Basty bet

Құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы атқару қажет!

Бұл – облыстың әкімі Нұржан Нұржігітовтың тапсырмасы

Кеше Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірде жүргізіліп жатқан құрылыстардың барысымен кеңінен танысты.

Е.Ибрайханов ең бірінші кезекте Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепте жүргізіліп жатқан құрылыстың барысымен танысты. Қазіргі таңда мұнда орта мектептің шатырын ауыстыру және жылыту жүйесін қалыпқа келтіру, дәлірек айтқанда, ғимаратты жылытуға арналған модульді қазандық орнату жұмыстары қатар атқарылып жатыр.
Құрылыстың басында мердігер мекеменің бригадасы жұмыс істеуде. Құрылысқа жауапты мердігер мекеменің басшысы Нұрпейіс Қалдыбековтың айтуынша, қазір жұмыстың елеулі бөлігі аяқталған. Дәлірек айтқанда, мектептің ескі шиферлары жаңа темір профнастилге ауыстырылуда. Онымен қоса рейкалары да қайтадан жаңартылады. Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Мақсұтханұлы мектептің шатырына шығып, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп, мердігерлерге құрылысты сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырды.
3 200 шаршы метрден тұратын бұл мектеп негізінен 650 оқушыға арналып салынған. Қазіргі таңда мұнда бір ауысымда 189 бала оқып жатыр. Тарихы терең білім шаңырағының шатырын жаңалау жұмыстарымен қатар, мұнда көп жылдан бері өзекті мәселе болып келген жылыту қазандығын жаңа қазандыққа ауыстыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазандық ауыстыру және оны газ құбырына қосу жұмыстарын «Z» (Зет) ЖШС өз міндетіне алып отыр. Бұл мақсатқа аудандық білім бөлімінің тарапынан жалпы сомасы – 41 млн 238 400 теңге қаржы қарастырылып, мердігер мекемемен тиісті келісім-шарт жасалған.
Аудан басшылары облыс әкімінің орынбасарына келесі кезекте аудан аумағын кесіп өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойына (Қарасаз ауылына бұрылатын аумаққа) жарықтандыру жүргізу қажет екенін жеткізді.
Жарықтандыру жүргізілмегендіктен осы тұста жол-көлік оқиағалары жиі орын алады. Ең маңыздысы, әсіресе түнгі мезгілде жолаушылардың өміріне төнетін қауіп-қатер өте көп.
Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Мақсұтханұлының назарына одан кейін ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы заманауи сауықтыру-спорт кешенінің құрылысы, Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында (Қайрат және Диқан ауылдарының ортасында) салынып жатқан 149 орынды мәдениет үйінің құрылысы таныстырылып, ондағы болып жатқан мәселелер де айтылды. Аталған екі құрылыс та қазір тоқтап тұр. Танысу кезінде құрылысты уақтылы аяқтау қатаң тапсырылды. Сонымен қатар Диқан ауылындағы №27 Диқан орта мектебінің жылыту жүйесін қалпына келтіру мәселесі де назарға алынды. Оқу кабинеттерін аралап көрген Ерболат Ибрайханов бұл мәселеге байланысты мектеп құрылысын жүргізген мердігер мекеменің өкіліне жылыту жүйесінде кеткен кемшіліктерді анықтап, сонымен бірге терезелерді де жылылау қажеттігін ескертті.
Облыс әкімінің орынбасары түске жақын аудан орталығында салынып жатқан үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын көрді. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «Бином» ЖШС-ның өкілдері атап өткендей, мұнда құрылыс жұмыстары екі жарым ай бұрын басталған. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасын құю жұмыстары толығымен аяқталып, қабырғасы темір-бетон конструкциядан жасалған арнайы қабырға панельдерінен тұрғызылып, шатыры жабылды. Ендігі кезекте ғимараттың сыртқы фасадын жылылау және қаптау, сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстары да ішінара жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, құрылыстың қарқыны жақсы.
Айта кету керек, жоғарыда аталған тараздық құрылыс фирмасы былтыр аудан орталығында 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізген болатын. Осының нәтижесінде, жыл соңында ауданда тұрғын үйдің кезегінде тұрған бірқатар мұқтаж жандарға баспана берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов түстен кейін Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылында болып, онда салынғалы жатқан 149 орындық мәдениет үйінің орналасатын жері және жобасымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Айта кету керек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен қомақты қаражат бөлініп, биыл салынып бітуге тиіс мәдениет үйінің құрылысы белгісіз себептермен әлі басталмай отыр. Құрылысқа жауапты болып танылған мердігер мекеме «Даурен Билд» ЖШС-ның өкілдерінің уәжін тыңдаған Ерболат Мақсұтханұлы мердігер айтқан уәждің орынсыз екенін және құрылысты тез арада бастаудың қажеттігін ескертті. Өйткені, мұны округ тұрғындары бірнеше жылдан бері сарыла күтуде.
Жауапты тұлғаның ауыл тұрғындарымен болған кездесуінің барысында ауылға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, бірнеше жылдан бері түйінді проблема болып келе жатқан қоқыс полигонын жабу және ауызсуға қатысты, сонымен қатар ауыл мектебінде балалардың сыймай жатқаны, ауылға «Ауыл аманаты» бағдарламасының қашан келетіні, тағы басқа маңызды мәселелер көтерілді.
Ауыл тұрғындарының тарапынан түскен сұрақтардың барлығына облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов және аудан әкімі Жалғас Мұртаза тиісті жауаптарын берді. Қосымша айта кетсек, қазіргі таңда Көлбастау ауылында 800-ден астам түтін бар. Тиісінше, халық саны да жылдан жылға еселеніп келеді. Сондықтан тұрғындардың үй салуға жер учаскесіне деген мұқтаждығы және мектептегі орын тапшылығы мәселесінің туындайтыны заңдылық. Бұл мәселелер туралы жергілікті атқарушы орган өкілдері тиісті шешім қабылдайды деген үміт те жоқ емес.
Осы тұста айта кетер тағы бір жағымды жаңалық бар. Биыл аудан орталығындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның жанынан акт залы және шеберхана ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін мектептің акт залы және шеберханаға деген мұқтаждығы толығымен қанағаттандырылмақ. Аталған құрылыстың барысымен танысқан Ерболат Ибрайханов мердігерлерге бірқатар тапсырма берді. Аталған мектеп-гимназияның директоры Эльмира Әбішева ғимарат құрылысының сапалы атқарылуын назарға алып отырғанын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ауданда салынып жатқан құрылыс нысандары туралы жиын өткізді. Онда бірқатар мәселелер қаралды.
-Мен бүгін ауданға жасаған жұмыс сапарым барысында бірқатар құрылыстардың басында болып, мердігерлердің жұмысымен танысып шықтым. Жұмыстар атқарылып жатыр, ал кейбірінде кемшіліктер де орын алуда. Бұл ең біріншіден жұмыстың сапасына кері әсер етеді. Басталған құрылыс сапалы әрі өз мерзімінде аяқталуы тиіс. Бұл – аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлының тікелей тапсырмасы. Облыс басшысы барлығымыздан осы мәселелерді талап етіп отыр.
Менің сіздерге айтарым, қай құрылыс болсын, оның сапалы атқарылуына терең мән беріңіздер. Біздің мақсатымыз сіздердің жұмыстарыңызға сын айту емес. Біз керісінше сіздерге көмектескелі келіп отырмыз. Құрылыста қаржы уақтылы игерілмейтін болса, оны республикаға кері қайтарып алып қояды. Осыны ескерулеріңіз қажет. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарына да баса көңіл бөлу қажет. Облыс басшысы сіздерден осындай маңызды жұмыстарды талап етіп отыр,- деді Ерболат Мақсұтханұлы.
Сондай-ақ жиын барысында аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауызсу жүйелеріне қосу туралы айта келіп, алдағы жылдары бес ауылға ауызсу кіргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасалып, тиісті бюджеттік өтінім берілгенін жеткізді.
Жиында одан бөлек, мектептердің жаңа оқу жылына және алдағы жауапты науқан жылыту маусымына дайындық барысы да жан-жақты пысықталды. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков баяндады.
Жиын қорытындысымен облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов құрылысқа жауапты мердігерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдай келе, жұмысқа қатысты оларға бірқатар міндеттер жүктеді.
Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайхановтың ауданға сапары барысында онымен бірге облыстық жол, құрылыс және энергетика салаларына жауапты басқарма басшылары да бірге жүріп, туындаған сұрақтар мен мәселелерді назарға алды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close