Basty bet
Мемлекеттік тіл – мемлекеттіліктің тұғыры
Тіл – әрбір халықтың жаны, тарихы мен мәдениетінің айнасы. Ұлттың болмысын, дүниетанымын, рухани құндылықтарын сақтап тұрған ең басты байлығы – ана тілі. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тек тіл мамандарының немесе белгілі бір мекеменің міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Бұл – халқымыздың тарихи арманы мен тәуелсіздігінің маңызды жетістігі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі заңмен айқындалғанымен, оның қоғамдағы нақты қолданысы әрбір азаматтың көзқарасы мен іс-әрекетіне байланысты.
Бүгінде елімізде мемлекеттік тілді дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекеттік мекемелерде құжат айналымы, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық қызмет көрсету салаларында қазақ тілінің қолданылу аясы кеңеюде. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де аз емес.
Әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың мемлекеттік тілде еркін ақпарат алуына, өтініштеріне қазақ тілінде толыққанды жауап берілуіне ерекше назар аудару қажет. Кейбір мекемелерде қазақ тілінде қызмет көрсету сапасы әлі де талапқа сай емес. Бұл мәселе заң талаптарын орындаумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің тілдік мәдениеті мен жауапкершілігін арттыруды қажет етеді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін құр ұран мен науқандық шаралар жеткіліксіз. Ең алдымен, қазақ тілінде сапалы білім беруді жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің тіл меңгеру деңгейін арттыру, заманауи ақпараттық технологиялар мен цифрлық платформалардағы қазақша контентті көбейту маңызды.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілге деген құрмет күнделікті өмірден көрініс табуы керек. Қоғамдық орындардағы ақпараттық жазбалар, жарнамалар, қызмет көрсету орындарындағы хабарландырулар мен ресми құжаттар сауатты әрі түсінікті қазақ тілінде болуы тиіс.
Тілге құрмет – тек қазақ ұлтының ғана емес, Қазақстанды ортақ Отаным деп санайтын барлық азаматтардың ортақ міндеті. Өйткені мемлекеттік тіл қоғамды біріктіретін, азаматтық тұтастықты нығайтатын маңызды фактор.
Бүгінгі ұрпаққа қазақ тілін үйрету ғана емес, оны ғылымның, технологияның, бизнестің, мемлекеттік басқарудың және қоғамдық өмірдің толыққанды тіліне айналдыруымыз қажет.
Мемлекеттік тілдің болашағы заңның орындалуымен ғана емес, қоғамның оған деген шынайы құрметімен өлшенеді. Әрбір азамат қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануды өзінің азаматтық парызы деп түсінгенде ғана тіл мәртебесі биіктей түседі.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің рухани тірегі. Оны құрметтеу – елді құрметтеу, дамыту – болашақ алдындағы жауапкершілік.
Жуалы аудандық сотының төрағасы м.а.
Айдарбек Замбаев