үй құрылысы. Мұнда жалпы ауданы 1 260 шаршы метрді құрайтын бір қабатты, екі пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Аталған үйлерді ағымдағы жылдың тамыз айында сатып алып, кезектегі тұрған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама көптеген отбасының баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылында тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Қазіргі таңда мұнда 5 қабатты, 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын мердігер «ТемірБетонҒимаратТараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Аталған жобалар тұрғын үй қорын ұлғайтып қана қоймай, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға оң ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданда құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетіп, тұрғын үй құрылысы бойынша да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Есепті кезеңдегі көрсеткіштер ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының жоғары екенін айғақтайды. Қаңтар–маусым айлары аралығында ауданда орындалған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 5 млрд 426,134 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңіндегі нақты орындалған көлеммен (3 млрд 439,8 млн теңге) салыстырғанда 206,6 пайызға өсіп, құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Тұрғын үй құрылысы бағытында да оң динамика сақталды. Алғашқы жартыжылдықта пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 9 506 шаршы метрге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (9 367 шаршы метр) жоғары болып, жоспардың 101,3 пайызға орындалғанын білдіреді.
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта көрсету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша электронды қызметтерге деген сұраныс құрылымында бірқатар өзгерістер байқалды. Есепті кезеңде сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) беру қызметі бойынша 99 өтініш қаралды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 122 өтінішпен салыстырғанда 23 өтінішке немесе 18,9 пайызға төмендеді. Бұл өзгеріс құрылыс саласындағы өтініштердің құрылымы мен сұраныстың ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан.
Эскиздік жобаларды келісу қызметі бойынша да өтініштер саны азайды. 2025 жылдың алғашқы алты айында 112 өтініш мақұлданса, биылғы есепті кезеңде 89 қызмет көрсетілді. Нәтижесінде, көрсетілген қызмет көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23-ке немесе 20,5 пайызға төмен болды. Сонымен қатар, объектілерді бұзу (кәдеге жарату) бойынша мемлекеттік қызметке сұраныс айтарлықтай артты. Егер 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл бағытта бірде-бір өтініш тіркелмесе, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында 58 өтініш қаралып, олардың барлығы бойынша тиісті мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Ал, мекенжай беру немесе жою қызметі бойынша электрондық үкіметтің eGov.kz порталы арқылы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 92 өтініш қабылданды. Оның ішінде 62 өтініш қанағаттандырылып, мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 30 өтінішке заңнама талаптарына сәйкес негізді бас тарту берілді. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл қызмет бойынша 118 өтініш толық орындалған болатын. Нәтижесінде нақты көрсетілген қызмет саны өткен жылмен салыстырғанда 56-ға немесе 47,5 пайызға төмендеді.
Жалпы алғанда, ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту, құрылыс саласын дамыту және аграрлық сектордың әлеуетін арттыру бағытында жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Есепті кезеңде мәдениет пен спорт саласында жалпы құны 1 млрд 45 млн теңгеден асатын үш ірі әлеуметтік нысанның құрылысы үйлестіріліп, оның ішінде Көлбастау ауылындағы мәдениет үйі мен Нұрлыкент ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені белгіленген мерзімде пайдалануға берілді. Ал, Көлтоған ауылындағы спорт кешенінің құрылысы жоспарға сәйкес жүргізіліп, нысанды күз айларында ел игілігіне беру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жалпы құны 1 млрд 244 млн 883 мың теңгені құрайтын бес ірі ішкі шаруашылық каналының құрылысы қарқынды жалғасуда. Жалпы ұзындығы 26,68 шақырымды құрайтын бұл суару жүйелері толық іске қосылғаннан кейін 1 577,6 гектар суармалы алқап сапалы ағын сумен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, жаңа үлгідегі каналдардың бетонмен қапталуы судың жерге сіңіп, ысырап болуын едәуір азайтып, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсіп, тұрғын үй құрылысы бойынша да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстар жалғасып, тұрғындарға қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі арта түсті.
Алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуге, мердігер мекемелердің жауапкершілігін күшейтуге және бюджет қаражатының тиімді әрі ашық игерілуіне тұрақты бақылау жүргізілетін болады. Атқарылып жатқан кешенді жұмыстар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, ауданның тұрақты өркендеуіне берік негіз қалайды.
Нұрсұлтан Сауырбаев,
аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы