Basty bet
«Лудоманияның» лаңынан аулақ болған жөн!
Бүгінде қоғамда құмар ойынға салынғандардың көбейгені соншалық, «лудомания» деген жаңа ауру түрі пайда болды. Лудоманияны термин түрінде қарайтын болсақ, «лудо – ойын», «мания – ессіздік», яғни «ойынға есі кету» дегенді білдіреді.
Бұл әлеуметтік дертпен күресті дер кезінде күшейтпесек, болашақты елестету тіпті қорқынышты. Өйткені, аталған мәселеге қатысты статистика қазірдің өзінде жантүршігерлік. Әсіресе, мұның ауысымдық қалашықтарда ушығып жатқаны жасырын емес.
«Лудомания» – адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатады. «Лудомандар» – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар (кеңселер) жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания қауіпті аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, отбасынан ажырап, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарға аталған дерттің зиянын барынша ұғындырудың маңызы зор. Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты да күйреуде. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойынның әсері бар. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 70 %-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады.
Сөз соңында құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жас көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын кеңге жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатуда. Қоғамдық дертті қоқысқа тастайтын уақыт жетті. Уақыт өткен сайын жастардың санасын улап, құрдымға түсіруде. Мәселені болашақ уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жастарды «аты жаман» дерттен сауықтырып, уақытты емшіге айналдыруымыз қажет!
Назерке Мақтабаева,
аудандық «Жастар ресурстық орталығының» психолог маманы