Basty bet
Имандылық – мұсылман келбеті
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі.
Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына, мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген.
Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде Қызыларық ауылдық округінде назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидаларының, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған тәрізді.
Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, яғни, Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез.
Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда да имандылық – аса қастерлі, биік адамгершілік қасиет ретінде ұғынылады. Аллаға иман келтіргеннен кейінгі істің ең абзалы – адамдармен достасу. Алла тағаланың алдындағы қадірлі саналатын іс – жасы үлкен кісіні сыйлау, шын ықыласпен, әділдікпен, жақсылықпен айқын жол көрсеткенді құрметтеу.
«Иманды болу – барша мұсылманның міндеті». Бұл – қоғамға қажетті аса маңызды мәселе.
Айдос Бегалиев,
Қызыларық ауылдық округі әкімі
аппаратының бас маманы