Basty bet

Ізденіс үстіндегі жас маман

Медицина – теңіздей терең һәм өшпейтін сала. Үңілген сайын көресіз, білесіз. Бүгінде денсаулық сақтау саласы сондай оқуға құштар, жалынды жаңа кадрлармен толығу үстінде. Қазіргі жас маман – ертеңгі саламатты ұлттың тізгінін ұстар азаматтар. Адам жанына араша түсіп, басы ауырып, балтыры сыздағанның бабын табатын, жауапкершілік жүгі ауыр дәрігерлік мамандықты таңдау да нағыз батылдық.

Ел-жұртқа қадірлі мамандықтың иесі, халық денсаулығы жолында алғашқы қадамдарын жасаған ақ халаттылардың бірі – Инабат Өмірзақ. Өмірін медицина саласына арнаған жас маман аудандық орталық ауруханада дәрігер-терапевт болып, абыроймен еңбек етіп келеді.

Медицина саласында қызмет етуді армандаған оның талпынысын ата-анасы да қолдаған. Мектепті бітірген соң, арман қуып, мақсатына жету үшін Астана медицина университетінде жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығымен білім алады.

Жас маманның айтуынша, дәрігерлік қызметке арманына адал, мамандығына құлай берілген адам ғана келеді. Қалай болғанда да, барлық мамандықтың өзіндік мәртебесі бар. Алайда, дәрігер еңбегі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Қазір дәрігерлер науқасты емдеуден бөлек, әрдайым ізденісте болуы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Аурухана қызметкерлері тәжірибе алмасу, біліктілігін шыңдау секілді семинарларға жиі қатысып тұруы керек.

– Жалпы, жұмыс істеймін деген адамға ауылдан да жұмыс табылатыны анық, тек қызығушылық пен ынта болса болғаны. Онымен қоса, мемлекет басымдық беріп отырған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы мен сияқты жас мамандарға өте тиімді және көтермеақыдан бөлек, жеңілдетілген несиемен үй алуға да болады.

Қазіргі кезде ауыл, қала болып бөлінгенімен, қалада бар нәрсе ауылға да тікелей жетіп отырады. Сондықтан ауыз толтырып айтатындай айырмашылық жоқ секілді. Өзім Б.Момышұлы ауылында дүниеге келгенмін. Ойлана келе, атаулы бағдарламаға құжат өткізіп, туған ауылыма қызмет етуді жөн санадым. Жыл соңына дейін баспаналы боламын деген үміттемін. Әзірге бір реттік көтермеақы ғана алдым,- дейді жас маман Инабат Бақытжанқызы.

«Алдағы уақытта қалаға көшетін жоспарым жоқ» деген дәрігер жас мамандарды ауылда жұмыс істеуге шақырды.

Жастар – қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені баршамызға мәлім. Атаулы бағдарламаның арқасында қаншама жас дәрігерлер ауыл-аймақтарда қызмет етіп әрі баспаналы болып, денсаулық сақтау саласына өз үлестерін қосып келеді.

 

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close