Basty bet
Үлгілі әрі үздік қызметші
Қоғамның әр саласында бетегеден биік, жусаннан аласа еңбек етіп, тер төгіп жүрген нәзік жандылар баршылық. Соның бірі – мемлекет ісінде ұзақ жылдар жауапты қызмет атқарып, өзінің біліктілігімен ерекшеленіп қана қоймай, ауылдың жетістіктеріне айтарлықтай үлесін қосып жүрген Жетітөбе ауылдық округінің бас маман іс-қағаз жүргізушісі Күлжахан Зұлымқызы.
Ол 1964 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. 1982 жылы Омбы орта кәсіптік білім беру облысының «Омбы механика-технологиялық техникумы» бюджеттік білім беру мекемесінде технолог мамандығы бойынша білім алған.
Алғашқы еңбек жолын Тараз қаласында (бұрынғы Жамбыл) Жамбыл өнерпаз фабрикасында бақылаушы болып жұмыс бастаған. Жалпы еңбек өтілі 38 жыл, оның ішінде мемлекеттік қызметте 16 жыл бойы қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Қарапайым отбасынан шыққан Күлжахан Жорғатаеваның еңбекқорлық қасиеті ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыса керек. Әкесі Зұлпыхар саудагер болып еңбек еткен. Ал анасы Шолпан есепші болып қызмет атқарып, үй шаруашылығымен айналысып, үш перзенттің ардақты анасы атанған.
Күлжахан Зұлымқызы өз мамандығына ерекше ықыласпен қарайтын іскер жан, өз ісіне жауапты, адал, тиянақты, үнемі өзінің біліктілігін арттырып, ізденісте жүреді. Сонымен қатар, жоғары адамгершілік қасиет иесі ретінде ұжымда үлкен сый-құрметке ие. Ауылдың, ауданның барлық мамандарымен жақсы тіл табысып жұмыс атқаруда. Күлжахан Зұлымқызының ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Қызмет жүйесіндегі адал еңбегі және ауылды дамытуға қосқан үлесі үшін Алғысхаттармен және мақтау грамоталарымен марапатталған.
Бүгінде жолдасы марқұм Дүйсебек Жорғатаев екеуі төрт бала тәрбиелеп, 13 немере сүйіп отырған үлгілі отбасы.
Аяулы ана, іскер маман, бір отбасының ұйытқысы болып отырған Күлжахан Зұлымқызы халыққа қызмет көрсетудің ең қажетті де өзекті саласын дамыту мен жетілдіру ісінде көп жылдар бойы аянбай еңбек етіп келген жанның байыптылығы мен іскерлігі оның ел алдындағы беделін өсірді.
Еңбек жолында ешқандай тәртіптік жаза алмаған. Жас маманға тәлімгер болуға лайықты және толық мүмкіндігі бар.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын және еңбек тәртібін үнемі сақтайды. Қызметкерлер және азаматтармен қарым-қатынас орнату барысында сөйлеу этикасын, сондай-ақ, еңбек және орындаушылық тәртібін қатаң сақтайды.
Қоғамның мемлекеттік қызметке сенімінің қалыптасуына алдымен мемлекеттік қызметшінің рөлі ерекше. Мемлекеттік қызметшілер әкімшілік-құқықтық субъектілері ретінде қоғамдағы түрлі салаларда, атап айтқанда, экономика, әкімшілік-саяси басқару ісінде, мемлекеттілікті нығайту сияқты сұрақтарды шешуде аса маңызды орын алады. Демек, мемлекеттік қызметші қоғамның мүддесі мен құқығы үшін қоғамға әділ қызмет ететін тұлға.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»