Basty bet
Жастарға лайықты жағдай жасауға тиіспіз!
Өткен аптада сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті екінші сессиясы өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен мәслихаттың кезекті сессиясына депутаттар, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Жиынның күн тәртібінде өңірдің дамуына бағытталған бірнеше мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сессияның жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысты. Жиынды аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев жүргізді.
Сессияның қарауына енгізілген алғашқы мәселелерге тоқталатын болсақ, аудан әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша консультациялық-кеңесші орган қызметінің нәтижелері туралы аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова баяндады.
-Пробация қызметі бойынша 2022 жылдың 12 айында есепке алынған 58 азаматтың әлеуметтік жеке бағдарламалары орталыққа жолданған, оның ішінде, 41 азамат жұмыссыз ретінде ресми тіркеуге алынып, 24 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды, 17 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды және 1 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеуде.
2023 жылдың үш айында есепке алынған 17 азаматтың әлеуметтік жеке бағдарламалары орталыққа жолданып, оның ішінде, 13 азамат жұмыссыз ретінде ресми тіркеуге алынып, бес азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жеті азамат қоғамдық жұмысқа тартылды,- деді баяндамашы.
Баяндамашының сөзінше, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтармен түзеу мекемелерінен босап келген азаматтар үшін ҚР Үкіметінің тиісті қаулысына сәйкес, қайта әлеуметтендіру процесімен ауданда «Пробация үйін» ашу үшін үкіметтік емес ұйыммен меморандум жасау мәселелері қарастырылған. 2023 жылдың ақпан айында жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастырылып, бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде екен.
Сессияның күн тәртібінде қаралған екінші мәселеге байланысты аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов ауданда мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы туралы кеңінен баяндады. Баяндамашы өңірде аталған салада атқарылып жатқан жұмыстардың барлығына бүге-шігесіне дейін тоқталды. Тиісінше, ең бастысы, жастарды жұмыспен қамту, оларға кеңестер берумен бірге аудандағы бос жүрген жұмыссыз жастардың есебін жүргізіп, ары қарай шаралар қабылдау, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы туралы, т.б. жастарға қатысты мәселелер сөз болды.
Есептен кейін баяндамашыға сұрақ қойған азаматтардың қатарынан аудандық мәслихаттың депутаттары – Ұлан Айхожаев, Марат Нарымбеков және Сыбанбай Арынов бірқатар ұсыныстарын де қоса білдірді. Ұ.Айхожаев өз сөзінде, аудан орталығында жастардың бір мезгіл демалып, серуендеуі үшін жағдай жасаудың қажеттігін алға тартып, ол үшін орталықтан заманауи саябақтар мен кинотеатр және кафетери салудың, сонымен қатар жастар бас қосып, кеңес құратын коворкинг орталығын ашудың қажеттілігін алға тартса, М.Нарымбеков өз сөзінде, өңірде жұмыссыздардың санатындағы жастарды «Ауыл аманаты» бағдарламасына барынша тартудың маңызды тұстарына тоқталды.
Иә, қазіргі таңда ауданға қарасты бірнеше ауылдық округте «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жұмыстар атқарылуда. Ал ол үшін осы жоба арқылы жұмыссыз ауыл жастарын 2,5 пайызбен несиелеудің де маңызы зор болмақ.
Сессияның барысында тағы да басқа әртүрлі мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, ол өз сөзінде, өңір жастарына тиісті жағдайлардың өз деңгейінде жасалмай отырғанын айта келіп, жастарға тиісті жағдайларды қарастырып, жасағанда ғана олардан жұмысты талап етуге болатынын айтты.
-Жастарға жағдай жасаудың маңызы зор. Ол үшін ауданда жастардың бір мезгіл серуендеп, демалатын орындарын көбейту үшін саябақтарды күтіп ұстап, оны тиісінше, абаттандырудың маңызы зор. Бұл ретте саябақтарды кәсіпкерлерге жалға беруді биыл пилот ретінде қолға алуымыз қажет. Ал жастар коворкинг орталығын ашу үшін өзімнің салалық орынбасарыма және аудандық сәулет, құрылыс бөліміне тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Айта кету керек, аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудандық бюджет тағы бір нақтыланды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»