Елімізде 1-10 ақпан аралығында қатерлі ісікке қарсы онкүндік өтті. Осыған орай аудандық емхананың онколог-маммолог дәрігері Қазыхан Есмамбетов пен профилактика бөлімінің саламатты өмір салтын қалыптастыру мамандары түрлі сала қызметкерлерімен аурудың алдын алу бойынша ақпараттандыру мақсатында кездесулер ұйымдастырды.
Аудандық кітапхананың қызметкерлерімен өткен кездесуде онколог-маммолог дәрігер Қазыхан Көрпебайұлы қатерлі ісіктің алдын алу туралы түсіндірді.
-Дүниежүзінде, оның ішінде, елімізде жыл сайын қатерлі ісік ауруымен ауыратындар саны артып келеді. Оның ішінде, жатыр мойны мен сүтбезі обыры алдыңғы орында. Оның пайда болу себептері әртүрлі. Мәселен, жатыр мойны обырына себеп – кеш тұрмысқа шығу, жасанды түсік жасату, түрлі инфекциялар, суық тию, түрлі компаниялардың свеча, таблетка, белсенді қоспаларын дәрігерлердің нұсқауынсыз пайдалану, тағы да басқа. Ал, сүт безі обырының пайда болу себептері: дұрыс емізбеу, түсік жасату, күйзеліс, ыстықтың жанында көп жүру, тағы да басқа.
Қазір көптеген әйелдер жұмысбасты болуының салдарынан баланы дұрыс емізбейді. Бұл бала денсаулығы үшін де, ананың денсаулығы үшін де дұрыс емес. Баланы кем дегенде бір жыл емізу керек. Қазір бұл ауру 40-55 жас аралығындағы әйелдерде көп кездеседі. Сондықтан скрингтен, жалпы дәрігердің тексеруінен уақтылы өтіп тұру керек.
Емізулі әйелдерде кездесетін мастит, яғни сүт қатуына да бей-жай қарауға болмайды. Дер кезінде дұрыс ем қабылдамағандықтан, ол уақыт өте қауіпті ауруға айналып қайта алдынан шығады.
Одан кейінгі мәселе отбасын дұрыс жоспарлау керек. Дені сау, сапалы ұрпақ алып келу үшін ерлі-зайыптылар денсаулығына мән беріп, баланы жоспарлы түрде көтеру қажет. Әр әйел өзін-өзі тексеру әдісімен үнемі өзінің сүт безін бақылап отыруы тиіс. Сәл өзгеріс болса, уақытты оздырмай дәрігерге көрінуі керек.
Қазіргі таңда тері обыры да көбейіп келеді. Оған қазақстандықтардың қыс мезгілінде шетелге, яғни ыстық жаққа барып келуі де себеп болуда. Мәселен, елімізде қыстың ауа райында жүріп бірден ыстық жаққа бару теріге әсерін тигізуде. Сондықтан денеге шығатын қал, сүйел, дақ барлығына дер кезінде мән берген дұрыс.
Кейбір жағдайда адамдар санаторийге барып, түрлі ыстыққа негізделген емдерді алып жатады. Ол адамның бойындағы қатерлі ісіктің клеткасын оятып жіберуі мүмкін. Ондай жағдайлар кездесіп жатыр. Сондықтан демалуға, емделуге баратын жағдайда да дәрігерге бір көрініп қойған артық болмайды.
Қазіргі таңда түрлі белсенді қоспалар, жуынатын химиялық заттар, зиянды тағамдар көп. Оның барлығын орынды-орынсыз пайдалана беруге болмайды. Жуынатын хош иісті химиялық заттардан гөрі тұзды сумен жуынған пайдалы.
Қазір зиянды тағамдар өте көп. Дені сау ұлт боламыз десек, мұның барлығынан саналы түрде бас тартып, өзіміздің ұлттық тағамдарымызды жасап, ішуіміз керек.
Бұрынғы адамдардың денсаулығы мықты болған. Себебі, олар барлық жұмысты қолмен жасады, яғни көп қимыл-қозғалыста болды, қазіргідей түнімен телефонда отырған жоқ, уақтылы ұйықтады. Құнарлы, пайдалы тағамдар тұтынды. Ал, қазіргі таңда адамдар өз денсаулығымызды өзіміз құртып жатырмыз. Барлық ауру түрі жасарып кеткен. Бұл жағдайлардың барлығы бізге денсаулыққа мән беруге, аурудың алдын алуға саналы түрде бет бұруымызға дабыл болып тұр,- деді дәрігер Қазыхан Есмамбетов.
Аудандық емхананың профилактика бөлімінің саламатты өмір салтын қалыптастыру медбикесі Камшат Әміреева қазір сүт безі, жатыр мойны обырымен қатар аталық ұрық безінің, өкпе, бауыр, асқазан, тік ішек обыры да жиі кездесетінін айтып, скрингтен өту ауруды ерте кезеңде анықтауға үлкен мүмкіндік екеніне тоқталды.
-Денсаулық – Алланың адамға берген аманаты. Сондықтан Алланың аманатына қиянат жасамай, өз денсаулығымызға мән беруіміз керек.
Ол үшін ең бірінші “Ауру – астан” демекші, дұрыс тамақтануымыз керек. Күніне 1,5-2 литр су ішу, дене белсенділігін арттыру, газды сусындардан, зиянды әдеттерден аулақ болуымыз маңызды.
Жылы су ішудің денсаулыққа пайдасы зор. Ол асқорытуға, қан айналымға тигізер оң әсері көп.
Онкологиялық ауруды ерте анықтау өмірді сақтайтынын түсіну қажет. Сондықтан өз денсаулығымызға жауапты болып, скрингке қатысу керек.
Сонымен берге жоғарыда айтқанымыздай, саламатты өмір салтын ұстанып, жағымды ой ойлап, өзіңді, айналаңды жақсы көріп, жақсылық тілеу де денсаулығымыз үшін өте маңызды,- дейді Камшат Әміреева.
Профилактика бөлімінің саламатты өмір салтын қалыптастыру психологы Венера Сейтаева қатысушылармен өмірде әр сәттен ләззат алуға үндейтін сергіту сәтін жасады.
Жаман ауру дүниежүзінде миллиондаған адамдардың өмірін жалмауда. Онымен күресудің басты жолы саламатты өмір салтын ұстанып, скрингтен уақтылы өту. Онкологиялық аурулар мәселесінің өзектілігіне айналадағылардың назарын аудару мақсатында ұйымдастырылған шара барысында қатысушыларға денсаулықты сақтаудың маңызды жолдары айтылып, көптеген пайдалы мағлұматтар берілді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»