Basty bet
Адал еңбегімен алғысқа бөленген
Мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдан бері еңбектеніп жүрген үлгілі қызметкердің бірі – Айткүл Қараева.
Айткүл Жақсылыққызы – жоғары білімді қаржыгер маман. Ол алғашқы еңбек жолын 1996 жылы колхозда есепші болып бастайды. Ал 1996 жылдың желтоқсан айында ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің әкімшілігіне бас маман болып жұмысқа қабылданады. Міне, содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіпті. Қазіргі таңда ол аталған ауылдық округтің бас маман-іс қағаздарын жүргізуші болып қызмет атқаруда.
-Мемлекеттік қызметші әрдайым қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сай болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби деңгейде көрсетуге талпынуы қажет. Халыққа қызмет ететін адамдардың жағымды мінез-құлқы болу керек олардың адалдығы, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – өте маңызды.
Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Әрқашанда халыққа жақын болуға тырысып, қолымнан келгенше адамдарға көмектесемін.
Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өз ойын дұрыс және дәлелді түрде баяндау, олардың сұрақтарын мұқият тыңдау, оларға ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық кеңес беру, қажетті көмек көрсету тиіс екендігі мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексінде де көрсетілген. Өзімнің жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым болған соң, бәріне сабырмен қараймын. Мемлекеттік қызмет кейде белгілі бір уақытқа сыймайды. Мұны осы салада жұмыс істеген адам ғана біледі. Мемлекеттік қызметшінің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділ болу керек. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қойып, дұрыс шешім қабылдауға міндетті. Ұлт мәртебесін көтеріп, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу аса жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Жалпы мемлекеттік қызмет – жауапты міндеттер жүктейтін, абыройлы лауазым болып табылады.
Үлгілі қызметкер болу – маманнан үлкен жауапкершілікті талап етеді,- дейді Айткүл Қараева өз сөзінде.
Жақсы маман атану – белгілі бір дайындық пен жауапкершілікті талап ететін қызметтің маңызды бөлігі. Ал өз қызметіне барынша мұқият қарайтын Айткүл Жақсылыққызы Ақсай ауылдық округі әкімінің аппаратында аянбай еңбек етіп келеді.
Айткүл білімді, тәжірибелі маман ғана емес, отбасында асыл жар, аяулы ана. Ол Қызылорда облысының Арал ауданында өмірге келген. Жолдасы Баратбек Айтназаров екеуі отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
Кейіпкеріміздің алға қойған мақсаты – мемлекеттік қызметте адал қызмет атқарып, абыроймен зейнет демалысына шығу.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»