Basty bet

Сот арқылы қорғалуға құқықтары мен бостандықтарын іске асыру

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының N91 Заңына 2005 жылғы 28 қарашада қол қойылды.
Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактi (Нью-Йорк,1966 ж.16 желтоқсан).
Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған қағидаттарға сәйкес, адам баласы отбасының барлық мүшелерiне тән қадiр-қасиетiн, олардың құқықтарының теңдiгi мен ажырамастығын тану – бостандықтың, әдiлдiктiң және жалпыға бірдей бейбiтшiлiктiң негiзi болып табылатынын назарға ала отырып, бұл құқықтар адам баласына тән қадiр-қасиеттен туындайтындығын тани отырып, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша мемлекеттер адам құқықтары мен бостандықтары жалпыға бірдей құрметтелуiн және сақталуын көтермелеп отыруға мiндеттi екендiктерiне назар аудара отырып, әрбір жеке адам, басқа адамдарға және өзi мүшесi болып саналатын ұжымға қатысты мiндеттерi бола отырып, осы Пактiде танылған құқықтарды көтермелеуге және сақтауға қол жеткізуi тиiс екендiгiне назар аудара отырып, төмендегi баптар туралы келiстi.
Барлық халықтар өзiнiң мемлекеттік құрылысын өздерi шешуге құқылы. Осы құқық бойынша олар өз елiнiң саяси мәртебесiн еркiн белгiлеп, оның экономикалық, әлеуметтiк және мәдени дамуын еркiн түрде қамтамасыз етедi.
Осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң бәрi, соның iшiнде өзiн-өзi басқарушы емес және қамқорлығындағы аумақтарды басқаруда жауапты мемлекеттер де, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерiне сәйкес, мемлекеттік құрылысын өзi шешу құқығын жүзеге асыруын көтермелеуге және ондай құқықты құрметтеуге тиiс.
Аталған Конвенцияның 9 бабына сай, әрбір адамның бостандыққа және жеке басының өмiрiне қол сұғылмауына құқығы бар. Ешкiм де ерiксіз қамауда немесе тұтқында ұсталуға тиiс емес. Әркiм өз бостандығынан тек қана заң негiзiнде және сол заңда белгiленген процедураға сәйкес айырылуы мүмкiн.
Қамауға алынған әрбір адамға қамалған кезiнде оның қамауға алынған себептерi мен өзiне тағылған кез келген айып жедел түрде хабарланады.
Қамауға алынған немесе қылмыстық айыптау бойынша ұсталған әрбір адам судьяның немесе заң бойынша сот билiгiн жүзеге асыру құқығы бар және ақылға қонымды уақыт iшiнде iстi сотта қарауға немесе босатуға құзыретi бар басқа лауазымды адамның алдына жедел жеткiзiлуi тиiс. Сотта iсi қаралуын күтiп отырған адамдарды тұтқында ұстау жалпыға бірдей тәртiп болып саналмауы тиiс, бірақ босату – сотқа кел, сотта iсiнiң қаралуының қай сатысында болмасын келу, керектi жағдайда үкiм орындалу кезiне келу кепiлдігі берiлсе ғана жүзеге асырылады.
Қамау немесе тұтқында ұстау арқылы бас бостандығынан айрылған әрбір адамның, оның ұсталуының заңды-заңсыз екендiгi туралы сот кiдiртпей қаулы шығарып және ұсталуы заңсыз болған күнде оны босату туралы бұйрық беру үшiн iсi сотта қаралуына құқығы бар.
Аталған Конвенцияның 10 бабына сай, бас бостандықтарынан айрылған барлық адамдар өздерiне деген адамгершiлiктi көзқарасқа және адам баласына тән қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқылы.
Айыпкерлер ерекше жағдай тумаған күнде сотталушылардан жеке орналастырылады және оларға жеке, сотталмаған адамдардың мәртебесiне сай, режим берiледi.
Кәмелетке толмаған айыпкерлер, кәмелетке толған айыпкерлерден бөлек ұсталады және өте қысқа мерзiм iшiнде, шешiм шығарылуы үшiн, сотқа жеткiзiледi.
Тұтқындарға, пенитенциарлық жүйе бойынша, олардың түзелуiн және оларға әлеуметтiк қайта тәрбие берудi маңызды мақсат тұтатын режим қарастырылады. Кәмелетке жасы толмаған құқық бұзушылар кәмелетке жасы толған құқық бұзушылардан бөлек ұсталады және оларға өздерiнiң жасы мен құқықтық мәртебесiне сай режим берiледi.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты байлығы адам және оның өмірі. Бұл қағида Конституциямен бекітіліп, 14-бапта жұрттың бәрінің сот пен заң алдында теңдігіне кепілдік берілген. Яғни, әрбір азамат өз құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғап, істің әділ және ашық қаралуын талап етуге құқылы.
Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысты айтар болсақ, адам өзінің нұқсан келтірілген құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін қорғауда Азаматтық процестік кодекс тәртібімен сотқа жүгінеді. Айта кетерлігі, заңда дауды сотқа дейін реттеу тәртібі белгіленсе немесе шартта көзделсе, сотқа осы тәртіп сақталғаннан кейін ғана барады.
Соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды. Бұл норма аталған Кодекстің 11-бабымен нақтыланған. Егер талап қоюды қамтамасыз ету керек болса, мұндай мақсатта мүлікке тыйым салу осы Кодексте көзделген негіздер бойынша жүргізіледі. Сотта іс ешкімнің араласуынсыз, яғни, ықпал етуінсіз тек заң нормалары аясында қарап шешіледі.
Сот ісін жүргізуде ешкімге артықшылық берілмейді. Ұлты, әлеуметтік жағдайы, тілі, діні, наным-сенімі, тағы басқа жағдайлар бойынша кемсітіп-кемітуге болмайды. Осы тұста тілге қатысты айта кетсек, АПК-нің 14-бабында көрсетілгендей, азаматтық сот ісін жүргізу сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Тараптар іс сот талқылауына дайындалып жатқан кезде жазбаша өтінішхатпен сот ісін жүргізу тілін өзгерте алады. Бұл үшін сот ұйғарымы шығарылады. Бұған қоса тараптар аудармашының ақысыз қызметін пайдалану құқығына ие. Осының өзі біздің елімізде азаматтар құқығының сотта жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етудің жарқын көрінісі.
Азаматтық істерді талқылау барлық сот сатыларында ашық жүргізіліп, сот актілері жария түрде хабарланады. Жабық сот отырысы 19-баптың 2-тармақшасымен көзделген жағдайларда өтеді.
Тараптар өз ұстанымдарын тең жағдайда қорғайды. Судья олардың істің мән-жайын толық және нақты зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруларына қажетті жағдайлар жасап, іске қатысушыларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Сондай-ақ, процестік әрекеттерді жасау не жасамаудың салдарларын ескертеді. АПК-да көзделген жағдайларда құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Әрі ол тараптың уәжді өтінішхатымен немесе өзінің бастамасымен іс материалдарын жинап-зерттеу, тараптар дәлелдерінің негізділігі және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің анықтығын тексеру үшін шаралар қабылдап, азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Сотқа өкілі арқылы жүгінуге болатынын да айта кеткен жөн. Яғни, кез келген адам АПК-нің 57-бабына сәйкес өз істерін сотта жеке өзі немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы.
Заңды күшіне енген сот актілерінің орындау кімге болса да міндет. Оларды орындамау, сотқа құрмет көрсетпеу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеледі.
Адамның құқығын бұзылғанын немесе бұзылмағанын заң жүзінде анықтап, үкім шығаратын құзіретті орган болғандықтан соттың рөлі аса зор. Осыған орай, салада жұмысында жүйелі реформалар жасалуда. Мұндағы басты мақсат – сот процестерін оңтайландырып, артық бюрократиялық рәсімдерден арылту және озық ақпараттық технологияларды енгізу арқылы азаматтар құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің әділ қорғалуына қолайлы жағдай жасау, бұл тұрғыдағы қызмет сапасын жақсарту болатын.
Қазіргі уақытта межеленген мақсат-міндеттер орындалуда деуге толық негіз бар. Мысалы, азаматтар құқықтарын сотқа келмей-ақ қашықтықтан, яғни, онлайн сот отырыстары арқылы қорғауда.
Азаматтық іс жүргізуге енгізіліп жатқан жаңалықтар азаматтар құқығы мен заңды мүддесін тиімді қорғаудың кепілі. Сондықтан, заңды құрметтеп, оның талаптарын мүлтіксіз орындау әрбір адамға міндет.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын атқарушы биліктің заңсыз әрекеттерінен қорғауға кепілдік етеді. Аталған кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері, оларды жүзеге асыратын қатынастар, сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібіне келетін болсақ, тараптарға тең мүмкіндік жасалады.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісі заңдылық, әділдік, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, құқықтар басымдығы, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, анықтық презумпциясы, соттың белсенді рөлі әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі қағидаттары негізінде жүргізіледі.
Заңдылық қағидатына сай, әкімшілік орган мен лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде сондай-ақ, осы кодекстегі және өзге де нормативтік-құқықтық актілер талаптарымен жүзеге асырады. Ал соттар бұл тұрғыда Ата Заңды, конституциялық заңдарды, аталған кодекс пен тиісті нормативтік-құқықтық актілерді, халықаралық шарттарды басшылыққа алады.
Заң мен сот алдында жұрттың барлығы тең болғандықтан, елімізде ешкімге артықшылық берілмейді. Сот процесі ашық жүргізіледі және оған қатысушылар іс материалдарымен, соған орай қабылданған шешімдермен, құжаттармен таныса алады. Сотта процесс жүргізілетін тілді білмейтіндерге аудармашы қызметі ұсынылады.
Істі қарау барысында әкімшілік орган, лауазымды адам, сот қай-қайсысының болсын бейтараптылық сақтап, іске қатысушыларға теңдей мүмкіндік жасау әділдік қағидатымен міндеттелген. Заңда немесе тараптар келісімінде сотпен шешілуі тиіс мәселе болса, судья әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып, шешеді. Құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау қағидатына орай, әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіліп, республикамызда 21 жаңа мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот, сондай-ақ, облыстық және оған теңестірілген қалалық соттарда әкімшілік істер жөніндегі алқалар жұмысын бастады.
Қазақстанда бұған дейін қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот ісін жүргізудің 3 түрі қарастырылған болса, енді төртінші түрі – билік органдарымен дауда ең әлсіз тарапты қорғауға бағытталған әкімшілік әділет құрылымы іске қосылды. Әкімшілік соттардың құрылуына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінбеді. Соттардың жалпы штаттық саны өзгерген жоқ. Әкімшілік соттардың құрамы басқа соттардың судьяларының штаттық құрамын азайту, сол сияқты жаңа соттардың ғимараты, жабдықталуы, түрлі шығындар бюджетті оңтайландыру арқылы жүргізілді.
Жаңадан ашылған әкімшілік соттарды республикамызда бұрыннан жұмыс жасап жатқан әкімшілік соттармен шатастырмаған жөн. Себебі, бұрыннан жұмыс жасап жатқан әкімшілік соттар – әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын. Бүгінгі күні бұл соттардың атауы тиісінше өзгертілді. Ал жаңадан ашылған әкімшілік соттар, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарайды.
Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар азаматтар мен кәсіпкерлердің әкімшілік органдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) байланысты туындайды. Мемлекеттік орган жеке және заңды тұлғаларға қарсы талап арыз бере алмайды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтар мен заңды тұлғалардың өздеріне қатысты әкімшілік құзыретке ие органдарға, билікке қарсы талаптарын қарауды реттейді.
Бұл жерде әкімшілік органдар дегеніміз тек мемлекеттік органдар емес, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мемлекеттік заңды тұлғалар, адвокаттар алқасы, нотариустар мен сот орындаушылар да бар.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу келесі қағидаттар негізінде жүзеге асырылады: заңдылық; әділдік; құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау; мөлшерлестік; әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері; құқықтар басымдығының қағидаты; сенім құқығын қорғау; формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу; анықтық презумпциясы; соттың белсенді рөлі; әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі; сот актілерінің міндеттілігі.
Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья азаматтың талап арызын қалыптастыруға, дұрыстауға, әкімшілік процеске қатысушылардың ұсынған дәлелдемелерімен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қоймай, өз еркімен қажет деп санаған дәлелдемелерді жинауға, әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Аяқтай келе, мемлекетіміз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына аса мән беріп отыр, оның жемісін келешекте ұрпақтарымыз көреді!

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close