Basty bet
Антыңа адал бол, жас сарбаз!
Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің барлық әскери гарнизондары мен бөлімшелерінде әскери Ант қабылдау рәсімі бір мезгілде өтті.
«Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің таулы-егерлік полкінде әскери міндетін өтеуге келген жас сарбаздар да әскери Ант қабылдап, Отанға және оның заңды сайланған Президентіне адал қызмет етуге ант берді.
Ант қабылдау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Жиынға шақырылған қонақтар мен ата-аналар саптық алаңның мінбе жағынан орын алып, рәсімнің өту барысын көруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ жиынға Ауған соғысының ардагерлері де қатысты.
Әскери бөлімнің жеке құрамы мен жас сарбаздар саптық алаңда сапқа тұрғызылғаннан кейін бөлімнің Жауынгерлік туы енгізілді.
– Түзел! Тік тұр! Адым бас!
Жиын бастығы, бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Б.Аманжол мен штаб бастығының міндетін уақытша атқарушы, майор И.Назаренконың баянатынан кейін бөлім командирі, подполковник А.Отыншынов сарбаздармен әскери тілмен сәлемдесіп, оларды Әскери ант қабылдау күнімен құттықтады.
Сонымен қатар, жас сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне Ауған соғысының ардагерлері қатысып, ҚР Қарулы күштерінің ардагері, аудан әкімінің бас инспекторы Бақыткүл Жексекеева аудан әкімі Жалғас Мұртазаның атынан құттықтады. Ол өз сөзінде, жас сарбаздарға жігер беріп, оларды еліміздің болашағы, Отанды қорғау жолында аянбай тер төгуге шақырды.
– Отан қорғау – өте абыройлы әрі жауапты іс. Сондықтан әрбіріңіз білім мен дағдыны табандылықпен меңгерулеріңіз керек. Атап айтқанда, жауынгерлік дағды мен әскери шеберлікті жетілдіріп, нағыз әскери маман болуларыңыз керек. Қасиетті антқа адал болыңыздар,– деп жас сарбаздар мен ата-аналарды әскери ант қабылдау күнімен құттықтап, олардың Отан алдындағы борыштарын жоғары деңгейде атқарып, отбасына абыроймен оралуларына тілектестік білдірді әскери бөлімнің командирі, подполковник А.Отыншынов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.
Рота және взвод командирлері әскери ант қабылдаушыларды кезекпен Ант қабылдауға шақырды. Әскерге шақырылғандар бір ай бойы жас сарбаз мектебінен өтіп, онда саптық және дене даярлығын үйреніп, жіптіктей болып ысылып, ширағаны байқалады. Жас сарбаздар әр адымын нағыз әскерилерше нық басып, взвод командирінің алдына келіп, тік тұра қалды. Қолына берілген әскери Ант жазылған кітапты алып, жатық, түсінікті тілмен оны оқи бастады.
Түннен бері аспан қою қара бұлтқа оранып, себелеп тұрған жауын да осы сәтте толастап, күннің көзі жарқырай көрініп, төңіректің бәрін нұрландырып жіберді.
– Мен бүгін немеремнің ант қабылдауының куәсі болайын деп, Түркістан облысы Бәйдібек ауданынан келдім,- дейді Арман Нұрболұлының атасы Дәуітбек Арыстанов. – Есейіп қалған Нұрболымды және оның жанындағы өзі қатарлас балаларды көріп қуанып тұрмын. Ұлдарымыз аз уақыттың ішінде есейіп, ақыл тоқтатқан сияқты. Немереме және оның қарулас достарына Отан алдындағы міндеттерін абыроймен атқарып, ата-аналарыңның үмітін ақтап, өздерінің тәрбиелі, білімді қайратты екендерін көрсетіп, кейінгі жастарға үлгі болуларыңа және аман-есен ауылға оралуларыңа тілектеспін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, – деп аталық ақ тілегін айтты.
Әр өңірден келген ата-аналар сөйлеп, аналық ақ тілегін жаудырса, ант қабылдаған жас сарбаздар Арман Нұрболұлы мен Олег Евгеньевич берген анттарына адал болып, Отаны мен халқының үмітін ақтайтынына сендірді.
Жиын барысында жас сарбаздар мен Ауған соғысының ардагерлері марапатталды.
Шара соңында таулы-қорықшылар қоян-қолтық күрестің элементтерін, қаруды қолдану арқылы саптық әдістерді көрсетіп, салтанатты шерумен жүріп өтті.
Әскери ант қабылдаған жас сарбаздар әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, машықтануда. Алдағы уақытта оларды жоғары жауынгерлік дайындық сабақтары мен оқу-жаттығулар, кәсіби дейгейлерін шыңдайтын жауапты кезең күтіп тұр. Жас сарбаздар бұл міндеттерді абыроймен еңсеретініне сенім мол.
Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жас сарбаздар екі күн бойы ата-аналарының жанында болып, олармен бірге сөйлесуге мүмкіндік алды.
Лаура Мұсабекова,
“Жаңа өмір”