Basty bet
Ауыл тұрғындарының бастамасын қолдау әркез маңызды
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өтіп жатқан әкімдердің жергілікті тұрғындармен кездесулері өңірде көптеген мәселелердің дер кезінде көтеріліп, оның шешілуіне оң әсерін тигізіп отырғаны анық. Бұл біріншіден жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тұрғындарға жақын болуына әсері болса, екіншіден жергілікті жерлерде туындаған кейбір мәселелермен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Осы орайда алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза Ақсай, Мыңбұлақ және Көкбастау ауылдық округтеріне барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Ауылдық округтің әкімшілігінде өткен кездесуге округтегі мемлекетттік мекемелердің басшылары және ауыл қариялары мен тұрғындар қатысты.
-Ақсай ауылдық округі қасиетті Жуалы өңіріндегі тұрғындары ынтымақ-бірлікті және имандылықты берік ұстанатын округтердің қатарына жатады. Ауыл тұрғындары көбінесе имандылықты алға ұстайды. Ауылдық округтің орталығы Қайрат ауылындағы еңселі мешіттің да тұрғындардың күш біріктіруімен салынғанын жақсы білеміз. Қазір бұл ғибадат үйі Аллаға құлшылық жасап, жамағат жиналатын қасиетті орынға айналып отыр.
Ауыл жастарының ауызбіршілігі мен ынтымақты тірлігі көпшілікке үлгі. Қарты бар елдің – қазынасы бар. Бұл – ең біріншіден жас ұрпаққа жол көрсететін қазыналы қарттардың жастарды ауызбірлікке шақыруының арқасы деп білеміз. Осы ынтымақтан таймай, ауылда жарасымды тіршіліктің ары қарай да жалғаса беретініне сенім білдіремін.
Биыл Ақсай ауылдық округінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауыл көшелерін жөндеуге біраз қаражат бөлінді. Мәдениет үйінің құрылысы кешеуілдеп болса да жүріп жатыр. Ендігі кезекте Қайрат ауылына заманауи спорт кешенін салудың қажеттілігі туып отыр. Ауыл тұрғындарының тұрмысы артып келе жатқаны байқалады. Бұл негізінен тынымсыз еңбек етуде болса, оған қоса бұл округте пилоттық жобаның жұмыс істеуіне байланысты бірқатар отбасының еңсесі де көтеріліп қалды.
Жалпы бұл бағытта ашылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің атқарып жатқан жұмысы жақсы. Олар жұмыстарын ары қарай жалғастыру үшін ауыл шаруашылығы мақсатында егістік жер сұрап отыр. Біз оны қолдаймыз әрине. Ол үшін конкурстық негізде жер беру мәселесі жан-жақты қарастырылуда. Біз кооперативті қолдайтын себебіміз, олар ауылдың бірқатар жұмыссыз тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Біз ауыл тұрғындарының осындай байыпты бастамаларын әрдайым қолдауға әзірміз,- деді аудан басшысы Жалғас Мұртаза.
Кездесудің сұрақ-жауап және ұсыныс бөлімінде Қайрат ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Әбілқасым қажы Ергебеков негізінен елдің болашағы жас ұрпақ яғни балалар екенін айтып, оларға спортпен тұрақты шұғылдануға және алаңсыз білім алуға жағдай жасаудың маңызды тұстарына тоқталды.
-Балалар – біздің болашағымыз. Адамның тіршілігінде бала және оның тәрбиесі, оларға қатысты мәселелер бірінші орында тұруы тиіс. Мемлекет те балалардың дамуына және олардың болашағына баса көңіл бөліп, назар аударып отыр. Сондықтан, дене шынықтырумен айналысу балаларға өте қажет. Өздеріңіз жақсы білесіздер, аудан орталығындағы спорт кешені ауылдың төмен жағында. Теміржолдың төменгі бөлігінде орналасқан. Спорт кешені аудан тұрғындарының барлығына қолжетімсіз. Сондықтан, ауылдан заманауи спорт кешенін салуды кезек күттірмейтін мәселе деп білемін.
Мәдениет үйінің құрылысы былтыр басталғанымен, ол да аяқталмай отыр. Оны қайта қолға алу қажет. Ауыл көшелеріне бақша суғаруға қажетті ағын су әкелудің де маңызы зор. Шөп ору және мал жаю жөнінде де біраз проблемалар бар. Міне, осының бәріне бақылау жасап, реттеп отыру әкімдердің жұмысы. Сондықтан, мәселелерді үлкен, кіші деп бөлмей, назарға алуларыңызды сұраймын,- деді қария.
Айтса айтқандай, ауыл қанша жерден дамыды, проблема жоқ дегеннің өзінде уақыт өте келе мәселелер біртіндеп шыға береді. Сондықтан, барлық мәселеге байыппен назар аудармаса болмайды. Ауыл тұрғындарының атынан сөз сөйлеген қариялар ауылға қатысты туындап отырған бірқатар мәселелерді және ұтымды ұсыныстарын да ортаға салды. Оның ішінде, Қайрат ауылындағы Абай көшесін орта жөндеуден өткізу мәселесі де бар.
***
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза келесі кезекте Мыңбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, кеңінен пікір алмасты.
Бірінші кезекте ауылдық округтің әкімі Алмас Рахмашов 2023 жылы ауылдық округте атқарылуға тиісті жұмыстардың бірқатарын атап өтті. Оның сөзінше, биыл ауылдық округтің орталығы Көлбастау ауылындағы Қ.Рысқұлбеков көшесін жарықтандыру жұмысы атқарылуға тиісті болса, бұл жұмыс жақында аяқталған екен. Одан бөлек, биыл Көлбастау ауылынан мәдениет үйін салу жоспарланып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Талапты ауылының бір көшесіне ағын су әкелу мәселесі де бар. Бұл бағытта да жұмыстар атқарылуда.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза өз сөзінде, ауылдың ең басты мәселесі ретінде Көлбастаудағы Д.Қонаев көшесін жөндеуді айтып, бұл мәселенің келер жылы шешімін табатынын жеткізді.
-Біз ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдауға әркез дайынбыз. Сәтін салса, биыл мәдениет үйінің құрылысына қаражат бөлініп отыр. Басқа тірліктер де қоса атқарылады.
Баса айта кететін болсам, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен Мыңбұлақ ауылдық округі биыл жыл соңына дейін пилоттық жобаға енуі мүмкін. Сондықтан, жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізу үшін кепілге қойылатын үйдің құжаттарын дұрыс рәсімдеулеріңіз қажет. Пилоттық жобаның тиімділігін барынша пайдаланудың маңызы зор. Мұның бір пайдасы, пилоттық жобаның келуімен қатар, ауылда бірқатар әлеуметтік мәселелер де өз шешімін табатын болады,- деді өңір басшысы.
Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер де назарға алынды.
***
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Ақсай, Мыңбұлақ және Көкбастау ауылдық округтеріндегі тұрғындармен кездесулеріне аудандық мәслихаттың хатшысы Зиядхан Бүрлібаев та қатысып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге назар аударып отырды.
Аудан басшысының кездесуі келесі кезекте Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылында өткізіліп, онда да ауылдың ардагерлері мен ақсақалдары бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Айта кететін болсақ, ауыл қарияларының тарапынан Теріс ауылындағы Бектеміс көшесін жарықтандыру, ауылға мәдениет үйін және футбол алаңшасын салу, сонымен қатар, Теріс ауылындағы Ы.Алтынсарин, Замбаев көшелерін және Көктөбе ауылындағы Бейсен ата көшесін жарықтандыру және орта жөндеуден өткізу, ауылдағы жаяу жүргіншілер жолын қайтадан қалпына келтіру сияқты тұрғындарға қажетті деген мәселелер айтылып, назарға алынды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»