Basty bet

Қырыққабат баптау – мол табыстың көзі

Ауданда халық күнделікті тұтынатын көкөніс және бақша дақылдарын көбі Нұрлыкент ауылының диқандарына тиесілі. Ауылдағы әрбір аулада көкөніс көшеттерінің егіліп, бапталатынын ескерсек, көкөніс көшеттерінің де алқабын ұлғайтып отырған да сондағы диқандар. Олар жылдағы дәстүрмен үй ауласына парник егеді. Парникте өнген көшеттер кейіннен алқаптарға отырғызылады.

Алқапқа қондырылған көшеттерді уақтылы қарап, оған тиісті күтім жасаудың нәтижесінде, жиын-терім науқаны кезінде осында өсіріліп, өндірілген экологиялық таза бақша өнімдері облыста, көршілес облыстардың, тіпті еліміздің басқа өңірлеріне де жөнелтілуде. Бұл әрине, таза жерде, таза ауада пісіп-жетілген өнімге деген тұтынушылардың сұранысынан туындап отырғаны анық. Ал кейбір алымсақтар қырыққабат сияқты көкөністі алқап басынан сатып алып кетеді.
Тәжірибелі диқандар биыл да ауыл маңындағы алқаптарға қырыққабат көшет отырғызып, баптау үстінде. Ауылдың іші-сырты қайнаған еңбек. Адал еңбекті серік еткен диқан қауымы үшін бұл кәсіптің түрі бір жағынан мол табыстың көзі.
Атадан қалған диқаншылық кәсібіне бет бұрған еңбексүйгіш ауыл тұрғынының бірі – Нұржан Әбдіраймов.
Нұржан Кеңесбекұлы диқаншылыққа біржолата бет бұрғанына да 15 жылдың жүзі болғанын айтады. Алғашқыда ол бұл дақыл түрін өз ауласына егіп бастап, уақыт өте ауылдың шетінен 25 соттық жерді жалға алып сонда отырғызады. Келе тәжірибе жинақтаған ол алқап көлемін ұлғайтады.
– Ауыл тұрғындарының көбі егін егумен айналысады. Өзім қырыққабаттың «Бухарест» тұқымын отырғызып баптаудамын. Бұл сорт 90 күнде пісіп дайын болады. Биылғы шығымы жаман емес сияқты. Оның тұқымын Алматы және Шымкент қалаларынан алып келіп, үй жағдайында жылыжайда өсіреміз. Жылыжайда бір жарым айда өсіп, дайын болған жас көшет алқапқа отырғызылады. Бұл тірліктің барлығы отбасымызбен және қосымша 20 адам жалдап атқарылады.
Қырыққабат көшетін отырғызғаннан кейін оны арамшөптерден тазалап, суғарамыз, қолмен дәрі себеміз. Өнім дайын болғанша 7-8 рет суғарылады.
Болашақта қырыққабат алқабына тамшылатып суғару қондырғысын орнатсам деп жоспарлап отырмын. Бұл қондырғының пайдасы сол, ең біріншіден суды үнемдейсің, қырыққабатқа себетін дәріні осы арқылы жіберіп отыруға болады. Оны енді уақыт еншісіне қалдырамын. Бірақ қазіргі таңда көп шаруалар осы технологияға ауысуда. Бұл құрылғыға болашақта барлығы ауысатыны белгілі.
Диқаншылық жасау, оның ыстық-суығына төзу оңай жұмыс емес. Жылдағы үйреніп қалған кәсібіміз болғандықтан, аянбай жанымызды салып еңбек етудеміз. Отбасыммен ерте көктемнен бастап алқап басында еңбек етуді бастап, сол бастаған еңбегіміз қара күзде еккен өнім піскенше жалғасады. Қырыққабатты шабу, егу кезінде жұмысқа қосымша жұмысшы жалдаймыз. Оларға төлейтін күнделікті жұмысақысы да оңай емес. Ендігі ойымыз өнімді лайықты бағаға өткеру. Өйткені маңдай теріміздің өтелгенін қалаймыз,- дейді Нұржан Кеңесбекұлы.
Қырыққабатпен қоса кейіпкеріміз биыл жарты гектар аумаққа азықтық дақыл сәбіз отырғызыпты. Сәбізді күтіп-баптаудың өзі бір шаруа. Өйткені оның тұқымын сепкеннен кейін ішінде тазалайтын шөбі бар, қосымша оны жекелеу қажет. Міне осының бәрі тынымсыз еңбектің арқасында болатын тірлік.
Әрбір диқан жылда қара жерден жақсы өнім алуды көздейді. Айналып келгенде, барлығы өзіңнің ниетіңе, одан кейін істеген адал бейнетіңе байланысты болады. Еңбекпен көздерін ашатын ауыл тұрғындары, жастайынан еңбекпен өсіп, дамып келе жатқаны анық. Олар өздері ғана емес отбасындағы ұл-қыздарын да еңбекке баулып өсіруде.

Таңдаулы материалдар

Close