Basty bet

Іргелі ел болу үшін бізге бірлік керек!

Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаевтың Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Ең алдымен береке-бірлікті сақтау аса маңызды» деп атап өтілуі бекер емес. Ел болып ұйысып, іргелі ұлт болып қалу үшін ең алдымен біздің халқымызға мызғымас бірлік пен ырысты ынтымақ және ауызбіршілік керек. Осы тұста бұған қоса, Абай бабамыз айтқан: «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі – бос» деген ұлағатты сөзін де айтқым келіп отыр.
Халқымыздың жүріп өткен жолы мен бай тарихына тағы бір ой жүгіртіп, көз салатын болсақ, бұрынғы өткен би-шешен, өмірдің өлшемін дөп басып айтатын дана бабалардың тағылымын анық көреміз. Ел болу турасында Төле би бабаның айтқан мына сөзі: «Бетеге кетсе бел қалар, билер кетсе ел қалар, береке-ынтымақ кетсе нең қалар?!» дегені ұлт жадында үнемі жаңғырып тұрса игі. Арғы замандарда өзінің туған халқының жарқын болашағын ойлап, желмаяға мініп жерұйықты іздеген Асан қайғы баба: «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер? Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер? Береке-бірлігі жоқ елім қайтіп күн көрер?» дегені де ойда тұруы қажет. Ал тау халқында, жақсы қариясы жоқ елде ешқашан жақсы балалар өсіп-өнбейді делінсе, ал қазақ тағылымында «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» деген ұғым бар.
Бұл турасында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет десе, құрылтайда сөйлеген тағы бір сөзінде: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек» деп атап өтті.
Президент сөзі бізге әрқашан бағыт-бағдар болуға тиісті. Құнды пікірді қолдап-қуаттап, оның орындалуына жұрт болып күш салуға тиіспіз. Сөзімнің соңында бүкіл түркі жұртының қара шаңырағы болған Қазақстан Республикасы өсіп-өркендеп, дами берсін дегім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мен де біздің болашағымыз болған жастарға сенемін деп сөзімді аяқтаймын!

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы.
Ауданның Құрметті азаматы,
аудандық билер кеңесінің мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close