Basty bet

Қазақстандық тұңғыш геологиялық универсиада

Қаратаудың баурайында 9 ЖОО студенттерінің басын қосқан республикалық маңызды іс-шара өтті

Биыл қазақ даласының ұлы перзенті геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Қаныш Имантайұлы – алгебрадан мектеп оқулығының алғашқы құрастырушысы, тұңғыш кәсіби тау-кен инженері, ғалым-геолог, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті, Қазақстандағы алғашқы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, отандық ғылымның негізін салушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері. Сондықтан ғалымның есімі қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылған.

Бұл мерейтой ғалымның бастамасымен құрылған әрі Қазақстандағы кәсіби және инженерлік білім берудің қайнар көзі атанған Тау-кен институтының негізінде құрылған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің  90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Ой-өрісі кең, ғылымның көптеген саласында энциклопедиялық білімі бар, ғылыми қызметті шебер ұйымдастырушы және алдыңғы қатарлы кадрларды тарта білетін адам ретінде Қ.Сәтбаевтың ұлылығы алдымен еліміздің интеллектуалды, ғылыми дамуына бағыт беруінде, қазақстандық қоғамды ағартушылықтан интеллектуалды ғылыми және кәсіби деңгейге көтеруінде. Қ.Сәтбаев басшылығымен жасалған қадамдар халықтың, жастар мен елдің бүгінгі инновациялық және ғылыми әлеуетінің іргетасын қалады.

Ғалым-геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің құрылғанына 90 жыл толуына орай тұңғыш рет студенттер арасында геологиялық универсиада ұйымдастырылды. «Сәтпаев-2024» деп аталған республикалық маңызды іс-шараның қасиетті Жуалы ауданының аумағында өтуі де жайдан жай емес. Олай болатыны, әйгілі Қаратау жотасының Билікөл аймағындағы Саясу шатқалында университеттің полигоны 50 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Универсиадаға Сәтбаев университетінің студенттерімен қатар, Атырау университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Каспий қоғамдық университеті, Назарбаев университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Қарағанды техникалық университеті, сонымен қатар, Семей геологиялық барлау колледжінің студенттері қатысып, өзара тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік алып отыр.

Геолог мамандардың арасында ұйымдастырылған тұңғыш қазақстандық универсиаданың ашылуы салтанатты жағдайда өтіп, оған жоғарыда аталған университет студенттерімен қатар, өндіріс жетекшілерінің құрамы және іс-шараның ресми демеушілері қатысып, сөз сөйледі. Айта кету керек, іс-шараның ресми демеушілерінің қатарында – «Қазақмыс Барлау» ЖШС, «ERG»,  «Казцинк» және «Казминералс», т.б. Қазақстанға белгілі компаниялар бар.

Алғаш болып құттықтау сөз сөйлеу құрметіне ие болған Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне қарасты Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры, Сәтбаев университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, PhD доктор, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, белгілі тау-кен инженері Асқар Сыздықов іс-шараның маңыздылығына ерекше тоқталды.

-Бүгін – тарихи сәт. Себебі, геолог мамандығымен білім алып жатқан студенттердің арасында универсиада тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттерді әйгілі Қаратаудың баурайына бекерден бекер жинап отырған жоқпыз. Бұл іс-шара – қазақ ғылымының мерекесі болуымен қатар, жас геологтарға да үлкен мүмкіндік жасалып отыр. Университеттің полигоны ретінде Қаратау жотасындағы Саясу шатқалы да бекер таңдалып отырған жоқ. Себебі, мұнда геологтар үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктер мол. Сондықтан біз осы аумақты таңдап алып отырмыз. Бұл өңірдің жер қыртысы мен жер бедері де зерттеу жұмыстарын жүргізуге өте қолайлы саналады. Бір аптаға созылатын универсиаданың барысында алыс-жақыннан осында келген студенттер өздеріне қажетті мәліметтерді жинастырып, белгіленген жұмыстарды нәтижелі атқарады деп сенемін. Іс-шараға шақырылған құрметті қонақтарға алғыс білдіре отырып, студент жастарға тек қана сәттілік тілеймін,- деді Асқар Хамзаұлы.

Сондай-ақ, шараның ашылуында сөз сөйлеген Жуалы аудандық мәслихатының төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, Билікөл ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Камбарбеков,  ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің геология комитетінің Жамбыл өңірлік геология инспекциясының жетекшісі Асқар Құндызов, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Жамбыл филиалының директоры Сұлтан Ақбердиев, геология мектебінің директоры Айтбек Ахматбеков және іс-шараның ұйымдастырушысы Тоғжан Абдуллаева универсиадаға қатысушы студенттердің жұмысына сәттілік тілеп, олардың геологиялық зерттеу бағытындағы ғылыми ізденістерінің жемісті болуына тілектестік білдірді.

Іс-шараның ашылуында ән орындалып, күй тартылды. Студенттер геологтардың Гимнін бірге орындап, универсиеттің туы салтанатпен ортаға әкелінді.

Иә, Қазақ ғылымының көш басында тұрған ғұлама ғалым, геолог, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының ұлы перзенті Қаныш Сәтбаевтың ұлт ғылымына қосқан үлесі мен мемлекет дамуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қ.Сәтбаев Қазақстан аумағындағы қаншама кен орындарын зерттеп, оны өндіріске енгізуге үлкен үлес қосты. Бүкіл саналы ғұмырын отандық ғылымның дамуына және зерттеу, барлау жұмыстарына арнаған ұлы ғалымның аты ешқашан өлмек емес. Ғалымның туғанына 125 жыл толуына орай елімізде кең көлемде атап өтіліп жатқан маңызды іс-шаралар осының айғағы.

Универсиаданың салтанатты ашылуынан кейін Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры Асқар Сыздықовпен әңгімелесудің сәті түсіп, біз айтулы ғалымнан іс-шараның маңыздылығымен қатар, мақсат-міндеттерін де сұрап білдік.

-Биыл екі бірдей маңызды атаулы дата қатар келіп отыр. Біріншісі – әйгілі геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отырса, екіншісі геолог ғалымның атындағы тарихы терең университеттің құрылғанына биыл 90 жыл толды. 90 жылдыққа орай 90 іс-шара өткізілу жоспарланса, оның бірі – қасиетті Әулиеата өңіріндегі Жуалы жерінде, қойнауы құтты қарт Қаратаудың баурайында өткізілу үстінде.

Университет полигонында студенттер жер қыртыстары мен минералдарды, т.б. пайдалы қазбаларды зерттеуге үлкен мүмкіндік алып отыр. Бұл жерде олар өндірістік тәжірибеден өту арқылы екінші курсқа дайын боп барады. Айта берсе, геолог мамандар үшін таптырмас орынның ерекшеліктері өте көп. Осында тәжірибе жинақтап, біршама тың ақпараттарға қаныққан студенттер болашақта жаңа кен орындарын ашуға атсалысатынына күмән жоқ.

Қарап отырсаңыз, әлемде мұнайдың да дәуірі аяқталып келеді. Тиісінше, энергия көздерін іздеу үшін жаңа кен орындарын ашудың қажеттілігі туындауда. Бұл маңызды мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да баса көңіл бөлуі бекер емес. Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында геология саласының дамуына баса назар аударып отыр. Бұл жайдан жай емес.

Сәтбаев университетінде ғылымның бір тармағы ретінде геология ғылымы терең оқытылады. Студенттер оқу үдерісінің барысында осындай өндірістік тәжірибелерден өткеннен кейін ғана инженер-геолог маман болып шығады. Геология ғылымына көңіл бөлудің маңыздылығы өте зор.

Университет қабырғасында ғылыммен айналысатын студент жастар үшін қолайлы жағдайлардың барлығы жасалу үстінде. Инфрақұрылым жүйелері жақсарды, онымен қоса, оқу орнының материалдық-техникалық базасы қайта жаңғыртылып отыр. Белгілі ғалым, профессор және академиктердің атында дәрісханалар ашылу үстінде. Мұның барлығы ғылымның дамуына жасалған қамқорлық. Тағы бір айта кетерлігі, АҚШ, Гонконг, Оңтүстік Корея және Германия мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы университеттерімен іскерлік байланыс орнату арқылы университеттен олардың филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Атқарылып жатқан басқа да жүйелі жұмыстар бар,- деп атап өтті белгілі тау-кен инженері Асқар Сыздықов.

Айта кететін болсақ, қарт Қаратаудың баурайындағы Саясу шатқалындағы Сәтбаев университетінің полигонында студент жастар геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге, тиісінше, отандық ғылымның дамуына үлес қосумен қатар, таяу болашақта жаңа кен орындарын ашуға да септігін тигізбек. Бұған қолайлы жағдайлардың барлығы бар. Студенттер мұнда уақытша тігілген шатырларда тұрып, бір апта бойы тау баурайында ғылыми жұмыстармен айналысады. Универсиадаға барлығы 9 жоғары оқу орнынан (ЖОО) 70 студент белсене қатысу үстінде.

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close