Basty bet

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін, қоғамның сенімін әлсірететін қауіпті індет. Әлемдегі бірде-бір ел бұл құбылыстан толықтай арылдық деп айта алмайды. Бірақ кез келген өркениетті мемлекет осы мәселемен жүйелі әрі табанды түрде күрес жүргізіп келеді.
Қазақстанда бұл бағытта нақты әрі ауқымды шаралар қолға алынған. Бүгінгі күні мемлекеттің басты стратегиялық бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау және қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын орнықтыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жемқорлықпен күресте “нөлдік төзімділік” принципін ұстану қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін білдіреді.
Күреңбел ауылдық округінде де бұл бағытта іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауыл тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жастарды адал еңбекке баулу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары – күн тәртібіндегі түспейтін мәселелердің бірі. Әсіресе мектеп оқушылары мен жас мамандар арасында “Адалдық сағаттары”, “Парасаттылық мектебі” жобалары арқылы әділдік пен заңдылықтың маңызын түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жемқорлықты жеңудің басты жолы – ашықтық пен жариялылық. Осы мақсатта ауылдық әкімдікте көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен қабылданатын шешімдердің барлығы ашық түрде жүзеге асырылып келеді. Халықпен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желілер мен қоғамдық қабылдаулар тұрақты жұмыс істейді. Әрбір тұрғын өз ойын ашық айтып, ұсыныс немесе шағым түсіре алады. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімді арттыратын маңызды қадам. Сыбайлас жемқорлықпен күресте тәрбие мен отбасындағы құндылықтардың да рөлі зор. Жастарды адалдыққа, әділдікке, жауапкершілікке баулу – тек мектептің емес, әр ата-ананың, әр үлкен адамның парызы. Ел болашағы – әділдік пен заң үстемдік құрған қоғамда ғана жарқын болмақ.
Қорыта келгенде, жемқорлықпен күрес – жалғыз мемлекеттік органның емес, тұтас қоғамның ортақ ісі. Бұл бағыттағы әр қадам – Әділетті Қазақстанның іргетасын нығайтатын маңызды үлес. Біз бәріміз бірге әрекет етсек, тек заң алдында емес, ар алдында да таза қоғам құра аламыз!

Марат ЖАРЛЫҚАСЫН,
Күреңбел ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close