Basty bet
Интернет желісінің даму жағдайымен танысты
Аптаның басында ауданымызда ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша Өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов және Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков болып, Бәйтерек ауылындағы мәдениет үйінде ауылдық округ әкімдерімен, тиісті бөлім басшыларымен және тұрғындармен кездесу өткізді.
Сондай-ақ, жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы, “Amanat” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков, аудандық мәслихаттың депутаттары және қоғам белсенділері қатысты.
Кездесуді аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Базарбайұлы ашып, сөз кезегін Ержан Дәулетұлына берді. Ол ауданға іссапары барысында өңір аумағындағы интернет желісінің даму жағдайымен танысқалы отырғанын жеткізді.
Жиын барысында Асхат Базарбайұлы ауданымызда орналасқан 49 елді мекеннің 10 елді мекенінде 4G, 23 елді мекенде 3G, 16 елді мекенде 2G мобильді интернетімен қамтылғанын айтып өтті. Сонымен қатар, жоғарыда аталған 10 елді мекен талшықты оптикалық байланыс желісімен және 10 елді мекен радиорелейлік байланыс желісімен қамтылып, 380 тұрғын үй қосылып отырған. Одан бөлек, 4G интернет желісімен қамтылған10 елді мекеннің өзінде байланыстың нашарлауы байқалып отырса, 3G және 2G интернет желісімен қамтылған 39 елді мекенде интернет жоқ деп санауға болады деген ресми мәлімет берді.
Одан кейін сұрақ-жауапқа кезек беріліп, алғашқы болып сөзді аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов алды. Ол Ақтөбе ауылдық округіндегі ахуалды айта келе, аймақтағы байланыстың нашарлығын жеткізді. Күркіреусу ауылында байланыс жоқ екенін және Жаңаталап ауылында байланыс нашар екенін де тілге тиек етті.
Ал, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы елді мекендегі мәселелері, тұрғындар интернетпен толық қамтамасыз етілмей отырғанын айтып, байланыстың үй ішінде дұрыс ұстамайтынының себебін сұрады.
Осы секілді аудандағы интернет пен байланыстың нашарлығы жиында тұрғындар тарапынан көптеп көтерілді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Kcell АҚ 2022 жылы жалпы 9 елді мекенді мобильді интернетпен қамтуды жоспарлап отырғаны жеткізілді. Оның ішінде, 8 елді мекенде 3G мобильді интернетпен қамту және жаңа базалық станса құру жоспарлануда, яғни, Талапты, Алатау, Көлтоған, Рысбек батыр, Қошқарата, Ақтасты, Диқан және Ақтөбе ауылдарында.
Одан бөлек, Қарабастау ауылын 4G мобильді интернетпен қамту және жаңа базалық стансасын құру жоспарлануда.
Аудан аумағындағы Қазақтелеком операторы тарапынан 49 елді мекенге интернет желісі тартылған. Оның ішінде Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Шақпақата, Қарасаз, Нұрлыкент, Бәйтерек, Теріс, Бақалы, Қарасаз ауылдары жоғары жылдамдықта интернетпен қамтамасыз етіліп отыр екен. Қазақтелеком мекемесінің мәліметі бойынша 8-10 мгб. Ал, қалған елді мекендер 512 кВит/с жылдамдықта, яғни орташа және төменгі жылдамдықта таралуда. Төрт жерде Шахан, Шақпақ, Қызыларық, Күйік асуларында базалық станциялар орнатылған.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін «Newtelсom» операторы тарапынан Көлбастау, Қайрат, Қарасаз, Нұрлыкент ауылдарына жалпы 250 үйге интернет желісі кіргізілген.
Kcell компаниясы интернет жылдамдығын күшейту мақсатында Қызтоған ауылында базалық станция орнатқан. Нәтижесінде Қошқарата және Рысбек батыр ауылдарындағы мобильді интернеттің жылдамдығы жақсарған. Сондай-ақ, бүгінгі таңда бұл станция Билікөл ауылдық округіндегі Жылыбұлақ ауылына орнатылған.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру басқармасының тарапынан «LC Commerce» (ЭлСи Коммерс) ЖШС-мен аудандағы Диқан, Талапты, Ақтөбе ауылдарына интернет станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жер телімі таңдалынып берілген, мердігер тарапынан бұл жұмыстар 2022 жылдың шілде айының аяғына дейін аяқтау жоспарланған деген ресми мәлімет те берілді.
Жиында сөз алған Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев Қарабастау ауылына орнататын 4G мобильді интернетін керісінше Әбдіқадыр ауылына орнатуды ұсынды.
Ал, Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев Транстелеком мекемесіне интернетті үйге орнату бағасын төмендетуді және жеңілдік жасауды сұрады. Аталған мекеменің өкілі қазіргі таңда бағаның өскенін, оны Kaspi red арқылы бөліп төлеуге болатынын айтып өтті.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаты аудандағы байланыстың нашарлығын тілге тиек етіп, олардың тарифтерінің бағаларын қадағалау тиістігін жеткізді. Бұл ойды көпшілік те бірден қолдады. Өйткені, ауданда қолайсыз ауа райы бола қалса, тиісті адамдармен, орындармен хабарласу мүмкін болмай қалады.
Жиында диқандықтардың жанайқайын Нұрлан Сармұрзин және Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Бақытжан Мұхтарқұлов жеткізіп, мәселені шешуді сұрады.
Бастысы, кездесуде қатысушылар денсаулық сақтау мекемелері мен білім ошақтарында қазіргі таңда интернеттің нашарлығын тілге тиек етіп, аталған мекемелерді жеке компанияларға бермей, оны бұрынғыша аудандағы Қазақтелеком мекемесіне өткізу керек десті.
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша Өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов және Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков жауап беріп, көтерілген мәселелерді назарға алды. Олар алдағы уақытта ауданда интернет пен байланыстың сапасын тексеру мақсатында арнайы техникалық құрам жүріп өтетінін, олар қай елді мекенде ахау бар екенін зерделейтінін айтып өтті. Сонымен қатар, аудан бойынша байланыс орталықтарының өкілдеріне алдағы уақытта атқаратын жоспарларын өткізуді тапсырды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»