Basty bet

Мақсат – кешенді іс-шаралар ұйымдастыру

“Аmanat” партиясының аудандық филиалында “Бақытты отбасы” партиялық жобасының аясында ардагерлермен еркін форматта кездесу болды.
Еркін форматта өткен кездесуде жас ұрпақ тәрбиесі жайлы жан-жақты әңгіме өрбіді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ең бірінші баланың мінезін қалыптастыру мәселесі жайлы ой қозғады.

-Абай атамыз айтқандай, жақсы мінез балаға ата-анасынан, жақсы ұстазынан, жақсы құрбы-достарынан, яғни ортасынан жұғады.
Біздің бала кезімізде үлкеннің, ата-ананың, ұстаздың сөзі біз үшін заң еді. Ал, үлкенді жүре тыңдайтын бүгінгі балаға не болды?!
Қазіргі таңда өкінішке қарай, ата-ананың көңілі де далада. Бала тәрбиесіне қатысты мәселеде кейбір ата-ана өзінің жауапкершілігінен қашып, мұғалімге жүктегісі келеді. Бұл – дұрыс емес. Ұстаз бен ата-ана бірігіп, бір-біріне көмектесуі керек.
Бұрын ҰБТ өткізуде түрлі айла-әрекетпен балаларымыз жоғары балл жинаушы еді. Соңғы жылдары ҰБТ өткізу жүйесі өзгергелі балалардың шынайы білімі көріне бастады. Көрсеткіш бірден төмендеп кетті. Осы орайда біздің мұғалімдеріміздің де білім деңгейі белгілі болды. Сондықтан әр тарап өзінің жауапкершілігін дұрыс сезінуі тиіс. Бізге білімді, мұғалім деген атқа лайықты педагогтар керек. Білімді мұғалімдер бізде мүлдем жоқ емес. Бірақ аз.
Қазір балалар ҰБТ-ға жақсы дайындалатын болды. Әр салада әділдік болса, қоғамдық бақылау күшейтілсе, көп мәселе біртіндеп шешімін табар еді.
Бала тәрбиесіндегі маңызды мәселелердің бірі – әлеуметтік мәселе, тұрмыстық жағдайдың төмендігі. Бізде әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз немесе балаға қарауға мүмкіндігі жоқ, сыртта немесе күндіз-түні жұмыста жүрген ата-аналар бар. Осындай отбасыларға мемлекет тарапынан да, халық тарапынан да жан-жақты қолдау, көмек керек.
Сонымен бірге биологиялық факторға аса мән беру керек. Аурухана мен мектеп бірігіп балалардың мінез-құлқын бақылап, биологиялық факторына мән берсе, көп келеңсіздіктің алдын алуға болады,- деді Сейітхан Шерелханұлы.
Кездесуді жүргізіп отырған “Аmanat” партиясы аудандық филиалының атқарушы төрағасы Марат Нарымбеков өз ой-пікірімен бөлісті.
-Бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп білгеніміздей, үстіміздегі жылы наурыз айынан бастап қоғамдық орында балағат сөздер айтқандар жаңа түзетулерге сәйкес, айыппұл 69 000 теңге болып, ал қамауға алу 5 күннен 30 тәулікке дейін ұзартылды. Меніңше, осындай шектеу әлеуметтік желіге де керек. Себебі, әлеуметтік желіде, әсіресе tik-tok әлеуметтік желісінде балағат сөздермен түрлі видеолар түсіріп, оны желіге жүктейтіндер өте көп. Оны көрген бала бірден қағып алады. Сол себептен мемлекет тарапынан шектеу қажет.
Бала тәрбиесі туралы тағы бір ерекше айтып өтетін мәселе мектептерге білімді, тәжірибелі психологтар керек. Және психологтардың жұмысын реттеу қажет,- деді Марат Аманғалиұлы.
Ардагер Кемелбек Дәуренов сөзін Бауыржан Момышұлының бала тәрбиесі туралы сөзімен бастады.
“Халық қаһарманы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлы: “Мен үш нәрседен қорқамын: біріншіден, баласына бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр болама деп қорқамын” деген. Бала тәрбиесінде ата-ананың, әсіресе ананың рөлі жоғары.
Қазіргі қоғамда балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі төмен. Біздің бала кезімізде бос уақыт деген болмаушы еді. Сабақтан келе салысымен мектепке қайта барамыз. Түрлі үйірмеге, іс-шараларға қатысамыз. Арасында кітапханаға барып, кітап алып оқимыз. Мұның бәрі біз үшін қызықты еді әрі дамуымызға көп әсер етті. Қазір балалардың бос уақыты көп. Кітап, газет-журнал оқымайды. Түнімен көшеде жүретін жастар да көп. Осының бәрі балаға ата-ана, мектеп тарапынан бақылаудың аздығының салдары,- деді ардагер.
Ал, Билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов ақсақал замандастарын бала тәрбиесіне тамшыдай болса да үлес қосуға, жаңа Қазақстанға қызмет етуге шақырды. Еліміздің тұтқасы, келешегі жастардың білімі, тәрбиесі қандай болса, еліміздің ертеңі де сондай болмақ. Сондықтан мектеп пен ата-ана, қоғам болып бірігіп жұмыс істеуіміз керек деген пікірін жеткізді.
Аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев жастарға патриоттық тәрбие беруді мықтап қолға алу керек, біздің жастық шағымызда әскерге бару міндет саналатын, қазір олай ойлайтындар өте сирек. Жалпы барлық салаға реформа керек, билікке саналы, білімді жастарды тарту қажет. Сонда ғана оң өзгерістер болады деген пікірімен бөлісті.
“Дүниежүзі қазақтары” қауымдастығы бірлестігінің төрағасы Шора Искаков қария: “Жас ұрпаққа тәрбиелік мәні бар мәдени, спорттық түрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылса. Ауылдық округтердегі жастар ісінің нұсқаушылары мен спорт нұсқаушыларының жұмысын ширату керек. Кейбір ауылда тіпті жастар ісінің нұсқаушысы, спорт нұсқаушысы барын ауыл жастары білмейді де. Олар ауыл жастарының бос уақытын ұтымды ұйымдастыруы керек. Оларды қадағалаушы мекемелер сапалы жұмысты талап ету тиіс”,- деді. Осы орайда Сейітхан Шерелханұлы қазір жұмыс істеуге мүмкіндік көп, бірақ ұйымдастырушы қызықтыра алмайды, баланы қызықтырса, бала бәрін жасайды деген пікірімен толықтырып өтті.
Сөзін түйіндеген Марат Аманғалиұлы теледидарда, әсіресе балаларға арналған “Балапан” телеарнасында баланың танымын кеңейтетін, сапалы, баланы қызықтыратын, бәсекеге қабілетті дүниелер көбірек ұсынылса. Өкінішке қарай, қазір қаржыны игеру мақсатында жекелеген компаниялар идеологиялық тұрғыда сапасыз дүниелерді дайындап, балаларға ұсынуда. Оның сапасына көңіл бөлініп жатқан жоқ” деді.
Кездесуге сонымен бірге аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен білім бөлімінің жауапты мамандары қатысты. Партияның ондағы мақсаты – кездесудегі ой-пікірлерді ескере отырып, бірлесіп кешенді рухани іс-шаралар ұйымдастыру.
Кездесу соңынан Марат Нарымбеков партияның рухани даму картасының сапалы жүзеге асуына ерекше үлес қосқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызына Партия төрағасы Ерлан Қошановтың Құрмет грамотасын тапсырды.
Тілші түйіні: Жас ұрпақ тәрбиесі – маңызды әрі күрделі мәселе. Бүгінгі қоғамда тәрбие мәселесін босаңсытып алуымыздың салдарынан көптеген келеңсіз жағдайлар орын алуда.
Баланың жақсысы – ата-ананың ары, абыройы ғана емес, бір ұлттың сол мемлекеттің ұяты, беделі. Ал, оспадар тәрбие көрген ұрпақ ата-ананың да, мемлекет пен ұлттың да қайғысы, соры, қоғамның бақытсыздығы, жарасы болмақ. Сондықтан тәрбие мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Алайда бала тәрбиелеу деген – шындап келгенде өзіңді тәрбиелеу. Әрбіріміз өзіміздің табиғатымызға сай, сөзіміз бен ісіміз бір жерден шыға білетін жан болғанда ғана жас ұрпаққа үлгі боламыз.
Барлық бақытсыздықтың бастауында санасыздық, ойланбау, ғибрат алмау тұр… Сондықтан әрбір саналы адам ойланудан алыстатын құбылыстардан қауіптену керек. Әлеуметтік желідегі жарқ-жұрқ еткен дүниелерді көре берген адам ұзақ ойлануға ерінеді, терең пайымдауға кіре алмай қиналады… Сол себептен жүрекке түсіретін дән аз болса да сапалы болуы үшін ішкі сүзгіміз мықты болуы керек. Жас ұрпақтың келешегі үшін осы мәселеге де қатты мән беруге тиіспіз.
Сонымен қатар кездесуде айтылған ой-пікірлер ескеріліп, кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып, жас ұрпақтың игілігіне жараса деген тілектеміз.

Таңдаулы материалдар

Close