Basty bet
“Елге оралғаныма бақыттымын”
25 қазан – Республика күні. Бұл күн – егемендіктің, тәуелсіздік пен мемлекеттік құндылықтарымыздың айқын белгісі. Егемендігіміздің арқасында қаншама қандастарымыз елге оралды. Қаншама азаматтарымыз білім алып, білікті маман болып, біреуі ел басқарса, біреуі кәсіп бастап отыр. Оның ішінде білікті ұстаздар қатары да бар. Бұл – тәуелсіздігіміздің арқасы.
Ендеше, бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болатын, қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас ұрпақтың тәрбиесіне өз үлесін қосып жүрген, білікті ұстаз – Бақыт Сағындықова.
Бақыт апайдың әкесі Хамза Сағындық пен анасы Гүлсім Мазанбайқызы Кеңес үкіметі кезінде саясат пен ашаршылықтың салдарынан 1932 жылы Қытайға қоныс аударған. Кейіннен 1962 жылы Қытай мен Қазақстан шекарасы ашылып төрт баламен елге оралады. “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” демекші, Сағындықтар отбасы Қытай елінде Үрімшідегі хатшы қызметін, ал анам әйелдер комитетіндегі қызметін тастап, елге келеді. Әкесі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында почта қызметкері болып істейді.
-Ол кездері Қытаймен арақатынас қиын еді. Әкеме сұрау салып, әкемді Қытайдан жіберген тыңшы деп айыптайды. Тек 90 жылдардан кейін ғана бұл айыптан құтылдық. Бірақ, әкем сөзге шешен, сондай қайратты адам еді. Оның мысынан өзге адамдар тіке қарап бетіне сөйлей алмайтын. Бақуат тұрдық, – дейді ұстаз әкесі жайлы естелігінде.
Расында біз өз елімізде жүріп, елдің, жердің қадіріне дұрыс түсіне бермейміз. Шет елдерде жүріп, еліне жете алмай, туған жердің бір уыс топырағын аңсап кеткендер қаншама.
-Қазақстанға келгеннен кейін мен туылыппын. Әкем қуанып, сол себепті есімімді Бақыт деп қойды.
Әдебиет пен қазақ тілге деген жақындық маған әкем Хамза мен нағашы апам Гүлжамалдан берілді деп ойлаймын. Әкем 6-8 сағаттық жолда жырлар мен қиссаларды жеткенше айтып келгенін көргем. Ол кісі ақын болған, суырып салып, айтыспаса да, бірақ қазақтың қара өлеңінсіз сөз сөйлеген емес. Екеуі де қазақтың тілі мен салт-дәстүрлерін ерекше құрметтейтін. Әжем Гүлжамал түрлі айтыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленетін. Біз Ақсуатта тұрдық. Ақсуат – нағыз өлең-жырдың мекені ғой, – дейді ол.
Бақыт Хамзақызы қазіргі таңда №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ол ұстаздық қызметінен бөлек түрлі тақырыптарға өлеңдер жазады. Соның бірі – арнау өлеңдер. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай 2010 жылы «Бауыржан Момышұлының педагогикалық идеялары» аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциялық материалдары оқулық ретінде жарияланған. Сол оқулықтың ішінде Бақыт Хамзақызының Бауыржан Момышұлына арнаған арнау өлеңі жарияланған.
Сондай-ақ, Бақыт Хамзақызының келіндік өмір жолы да көпке үлгі бола алады.
Еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіргенін, еліміздің бай-қуатты мемлекет болғанын қаласақ, қазірден өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар, білім мен тәрбие беруміз қажет. Әсіресе, болашақ ұрпақтың бойына ел мен жерге деген махаббатты, патриоттылықты сіңіру маңызды. Ежелден халқымыз жас ұрпақтың тәрбиесін тек ата-анасына ғана артып қоймай, оған бүкіл дүйім ел болып атсалысқанын жақсы білеміз. Себебі, өскелең ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы.
Қорыта келе, Бақыт Сағындықова қазақтың ән мен жырын тыңдап өскен, өзі де өлең жазатын, көпке үлгі -өнеге болатын ұлағатты ұстаз.
Үміт МАДИЯРБЕК,
«Жаңа өмір»