Basty bet
Тұрғындар сүт бағасының төмендеуіне наразылық білдіруде
Жуалы ауданы – аграрлы өңір. Аудан тұрғындарының негізгі күнкөріс әрі табыс көзі төрт түлік мал өсірумен тікелей байланысты. Осыған сәйкес, шөбі шүйгін, суы мол қасиетті өңірде жыл санап малдың басы да өсіп келеді. Оның ішінде, 2023 жылдың соңындағы есепке сәйкес, қазір өңірде мүйізді ірі қараның басы 52 мың бастан асып отырса, ал оның ішінде, сауынды сиырдың басы 25 348 басты құрап отыр. Бұл тиісінше өңірде сүт кластерін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Қазір ауданда сүт өңдеп, одан түрлі өнімдер шығаратын тоғыз бірдей кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Осыған сәйкес аудандағы сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, зауыттардың жүктемесін арттыруға күш салу өте маңызды.
Біздің айтайын дегеніміз, сүттің бағасына қатысты мәселе. Соңғы екі жылдың көлемінде ауданда сүт бағасының төмендеуіне байланысты сүт өндірушілердің тарапынан наразылық жиі туындау үстінде. Мысалы, сүт өңдейтін кәсіпорындар 2021 жылы сүттің бір литрін 130 теңгеден қабылдаса, 2022 жылдың басында сүт бағасы 180 теңге болды. Ал сол жылдың тамыз айында баға 220 болса, қазан айында 240 теңгеге бір-ақ көтерілді. 2023 жылдың басында сүт бағасы 240 теңге болса, ал дәл қазір сүт өңдейтін кәсіпорындардың сүттің бір литрін қабылдау бағасы – 150 теңге болып бекітіліп отыр.
Қазір қыс айы. Сүттің де аз кезі. Дәл қазір сауынды сиырлардың барлығы қолда бағылуда. Оларды азықтандырып, сүтті молайтуға жұмсалатын күш пен жемшөптің шығынын да ұмытпау қажет. Демек, қолдағы сауынды сиырлардың әлі де толық төлдеп болмағанын ескерсек, дәл қазір сүттің бағасын төмен түсіруге әлі ерте. Оның үстіне, былтыр зауыт басшыларының сүттің қабылдау бағасын 150 теңгеден түсірмейміз деген уәдесі бар. Былтыр сүттің бағасына байланысты аудандық әкімшілікте өткізілген қорытынды жиында екі тараптың да өтініштері ескеріле келіп, сүттің бір литрінің (тұрғындардан қабылдау бағасы) 150 теңге болып бекітілген болатын. Ал биыл ақпан айының басында сүттің бағасы 130 теңгеге түсіріліп, 20 теңгеге арзандады. Осыған сәйкес, ауданға қарасты ауылдардағы сүт өндірушілер сүт бағасының төмен түсіп кетуіне байланысты өз наразылықтарын айтып, аталған мәселемен аудан әкіміне тағы да қайрылып отыр.
Кеше аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында өңірдегі сүт өндірушілер мен сүт өңдеуші кәсіпорын басшыларының қатысуымен сүт бағасының төмендеуіне байланысты жиналыс өтті. Оған аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан әкімінің орынбасарлары Рақымғазы Құниязов және Анар Ахметова қатысты. Жиынның алдында аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы және Қарасаз ауылының тұрғыны, сүт өндіруші Бибісара Жұлдызбекова «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның және жеке кәсіпкер Мұрат Нысанов басқаратын шағын сүт өңдеу зауытының сүт өнімдерінің бағаларымен танысты. Қазіргі таңда аталған сүт өңдеу кәсіпорындарында сүттің әр литрі 150 теңгеден қабылдану үстінде. Тиісінше, одан өндіріліп отырған дайын өнімдердің де бағалары әртүрлі. Мысалы, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның фирмалық дүкенінде сарымайдың бір келісі – 3 150, қатты ірімшік – 2 750, құрттың келісі – 2 250 теңгеден сатылу үстінде.
Сүт бағасының төмендеуіне қатысты өткізілген жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза аталған мәселеге байланысты өз пікірін былай білдірген болатын.
-Сүт бағасының төмендеуіне байланысты мәселеден хабардармын. Қазір бұл мәселенің әлеуметтік желіде қалай қызу талқыланып жатқанын да жақсы білемін. Бұл ең біріншіден сүт өндірушілер мен сүт өңдеушілердің арасындағы ортақ келісімнің бұзылуынан туындап отырған мәселе. Мұны осы жиынның барысында кеңінен талқылап, екі тарап та бір ортақ шешімге келеді деп ойлаймын. Қатты даурығудың қажеті жоқ. Мәселені ақылдаса отырып талқылап, бір мәмілеге келіңіздер.
Шын мәнінде қазіргі таңда жалпы елімізде сүт өңдеушілердің жағдайы өте ауыр. Өз елімізде өндірілген өнім сапасының шетелдік тауарлардан әлдеқайда жоғары болуына қарамастан сүт өнімдерін өткізуде бірқатар проблемалар туындап отыр. Олай дейтініміз, қазір нарықта сырттан әкелініп жатқан сүт өнімдерінің көлемі өте көп. Мысалы, Белоруссияда өндірілген өнімге 50 пайызға дейін, ал көршілес мемлекет Ресейдегі мемлекеттік қолдау 100 пайызға дейін жетіп отыр. Біздің ауданда туындап отырған сүт бағасына қатысты мәселе де сұраныс пен ұсыныстың арасындағы қарым-қатынасқа, нарыққа байланысты туындап отыр. Сондықтан туындаған мәселелерге ауылдағы сүт өндірушілер барынша түсіністікпен қарайды деп сенемін,- деді Жалғас Мұртаза.
Өңірдегі сүт өндірушілердің сүт өңдеу кәсіпорындары басшыларынан талап етіп отырған негізгі талабы – мүмкіндігінше сүттің бағасын төмен түсірмеу. Дегенмен, негізінен ауылдағы сүт өндірушілер өңірдегі сүт өндірісіне қатысты қалыптасып отырған жағдайды да дұрыс түсінуге тиісті. Ал кәсіпорын басшылары сүт бағасының төмендеуіне қатысты өз дәлелді уәждерін айтып жатса, ал оған қарсы тарап сүт өндірушілер сүт бағасын неғұрлым жоғары бағада тұрақты ұстап тұруын талап етуде.
Ресей, Белоруссия және Қырғыз Республикасынан осында сүт өнімдері ағылып келуде. Осыған байланысты жергілікті өнімге сұраныс азайып отыр. Сүттің қабылдау бағасының төмендегеніне және өнімдерді өткеру жайында жиынға қатысқан «Бурное сүт компаниясы» ЖШС, «Бурный ірімшік компаниясы», «Ақ мол», «Самурай» және «СМТС» ЖШС-ларының басшылары Сыбанбай Арынов, Әбдібек Пошқаев, Қуаныш Мешелов, Нұрбақыт Тілегенов және Лечи Оздамиров пікір білдірді.
-Жалпы еліміздегі сүт кластерінің төңірегіндегі мәселелер 2023 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловпен Үкімет деңгейінде талқыланғаны белгілі. Астанадағы жиынға аудан кәсіпорындары басшыларының атынан өзім барып қатысып, мәселенің мән-жайын баяндадым. Одан бөлек, биыл облыс басшысы Ербол Қарашөкеевтің жыл басында ауданға жұмыс сапары кезінде де сүт өнімдерін өткізуге қатысты мәселелер өңірдің өзекті мәселелерінің бірі ретінде айтылды. Дайын өнімдеріміз уақтылы өтпей жатыр. Соған байланысты былтыр зауыттың сүтшілер алдындағы қарызы бірнеше миллион теңгені құрап, біз оны әзер дегенде өтедік. Қазір мемлекет субсидияны да өндірген өнімге емес, өткерген өнімге береді. Осы жағы сүт өндіруші кәсіпорындарға өте ауыр тиіп отыр. Сүт зауыттары сүт бағасын осы сияқты нақты себептен де төмен түсіріп отыр,- дейді «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры С.Арынов.
Жиын барысында сөз алған сүт бағасының төмендеуіне наразы сүт өндірушілер сүт бағасының төмен болып қалыптасуына байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп, кәсіпорын басшыларының бұл шешіміне келіспейтіндіктерін жеткізді. Жиында қаралған мәселеге байланысты нақты шешім қабылданған жоқ. Сондай-ақ жиында сүт өңдеу кәсіпорындарының басшылары бизнесті дамыту үшін төмен пайызбен несие берілсе деген тілегін жеткізді. Одан бөлек, субсидия алудың жолдары туралы мәселелер айтылды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»