Basty bet

Тамшылатып суғару әдісі өнімділікті арттырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.

Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.
Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет» деп атап көрсетті.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суғару жүйесі. Бүгінде бірқатар шаруа қожалық осынау әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Соның бірі тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды. Есесіне егістіктен мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді. Алайда мамандар ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру керек дейді.
Біздің аудан аграрлы аудан болғандықтан, шаруа қожалықтың тең жартысынан астамы жер егумен айналысады. Олар заман көшінен қалмаудың тәсілін жасауда. Бірі жаңбырлатып, енді бірі тамшылатып суғару қондырғыларын орнату үстінде.
Осындай қожалықтың бірі Нұрлыкент ауылындағы «Ырыс береке» шаруа қожалығын айтуға болады. Шаруашылықтың құрылғанына көп бола қоймаған. Қожалық иелігінде 20 гектардай егістік жері бар. Қожалық иесі Бақтияр Қалыбеков отбасымен 2005 жылы көршілес мемлекет Өзбекстан Республикасынан Жуалы жеріне қоныс аударған. Міне содан бері олар қырыққабат егумен айналысып келеді.
-Ауыл тұрғындарының көбі егін егумен айналысады. Біз осында көшіп келген жылдары жерді жалға алып, оған қырыққабат ектік. Қырыққабаттың бухарест және пекин тұқымын отырғыздық. Олардың тұқымдарын Алматы және Шымкент қаласынан алып келіп, үй жағдайында жылыжайда өсіреміз. Жылыжайда өсіп, дайын болған көшеттер алқапқа отырғызылады. Бұл тірліктің барлығын отбасымызбен жасаймыз. Қырыққабат көшетін отырғызғаннан кейін оны арам шөптерден тазалап, суғарамыз, қолмен дәрі себеміз.
Бір күні көрші ауылдағы бір егістік жерді көрдім. Ол жердің иесі егінге тамшылатып суғару қондырғысын орнатыпты. Қарап шығып, иесінен құрал-жабдықтарды қайдан әкелгенін сұрастырып, неге мағанда осылай орнатып көрмеске деп шештім. Тамшылатып суғару қондырғысына керек құрал-жабдықтарды Шымкент қаласынан сатып алып келдім. Қазіргі таңда бұл құрылғыны екі гектар жерге қондырдым. Бір гектар жерге 500 мың теңге көлемінде қаражат кетеді. Бұл қондырғының пайдасы суды үнемдейсің, қырыққабатқа себетін дәріні осы арқылы жіберіп отыруға болады,- дейді қожалық басшысы Бақтияр Базарбекұлы.
Тамшылатып суғару қондырғысын орнату үшін алдымен егістікке шолу жасап, аумақты өлшеп, су алатын жерді белгілейсің. Әрі қарай қондырғыны орнатасың. Қазіргі таңда тамшылатып суғару технологиясының пайдасы зор. Бұл әдіс арқылы су ысырап болмайды. Әрі судың қажет жерге баруына, егінді ерте жинауға, мол өнім алуға септігін тигізуде. Тамшылатып суғару кезінде құбырдың бітелуінің алдын алу үшін арнайы сүзгілер қолданылады.
Тамшылатып суғару әдісінің өзіндік артықшылықтарымен қатар кемшіліктері болады. Артықшылығы – бұл жерде арамшөптер жиі шықпайды, басқа суғару түрлеріне қарағанда еңбек құны аз келеді және ең негізгісі суды жақсы үнемдейді. Ал кемшілігі – тамшылатып суғару жабдықтары дұрыс қадағаланбаса бітелуге алып келеді және құбырлар көбінесе бір жылға ғана жарайды.
Қазіргі таңда шет мемлекеттерде бұл әдісті көбіне жылыжайларда, аспалы бақтарда және тамшылап суғару – тамырға суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды біркелкі жеткізу үшін де қолданады екен. Өсімдіктерді суғару үшін құбырларды топырақтың астымен де, үстімен де жүргізуге болады.
Қожалық иесі Бақтияр Базарбекұлының тамшылатып суғару қондырғысын келесі жылы басқа егістік жерге де орнатсам деген жоспары бар. Оған қоса болашақта тек қана жермен емес мал шаруашылығымен де айналысу жоспарында бар екен.
Бүгінде бұл әдістің тиімділігін еліміздің шаруалары жақсы біледі. Осыған сәйкес, бұл жүйеге өтіп жатқандардың да саны көбейіп келеді. Тамшылатып суғару жүйесіне көшкен шаруалардың қатары күн санап арта берер болса, агросаласының жаңа белеске шығары анық.

Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close