Basty bet
Ізгі жандардың мешітке сыйлығы
Диқан ауылының азаматтары өңірдің дамуына, гүлденіп көркеюіне үнемі бір кісідей атсалысып жақсы ниетте еңбек етіп келеді. Өткен бейсенбісінде ауыл тұрғындарының игілігіне арналған Диқан мешітінің кіре берісіне, өз қаражатына мәрмәр тастан Құран кітап жасатып, оның бетіне 2-ші сүренің 255-ші аяты яғни Аятүл күрси арабша және қазақ тілінде ойып жазылған. Салмағы 700 келі. Ол елге жанашыр мұсылман жандардың мұрындық болуымен орнатылды.
Игі бастама ауылдың жанашыры жеке кәсіпкер, Байтана бабаның ұрпағы Бақтан Шымырбайұлы және Дәулет Әбенов есімді азаматтардың ұйытқы болуымен жүзеге асты. Садыбай және Байтана бабалардың құрметіне және ауданның құрылғанына 95 жыл толуымен тұспа-тұс келген мерейтойына тарту етті.
Дәулет Әбенов 1951 жылы Қордай ауданының Отар стансасында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, Алматы қаласы мәслихатының V сайланым депутаты, «Құрмет» орденінің және «Алтын жүрек», «Сократ» сыйлықтарының иегері. «Сауап» қоғамдық-қайырымдылық қорының президенті.
Ол Алматы облысы Жамбыл ауданы Карасу ауылының (қазір Сарыбай би ауылы) төрінен, 1200 шаршы метр жерді гүлдендіріп, қоршап, Сарыбай биге мемориалдық кешен ашып, биіктігі 5,5 метр болатын бабаның толық тұлғасы кескінделген ескерткішін орнатып, келер ұрпаққа мәдени мұра қалдырды. Бүкіл Қазақстан бойынша 90 ескерткішті өз қаражатына орнатқан болатын. Өз қаражатына 75 Құран, үш мешіт салған, төрт мемориалдық кешен және т.б. көптеген қайырымдылық амалдарын жасап жүрген азамат.
Дәулет Тоғайұлы Д.А.Қонаевтың 100 жылдығына орай мемлекет қайраткерінің атынан бабаның әруағына арнап, үлкен ас беріп, Алматы қаласынан 2200 адам сыятындай мешітті 2018 жылы халық игілігіне ұсынды. Осындай игі бастамаларын қарапайым халық игілігі үшін атқарып жүрген азаматқа ауыл халқы, ақсақалдар алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Ақсай ауылдық округінің әкімі Мақсат Мәтен жиналған көпшіліктің игілігіне арналған жақсылықтардың, тың бастамалардың қуанышты жаңалықтардың болашақта көп болуын және ауылдың әрдайым көркейіп, дами беруін тілеп, сауапты іс жасап жүрген жанашыр, белсенді азаматтарға алғысын білдірді.
Шараға Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек және «Қайрат» мешітінің имамы Сауран Сарыпбеков осындай халық игілігіне арналған игі бастамалар, жақсы жаңалықтар көп болуын және айтылған құран жазбасындағы Аятүл күрсидің пайдасын, мағынасын тарихын көпшілікке түсіндірді. Аталған Аятүл күрсін шын жүректен оқыған адамға 40 мың сауап жазылатындығы да құранда айтылған.
Шапағаты мол күрсиді үнемі оқып жүргені абзал. Ол адам баласын түрлі бәле-жаладан, қауіп-қатерден, жамандық атаулыдан қорғап тұрады. Жиынның соңы ауыл тұрғындарына, дүниеден өткен ата-баба рухына арналған ақ дастарқан жайылып көпшіліктің ризашылығымен жалғасты. Осы орайда Диқан мешітінде 17 жыл имам болған марқұм Әлжапар Кемелұлының да еңбегін айтып өткен жөн болар. Ол мешіттің алға ілгерілеуіне, көпшілік жамағатқа пайдалы ілім-білімін, білгенін өз өмірін арнаған жан.
Осындай қадірлі құран жазбасы қойылған өңірде алдағы уақытта лайым тек жақсылықтар орын алып, толағай табыстарға кенелуді Жаратқан Ием нәсіп еткей!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»