Basty bet

Әр тамшы судың артында қажырлы еңбек тұр

Жыл сайын 9 шілдеде елімізде Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. 2019 жылы кәсіби мерекелер тізбесіне енгізілген бұл күн – су ресурстарын қорғау, ирригация жүйесін дамыту, халық пен ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың қажырлы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі екені сөзсіз.
Су – адамзаттың ең қымбат байлығы. Қазақ халқы «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Әсіресе, тіршілігі ауыл шаруашылығымен біте қайнасқан Жуалы өңірі үшін судың маңызы ерекше. Егіннің бітік шығуы, халықтың әл-ауқатының артуы, табиғи тепе-теңдіктің сақталуы – барлығы суға тікелей байланысты. Сондықтан су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әрбір тамшы суды тиімді пайдалану бүгінде еліміздің стратегиялық міндетінің біріне айналған.
Соңғы жылдары әлемде климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну, мұздықтардың азаюы және трансшекаралық өзендердегі су көлемінің төмендеуі әлем елдерін алаңдатып отырғаны жасырын емес. Қазақстан үшін де бұл мәселе аса маңызды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беріп келеді.
Ел Президенті өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында су мәселесінің маңыздылығына бірнеше мәрте тоқталғаны белгілі. «Су қауіпсіздігі мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту – басты міндеттердің бірі» деді. Бұл ретте Мемлекет басшысы «Әрбір тамшы судың қадірін білуіміз керек. Су – сарқылатын ресурс. Сондықтан оны ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз қажет» деп, суды үнемдеу тек су шаруашылығы мамандарына ғана қатысты емес екенін тілге тиек етіп, оны барлық қоғамның ортақ жауапкершілігі санады.
Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде су саласын жаңғырту жұмыстары жаңа кезеңге қадам басты. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, саланы басқарудың жаңа жүйесі енгізілді. Бүгінде министрлік еліміз бойынша су қоймаларын жаңғырту, каналдарды қайта қалпына келтіру, гидротехникалық нысандарды жөндеу, су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

«Ақсай» өндірістік бөлімшесі – өңірдегі су шаруашылығының сенімді тірегі
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалына қарасты «Ақсай» өндірістік бөлімшесі өңірдегі су пайдаланушы шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді тасымалдау бағытында маңызды қызмет атқарады. Бөлімшенің негізгі міндеті – егістік алқаптарына су жеткізіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына үлес қосу.
«Ақсай» өндірістік бөлімшесі жалпы көлемі – 7 097 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Суару жұмыстары бірнеше суландыру жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Ақсай суландыру жүйесі арқылы – 1 990 гектар, Көксай суландыру жүйесі бойынша – 1 684 гектар, ал, Теріс суландыру жүйесі арқылы – 1 819 гектар жер суарылады. Сонымен қатар Күркүреусу суландыру жүйесіне қарасты алқаптар да тұрақты сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, Күркүреусу аумағында 854 гектар, Қара-тақыда – 520 гектар, ал Түмен-тамғада – 230 гектар жерге су жеткізіледі.
Өндірістік бөлімшенің жүйелі жұмысының нәтижесінде шаруашылықтар қажетті су көлемімен қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға қолайлы жағдай жасалуда. Су ресурстарын ұтымды пайдалану мен инфрақұрылымды тиімді басқару – бөлімше қызметінің басты бағыттарының бірі. «Ақсай» өндірістік бөлімшесі алдағы уақытта да суару жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, өңірдің аграрлық саласының дамуына өз үлесін қоса бермек.
Тәжірибе мен жауапкершілік тоғысқан ұжым
«Ақсай» өндірістік бөлімшесінде 43 қызметкер еңбек етеді. Ұжымның негізгі мақсаты – су пайдаланушы шаруашылықтарды сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етіп, суару жүйелерінің тұрақты жұмысын ұйымдастыру. Бөлімшенің табысты жұмысының негізінде өз ісіне адал, тәжірибелі мамандардың қажырлы еңбегі жатыр.
Бөлімше басшысы Дәулет Нұрабаев өзінің еңбек жолын осы мекемеде бастап, су шаруашылығы саласында 43 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Оның 22 жылын басшылық қызметте өткізіп, өндірістік бөлімшенің дамуына, суару жүйелерінің тиімді жұмыс істеуіне және саланың өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Көп жылғы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында бөлімше ұжымы өңірдегі суармалы алқаптарды тұрақты сумен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндеттерді абыроймен атқаруда.
Ұжымда ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар аз емес. Солардың қатарында инженер-гидротехник, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов, сондай-ақ өндірістік бөлімшенің білікті қызметкерлері Манас Нұрабаев, Ербол Қаңтарбаев және Жұмабек Сатаров бар. Олар көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, суару жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және жас мамандарды тәрбиелеуге атсалысуда.
Мекемеде үш гидротехник, екі канал басшысы, үш техник-гидротехник, 18 су реттеуші, есепші, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі инженері, механизаторлар мен басқа да қызметкерлер еңбек етеді. Аға буынның мол тәжірибесін жалғастырып келе жатқан жас мамандар Нұржан Қолаханов пен Рамазан Шоңғаров та кәсіби тұрғыда шыңдалып, ұжымның сенімді мамандарына айналуда.
Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын гидротехниктер мен су реттеушілер Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында оқу-тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында білімдерін жетілдіріп, жаңа технологиялар мен заманауи тәжірибелерді меңгереді.
Осы тұста бөлімше басшысы Дәулет Нұрабаевтың көп жылғы адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградасы «Құрмет» орденімен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Бірлігі бекем, ұйымшылдығы үлгі болған «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің ұжымы жыл сайынғы еңбегінің нәтижесінде облыстық деңгейде өткізілетін өндірістік көрсеткіштер қорытындысында І және ІІ орындарды иеленіп, өздерінің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігін дәлелдеуде.

Ақсай суландыру жүйесі – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының негізі
Ауыл шаруашылығының өнімділігі ең алдымен суармалы жерлердің жағдайына және су ресурстарының тиімді пайдаланылуына байланысты. Осы бағытта өңірдегі маңызды гидротехникалық нысандардың бірі – Ақсай суландыру жүйесі. 1979 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл жүйе егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының дамуына негіз болып отыр.
Ақсай суландыру жүйесінің бас құрылымы Б.Момышұлы ауылының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Ақсай өзенінен су алады. Бас құрылымнан басталатын Ақсай магистралды каналы бетон лотоктардан салынған. Каналдың жалпы ұзындығы 12,24 шақырымды құрайды, ал су өткізу қабілеті секундына 2,0 текше метрге тең.
Магистралды каналдан кейін тәуліктік су реттегіш (ТСР) орналасқан. Оның су жинау көлемі 50 мың текше метрді құрайды. Бұл нысан суармалы маусым кезінде суды тиімді реттеп, шаруаларға қажетті көлемде тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Тәуліктік су реттегіштен екі негізгі тармақ тарайды. Сол жақ тармақ Ақсай ауылдық округіне бағытталған. Ұзындығы 13,16 шақырым болатын бұл канал темір-бетоннан жасалған жер асты құбырлары арқылы жүргізілген және секундына 1,0 текше метр су өткізеді. Ал, оң жақ тармақ Көкбастау ауылдық округіне қарай бағытталған. Оның ұзындығы 14,889 шақырымды құрайды. Бұл тармақ та темір-бетон жер асты құбырларымен төселіп, су өткізу қабілеті секундына 1,0 текше метрді құрайды.
Соңғы жылдары Ақсай суландыру жүйесі арқылы су жеткізу жұмыстары ауа райының ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі мерзімде басталып келеді. Мәселен, 2024 жылы су жеткізу науқаны 10 маусымда басталса, 2025 жылы көктемнің қолайлы болуына байланысты жұмыстар 1 мамырда қолға алынған. Сол жылы 28 тамыздағы жағдай бойынша 74 шаруа қожалығы мекемемен су пайдалану жөнінде келісімшарт жасасқан.
Ал, биыл көктемгі жауын-шашын мөлшерінің көп болуына байланысты су жеткізу жұмыстары 5 маусымнан басталды. Соған қарамастан шаруалардың суға деген сұранысы жоғары болып, мекемемен 119 шаруа қожалығымен су пайдалану жөнінде келісімшарт жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетіп, Ақсай каналы арқылы су алу бойынша келісімшарт жасау жоспарының 153,3 пайызға орындалуына мүмкіндік берген.
Суару маусымына дайындық барысында Ақсай каналы бойындағы тәуліктік су реттегіш бассейнінің (ТСРБ) түбінде көп жылдар бойы жиналған лай мен тұнба толықтай тазартылған. Жүргізілген тазалау жұмыстары су өткізу қабілетін арттырып, судың үздіксіз әрі тиімді жеткізілуіне мүмкіндік беріп отыр.
Биыл Ақсай суландыру жүйесі арқылы шаруа қожалықтарына жалпы көлемі 1 659 740 текше метр су жеткізілген. Бұл көрсеткіш суармалы егіншілікті дамытуға, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға және шаруалардың еңбегінің нәтижелі болуына зор ықпал етуде.

Көксай суландыру жүйесі – заманауи технологияның игілігі
Өңірдегі суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Көксай суландыру жүйесі. Заманауи талаптарға сай салынған бұл нысан бүгінде мыңдаған гектар алқапты сумен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа Көксай каналының құрылысына мемлекет тарапынан жалпы 5,3 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2013 жылы басталып, 2015 жылдың соңында толық аяқталған. Канал жаңа инженерлік шешімдер негізінде темір құбырлар арқылы жер астымен жүргізіліп, су шығынын барынша азайтатын заманауи технологиялар қолданылған.
Канал бойында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелеріне арналған 18 су бөлу құдығы орнатылған. Ұзындығы 22,5 шақырымды құрайтын магистралды каналдың су өткізу қабілеті секундына 3,5 текше метрді құрайды. Жоба бойынша жүйе 3 500 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Оның ішінде 1 500 гектар алқап су үнемдейтін технологиялар – тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдануға бейімделген.
Көксай суландыру жүйесінің басты ерекшелігі – толық автоматтандырылған басқару жүйесі. Нысанға электр қуаты тартылып, суды реттеу процестері заманауи жабдықтар арқылы жүзеге асырылады. Бұл су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, адам еңбегін жеңілдетуге және пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік бермек.
Магистралды каналдан кейін екі негізгі тармаққа бөлінеді. Ұзындығы 14 шақырым болатын сол жақ тармақ жер арнасымен жүргізілген. Оның су өткізу қабілеті секундына 2,0 текше метрді құрайды. Осы тармақ арқылы Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары суармалы сумен қамтамасыз етіледі.
Ал, ұзындығы 5 шақырымдық оң жақ тармақ бетон лотоктармен салынған. Су өткізу қабілеті секундына 1,0 текше метр болатын бұл канал Ақтөбе ауылдық округіндегі егістік алқаптарына тіршілік нәрін жеткізеді.
Көксай суландыру жүйесінің тиімділігі жылдан-жылға артып келеді. Үстіміздегі жылы Көксай каналы арқылы су алу бойынша шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасау жоспары 127,1 пайызға орындалған.
Суару маусымына дайындық барысында Көксай каналының бас қондырғысы бассейнінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, бассейннің бетон жақтаулары мен түбіндегі бүлінген және ойылған бөліктері толықтай бетонмен қалпына келтірілген. Нәтижесінде, гидротехникалық нысанның сенімділігі артып, су жеткізу жұмыстарының қауіпсіз әрі тұрақты жүргізілуіне қолайлы жағдай жасалған.
Қазіргі таңда мекеме мен 91 шаруа қожалығы арасында су пайдалану жөнінде келісімшарт жасалған. Суару маусымы басталғалы Көксай суландыру жүйесі арқылы шаруаларға 3 068 930 текше метр су жеткізілген. Бұл көрсеткіш егістік алқаптарының уақтылы суарылып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Мамандардың айтуынша, су ресурстарын ұтымды пайдалану – ауыл шаруашылығының болашағын айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Көксай суландыру жүйесі тек инженерлік нысан ғана емес, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыратын стратегиялық жобаға айналып отыр.

Теріс суландыру жүйесі: егіннің берекесін арттырған арналар
Теріс суландыру жүйесіне қарасты Тихий және Таракул каналдары ондаған жылдар бойы өңірдегі суармалы егіншіліктің дамуына қызмет етіп келеді. Көп жылдан бері пайдаланылып келе жатқан бұл каналдар тұрақты жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарының нәтижесінде шаруаларды қажетті сумен қамтамасыз етіп отыр.
Тихий каналы – суармалы алқаптың сенімді тірегі. Тихий каналы 1948 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Жер арнасымен қазылып салынған каналдың ұзындығы 6,9 шақырым, ал су өткізу қабілеті секундына 1,0 текше метрді құрайды. Канал арқылы жалпы 639 гектар суармалы жер сумен қамтамасыз етіледі.
Осы каналдың суын «Гамбург» және «Қаратау» ЖШС пайдаланып, 390 гектар егістік алқапты жаңбырлатып суару технологиясы арқылы суландырып келеді.
Биыл мекемемен 9 шаруа қожалық су пайдалану жөнінде келісімшарт жасасқан. Бұл жоспардың 180 пайызға орындалғанын көрсетеді. Бүгінгі күнге дейін Тихий каналы арқылы шаруа қожалықтарына – 302 400 текше метр су жеткізілген.
Ал, Таракул каналы – тарихи арнаның бүгінгі тынысы саналады. Таракул каналы – Теріс суландыру жүйесіндегі ең көне гидротехникалық нысандардың бірі. Ол 1935 жылдан бері пайдаланылып келеді. Канал жер арнасымен қазылған, ұзындығы 7,5 шақырым, ал су өткізу қабілеті секундына 0,8 текше метрді құрайды. Каналдың суармалы жер көлемі – 392 гектар.
Каналдың техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 2021 жылы арнаға механикалық тазалау жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, нәтижесінде каналдың су өткізу мүмкіндігі жақсарып, шаруаларға суды тұрақты әрі сапалы жеткізуге жағдай жасалған.
Теріс суландыру жүйесіне қарасты Тихий мен Таракул каналдары қазіргі таңда ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына үлес қосып, диқандардың мол өнім алуына негіз болып отыр. Каналдардың техникалық жағдайын жақсарту, оларды уақтылы күтіп ұстау және су ресурстарын тиімді пайдалану жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Су – стратегиялық ресурс, оны үнемдеу – ортақ міндет
Бүгінде су ресурстарын тиімді пайдалану мен үнемдеу ауыл шаруашылығы саласының басты басымдықтарының біріне айналды. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және су тапшылығы жағдайында әрбір тамшы судың қадірі артып келеді. Су – тек табиғи байлық қана емес, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Сондықтан су қорын ұқыпты пайдалану, ысырапқа жол бермеу және заманауи су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта су шаруашылығы мамандары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие. Осы орайда, «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулет Нұрабаев су үнемдеу – бүгінгі күннің басты талабы екенін айтады.
– Су – халықтың ортақ байлығы. Сондықтан оны тиімді пайдалану – азаматтық борыш! Бүгінде біздің ұжым суармалы алқаптарды уақтылы сумен қамтамасыз ету, су ысырабына жол бермеу және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау, электронды келісімшарт жүйесін енгізу – осының нақты көрінісі. Жыл өткен сайын су тапшылығы айқын сезіліп келеді. Сондықтан су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабы. Шаруалар кезең-кезеңімен тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларына көшуі қажет. Бұл әдістер суды айтарлықтай үнемдеп қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аудан бойынша 365 гектар алқапта тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Әсіресе, Тихий каналы арқылы су алатын бірқатар шаруа қожалықтары осы заманауи суару жүйесіне көшіп жатыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті ұлғайту көзделуде. Барша су шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын,- дейді Дәулет Нұрабаев.
Судың әр тамшысы – елдің ырысы. Ал сол игілікті халыққа жеткізіп жүрген су шаруашылығы қызметкерлерінің адал еңбегі әрдайым құрметке лайық. Табиғат пен тіршіліктің арасын жалғаған сала мамандарының еселі еңбегі өңірдің өркендеуіне, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша үлес қоса бермек…

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close