Basty bet
Полиция қызметкері – халықтың қорғаны
Елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр. Бүгінгі біздің мақаламыз еңбектің жалауын жықпай, тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалау үшін алтын уақытын сарп етіп жүрген учаскелік полиция инспекторы Ержан Саурықов жайлы болмақ.
Ішкі істер органының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген учаскелік инспекторы осы саланың ауыр жүгін арқалаған қара нары секілді. Қоқыс пен темекі тұқылын кез келген жерге тастап кететін көршілердің айқай-шуынан бастап, кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың қақ ортасында жүретін олар – әмбебап мамандар десек те болады. Қарауындағы үйлердің қақпасын қағып, әр отбасының сыры мен мұңына еріксіз куә болып жүретіндер де осылар.
Ақсай ауылдық округінің учаскелік полицейі Ержан Саурықов ауданға қарасты Шыңбұлақ ауылында 1985 жылы дүниеге келген. 2003 жылы аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы білім ордасын аяқтап, М.Х.Дулати атындағы жоғарғы оқу орнына «Құқықтану» факультетіне құжат тапсырады. Университет қабырғасында оқи жүріп, әскери кафедраны аяқтап, лейтенант шенін алады. Қиялындағы арманына жетуге қолындағы дипломы жол ашты. Осылайша, полицей болуды мақсат тұтқан азамат, арманына жетіп, жұмысқа орналасады.
Алғашқы еңбек жолын 2013 жылы ауданға қарасты полиция бөлімінде, учаскелік полицей лауазымынан бастайды. Жас маман берілген аймақтар бойынша, өзіне міндеттелген ережеге сай жұмыс жасайды. Жұмысының жеңіл еместігін жете түсінген Ержан Ермекбайұлы кәсіби шеберлігін жыл сайын арттырып, қырағылық пен жылдам әрекет етуді күнделікті жұмыста ойынан шығарған емес. Ішкі істер органы саласында 10 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бала кезден тәртіп сақшысы болуды алдына мақсат еткен ол бүгінде өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
-Мен полиция қызметінің қиындығы мен қызығы қатар жүретінін бала кезімнен білемін. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Елдің тыныштығы мен амандығын қалтқысыз қорғау – біздің азаматтық борышымыз. Мектеп қабырғасында жүргенде полиция қызметкерінің қызметіне қызыға қарайтын едім,- дейді Е.Саурықов.
Кейіпкеріміздің қызметте абыройлы болуы ата-анасының еңбегі. Отбасында нағыз ер азамат етіп тәрбиелегеннің арқасында бүгінде Ержан ұжымына сыйлы, жұмысы елеулі.
Өсіп-өнген жанұядан шыққан Ержан Альмира Ерланқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған жайы бар. Кейіпкеріміз қызметіне байланысты отбасының жанында болуға көп мүмкіндік болмаса да, бос уақыт бола қалса, оны бала тәрбиесіне арнауға тырысады.
Полицей болу – жауапкершілігі өте жоғары жұмыс. Алайда Ержан ұлдары болашақта әке жолын қуып, полицей болуды қаласа ұлдарына қарсылық білдірмейтінін жеткізді.
Қылмыспен күресіп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген полиция майоры Ержан Ермекбайұлы бүгінде Ақсай ауылдық округінің полиция пунктінің аға учаскелік полиция қызметкері. Осылайша аға учаскелік полиция инспекторы азаматтардың қауіпсіздігіне, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға өз құзіреті шегінде жемісті жұмыс атқарып келеді.
Ұлы Абайдың: «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деген өсиетін өз өмірімен үйлестіре білген азаматтың арманы өз саласының үздігіне айналу, мамандығының биік шыңына жету.
Қызметіне адалдығы, жұмыс барысында міндетін жетік орындап, қоғам алдында тынбай еңбектеніп жүрген полиция қызметкері Ержан Ермекбайұлы 2021 жылы Ішкі істер министрлігінің ІІ дәрежелі «Үздік медалі», ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған төсбелгімен, 2020 жылы Ішкі істер министрі Е.Тұрғынбаевтың Алғысхатымен марапатталған.
Біз түнде бейғам демалғанда, түн тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшылары қандай құрметке де лайық екені сөзсіз. Әсілінде, қоғамдық тыныштықты қорғау екінің бірінің қолынан келетін іс емес.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»