Basty bet

Робототехника – болашақтың бағдары

Робот – баршамызға мәлім «техника», «гаджет» терминдерінен тұрады. Қазіргі жаһандану, инновациялық жаңару заманында роботтардың алатын орны өте ерекше. Себебі, қазіргі кезең – роботтардың кезеңі. Робототехника – бұл адам іс-әрекетінің түрлі зияткерлік автоматтандырылған техникалық жүйелерді іске асыру үшін пайдаланылатын қолданбалы ғылым.
Роботтарды күнделікті өмірде, өндірісте пайдалану үшін қолданушылар роботты басқару біліміне, дағдыларына ие болуы керек. Сол үшін робот техникасына қызығушылық, базалық білім және дағды қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр.
Робототехникамен жұмыста инженерлік бағдарламаларды жасай алу, өз бетімен дербес бағдарламаларды құрастырып, оларды іске асыру басты назарға алынады. Жалпы бұл бағдарламаның өзектілігі – білім беру жүйесінде жаратылыстану ғылымы бағытында оқушылармен жұмыс істеу және оқушылардың ой-өрісін дамыта отырып, инженерлік ойлау негіздерінің алғышарттарын қалыптастыру. Бүгінгі таңда бұл білімді мектептегі информатика пәнінің мұғалімдері үйретуде.
Осы бағытта жеткен жетістіктері көп шәкірттердің бірі – А.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Нұрдәулет Бақтиярұлы. Ол мектепішілік жарыстар мен түрлі қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Бос уақытында футбол ойнаумен, бокспен шұғылданады. Нұрдәулет бесінші сыныптан бастап робототехникамен айналысып келеді. Аудандық жарыстан бірінші орынды, Тараз қаласында облыстық деңгейде бірінші, екіншіді орынды иеленіп, «ROBOTEK GRAND TOURNAMENT» республикалық турнирінің облыстық кезеңдерінде жүлделі орындармен марапатталды.
-Қызығушылығымды оятқан информатика пәнінің мұғалімі, ұстазым – Нұрлыхан Мейірхан. Осыған дейін жарыстарда түрлі роботтар құрастырып келдік. Робот құрастыру негізінен екі деңгейден тұрады: роботтарды құрастыру, негізгі бағдарламаларын құру болып табылады. Сыныптағы құрастырмалардың көмегімен кез келген пішіндегі роботтарды жасаймыз. Роботтардың әр түрін құрастыра отырып, шыдамдылыққа, терең ойлауға дағдыланамыз және әрбір жасалған жұмыстың нәтижесіне жетуге талпынамыз, – дейді Нұрдәулет.
– 2016 жылы мектебімізде IT сынып ашылды. Сол уақыттан бері жетекшілік етіп келемін. Жалпы ауданнан бастап, республика деңгейіне жетіп, жүлделі орындарды иеленіп келеміз. Робототехника негізгі үш бағытта жүреді: робототехника, 3D модельдеу, программалау. Былтырғы жылы 60-қа жуық баланы қамтыдық, алдағы уақытта бала санын көбейтеміз деген жоспар бар.
Роботтың адамға тигізетін пайдасы зор. Оны адам өзінің физикалық және ой еңбегін жеңілдету мақсатында ойлап тапқан. Біздің ағзамыз ыстық пен суыққа төзімсіз. Сондықтан да адамның жүруіне қауіпті жерлерде, жер асты, ай бетіндегі зерттеу жұмыстарында, адамның денсаулығына зиян келетін өндіріс орындарында, дәлдікті қажет ететін медицина, есептеу салаларында роботтың атқаратын қызметі ұшан-теңіз.
Мақсатымыз – робототехника құрал-жабдықтар көмегімен пайдалы дағдылар мен ғылыми-техникалық бағыттағы креативті шығармашылық ойлауды, сонымен қатар стандартты емес шешімдерді табу үшін ынталандыру және мотивациялық потенциалды жеке тұлға қалыптастыру,- дейді ұстазы Н.Мейірхан.

Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close