Basty bet
ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ ШАРУАСЫ ШИРАҚ ҚОЖАЛЫҚ
Жер қадірін ежелден біліп, жер төсін емген жуалылық диқандар егін шаруашылығымен қарқынды айналысып келеді.
Жақын арада аудан шаруалары алғашқы шөп орағына кіріспекші. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, қыстың қамын қазірден бастап жасамаса, ертең кеш болары анық. Өйткені биылғы көктем жылдағы көктемге қарағанда жауын аз болды, былайша айтқанда мүлдем жаумады десек те болады. Соған қарамастан аудан шаруалары уақытпен санаспай, егілген өнімді жинап алуды мақсат етіп отыр.
Қазіргі таңда Шақпақ ауылдық округінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Ауылда еңсе тіктеп, жүйелі жұмыс жасау арқылы шаруасын шалқытып отырған шаруа қожалықтардың қатары көп деп айтуға болады. Солардың бірі -Шақпақата ауылындағы «Дидар» шаруа қожалығы. Одан бөлек, басқа шаруашылықтар округтің ғана емес, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосуда. Тірлігі сан салалы әрі техникасы да сай шаруашылық шөп орағына қарқынды дайындалуда.
«Дидар» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы саласы терең күйзелісті бастан кешіп жатқан 1997 жылы құрылған. Қожалықты Бейсембай Қабылбеков құрғанымен, жұмысын баласы Айдар Қабылбеков жүргізіп келеді. Қожалықтың қарамағындағы техникалар мен құрал-жабдықтар сол жылдары ескі болғанымен, бірақ уақыт өте келе, аяғына нық тұрып, машина-трактор паркін біраз жаңалаған.
-Әкем Бейсембай құрған шаруашылықтың сан салалы жұмыстарын өзім қолға алып, тірлігіміздің алға басуы бағытында жұмыс жасаудамын. Қожалықтың иелігінде 109 гектардай егістік жер бар.Одан бөлек, егілмей бос жатқан ауыл тұрғындарының 250 гектардай жерін жалға алып отырмыз.
Егістік жермен тұрақты айналысу үшін шаруаларға жаңа техниканың ауадай қажет екені белгілі. Біз алдағы уақытта техникаларды жаңаласақ деп жоспарлап отырмыз. Қолдағы техникалардың біршамасын жаңарттық. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы бағытындағы жеңілдетілген несиеге қол жеткізсек, жаңа техникалар алу ойда бар. Олай болмаған жағдайда мол өнімге қол жеткізе алмаймыз. Иә, ауылдық елдімекенде тұрған соң жер өңдеп, мал ұстау қажет. Техниканың да, төрт түліктің жағдайын жақсы білу керек. Қазіргі таңда егін шаруашылығымен қатар, мал бордақылаумен де айналысамыз. Жем-шөбіміз шаруа қожалықтың егістік алқаптарынан дайындалады. Одан бөлек, жалға алған жер иелеріне де жердің ақысы үшін арпа, бидай немесе шөп береміз. Егер қаласа қаржылай есептесеміз.
Шөп және егін орағы науқанында шаруашылықта тұрақты бес адам жұмыс жасайды. Жұмыс көбейіп жатса, қосымша еңбек күшін тартамыз. Өзім тракторды, комбайынды да жүргізе беремін. Мен жұмысшылармен бірдей таңертең егін басына кетем, солармен бірдей қайтамын. Өйткені бұл жұмыс барлығымыздың ортақ еңбегіміз,- дейді Айдар Бейсембайұлы.
Қазіргі таңда шаруа қожалықта төрт Беларус тракторы және бір ЮТО-қытай тракторы, бір комбайн, шөп оратын және шөп тайлағыш техникалары бар.
Шаруаның жайын жақсы білетін Айдар Қабылбеков ауыл шаруашылығы саласында өнімді еңбек ете жүріп, Шақпақата ауылының көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық жасап тұратынын да айтады. Ол отбасында құдай қосқан жары екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеуде. Қазіргі таңда екі ұлы Отан алдындағы әскери борышын өтеуде. Ал қалған балалары мектепте оқып, балабақшаға барады.
Қазіргі уақытта ауданда, ауылдарда жер өңдеп, егін егіп немесе мал басын көбейтумен айналысып жүрген азаматтар жетерлік. Біз оны ауданға қарасты елдімекендерге барған сапарымызда үнемі байқап жүрміз. Сайып келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту – алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»