Basty bet
ҮМІТТІҢ аппақ әлемі
Бұдан бірер жыл бұрын Алматы қаласына Қазақстан Жазушылар одағының кезекті бір жиынына барған кезде Жамбыл облысынан келген жазушы, ақын Үміт Битеновамен кездейсоқ танысқан едім. Кейбір ерекшелеу жандар болады. Бір көргеннен-ақ жылыжүзділігімен, ақжарқындылығымен, адамды өзіне бірден баурап алатын мінезімен көңіліңнің көкжиегіне жазылып қалады. Солардың бірі Үміт дер едім. Өзі елден ерекше қазақша қосетек көйлек, оюлы камзол кигені Жамбылдың нағыз бір жылы шуағын ала келгендей жан дүниеме жақсы әсерін қалдырды. Еш жаттығы жоқ, емен-жарқын мінезді Үміт сөз арасында менің де біраз әңгімелерімді ғаламтордан оқып, танысқанын айтып үлгерді. Ақиқатын айтсам, мен Үміт Битенованы сырттай ғана білетінмін. Барша зиялы қауым өлеңге, өнерге ынта-жігері зор, талапты да талантты қыздардың көтерер жүгі салмақты, жүріп өтер жолы бұралаң екенін жақсы біледі. Оның себебі көптеген талантты бойжеткен қыздар тұрмыс құрған соң, отбасы, ошақ қасында қалып, өзінің жаратылыс берген шығармашылық қасиетін жоғалтып алатыны жиі кездесетін құбылыс. Сондықтан шығармашылықпен айналысып жүрген әйел адамдар көп жағдайда талай сындарлы сәттерді бастарынан кешіреді.
Ал, менің бір ұққаным Үміттің тасты жарып шыққан талантын жоғалтпай, сан қырымен, өзіндік ерекше үнімен, даралығымен, даналығымен шығармашылық әлемінде ақ құстай самғаған қазақтың қызы екенін түсіндім. Үміт Битенованың өмірдерегімен таныса отырып, жазған өлеңдерін, туындыларын оқып, қайран қалдым. Мен жалындаған жүрегі бар, жүзсе шалқыған көл айдыны бар, ұшса төбесінен төңкерілген көгілдір аспаны бар, асқақ қиялы қияға самғаған қазақ қызының образын көрдім. Шынымды айтсам, сан қырлы, ой-өрісі кең, бүкіл саналы ғұмырында қызметтің әр саласында еңбек ете жүріп, қасиетті қаламымен ғажап өлең-жырларды, қомақты дүниелерді жарыққа шығара білген Үмітке қатты сүйсіндім.
Ол ұзақ жылдар білім саласында ұстаздық еткен қаламгер, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығымен қатар, ағылшын тілін де жете меңгерген адам. Сонымен қатар қоғамдық жұмысқа да кеңінен араласып, өзіндік үлес қосқанының айғағы көптеген марапаттары мен алған атақтары дер едім. Оның ішінде «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР мәдениет саласының үздігі» және он шақты медальдары мен грамоталары бар. Осыншама қыруар шаруалардың бел ортасында жүрсе де, Үміттің қаламы қолынан түсіп көрмепті. Бұл күнде республика оқырмандарына танымал Үміт Битенова тек қана ақын емес, сан қырлы талант иесі. Өз елінде, қасиетті туған топырағында ғұмыр кешіп жатқан Үмітке қысқаша мінездеме берсек. Ол – ана, жар, ұстаз, ақын, сазгер, әнші… Бір дарынды жанға жеті өнер де көптік етпейді екен. Әрбір шумағының астарында тұнық ойдың кестесі жатыр. «Мұқағали рухына мұң шағу» атты өлеңінде:
Мұқағали, қайран Аға,
Ғашық болып ақ қарға.
Сен туылған ақпанда,
Мені де анам туыпты.
Есениндей сергелдеңге
Өзің түсіп сенделгенде.
Айтшы. Сені кім ұқты?
Біздің жұрт та қызық жұрт-ау,
Жұбатудың орнына,
Лайлауға дайын тұрады
Мөлдіреген тұнықты…- деп, біраз ақиқаттың жібін ширатыпты.
«Қор болды жаным ақымақтарға,
Бостығым емес, бірақ бұл.
Сорғалап тамып жапырақтарға
Мен үшін жаңбыр жылап тұр…» – десе , енді бірде:
«Ұнатпаймын бұл күздің бұлтты күнін,
Шалқар көңіл-күйімді құртты бүгін.
Бір тәулікте тынымсыз мың құбылар,
Мен мезгілдің тұсаулы тұтқынымын»,–дейді. Ақын өзінің көңіл күйін батыл айтып, табиғаттың құбылысымен суретін бере білген.
«Шыдамсыз едім – шыдауды үйрендім,
Сүрінсем, сұраусыз едім,
Құлауды үйрендім.
Көрсетпей жылаушы едім,
Көрсетіп жылауды үйрендім.
Сынбаған, шытынамаған қылаусыз едім,
Жамап-жасқап құрауды үйрендім.
Өмір бәрін үйретті»,–дейді. Таныс көңіл күй, бүкпесіз адам әлемі. Өзіміз де кей кезде абайсызда жанымыз жараланып қалатын сәттеріміз жетерлік. Үміт ешбір ақынға еліктемейді. Өміріндегі, жан дүниесіндегі толғаныстарын аса дәлдікпен оқырманға бере білуді ғана мақсат тұтқан секілді. Үміттің өзі ғана білетін, өзі ғана көретін аппақ әлемі бар.
Үміт Қыранқызы Битенова – «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының, ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі. Халықаралық Э.Иманалиев атындағы әдеби сыйлығының лауреаты, Талас ауданының «Құрметті азаматы», Жамбыл облысының жыл патриоты. Бұл атақтарды одан әрі де жалғастыра беруге болады. Үміттің ең басты марапаты – алпыстың асқарына шыққалы отырғанда туған өңір мен оқырмандарының арасындағы шоқтығы биік абыройы. Ол тек ақын-жазушы ғана емес, өзіндік қалыптасқан ұстанымы, беделі бар қоғам қайраткері. Ақиқатын айтсақ, «Қыздың жолы – жіңішке» деген де бізде ұғым қалыптасқан. Осыған орай, әйелдің иығына түскен жүкті теңдей көтеріп, отбасы, қызмет, шығармашылықты қатар алып жүруі ерекше құбылыс дер едім. Үміт Қыранқызы жарқылдаған мінезімен, еңбекқорлығымен, шығармашылығымен қазақ әйеліне тән жігерімен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын жан.
Шығармаларына келетін болсақ, өлеңдері «Қазақстан жас ақындарының антологиясы», (Астана, 2000 жыл) және «Жамбыл облысы ақын-жазушыларының шығармалары» (Алматы, 1999 жыл) жинақтарына «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясы жинағына енгізілген. Соңғы жылдары жарық көрген «Ауады да тұрады аңсарым», «Көңіл күнделігі», «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?», «Мендегі іңкәр махаббат» атты жыр жинақтары, «Мен сүйген жар», «Қай жерден кетті қателік?» атты прозалық кітаптардың және «Балабақшадан басталған» атты мемуарлық кітаптың авторы. Республикалық комиссия шешіміне орай қоғамдық маңызы бар шығарма ретінде осы кітап (2022 жылы) қайтадан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген.
2023 жылы ақын-жазушы Үміт Битенованың «Ешкімге айтпаған сырларым» атты жыр кітабы мемлекеттік тапсырыспен, сондай-ақ «Қар астындағы жауқазын» атты жыр кітабы Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген.
Үміт Битенова қоғам қайраткері, ақын- жазушы ғана емес, тәлімді-тәрбиелі отбасының отанасы. Үш ұлды өмірге әкеліп, өсіріп, қанат қақтырған қайратты ана. Ақпан айының алғашқы аптасында алпыстың асқар өріне көтеріледі. Осы мерейлі тойына шашу болсын деп, жылы лебізімді білдіріп отырмын. Әлі де болса оқырмандарын талай тың шығармаларымен қуанта беретініне сенімдімін.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА,
жазушы,Халықаралық“Алаш” әдеби сыйлығының иегері, Жетісу облысы.
“Qazaqstan dauiri”, 25.01.2024 жыл