Basty bet

АҚМАРАЛ НАУАТБЕК – ТУҒАН ЖЕР ТӨРІНДЕ

"Париж-2024" паралимпиада чемпионын ел-жұрты құрмет-қошеметпен қарсы алды

Париж төрінде паралимпиадада дзюдодан чемпион атанып, Қазақ елінің Туын көкте желбіретіп, абыройымызды тағы бір асқақтатқан жерлесіміз, айтулы спортшы Ақмарал Науатбекті жуалылықтар ерекше құрмет-қошеметпен қарсы алды.
Жан-жағынан қаумалай көк Тумызды көтерген спортшы жігіттер “Қазақстаным” әнінің ырғағымен чемпионды көпшіліктің ортасына алып келді.
Салтанатты шараға аудан басшыларымен бірге ардагерлер кеңесі, шаруа қожалық басшылары мен кәсіпкерлер, жастар, спорт мектептерінің шәкірттері қатысты.
Еліміздің Әнұраны ойналып, алғашқы құттықтау сөз кезегі Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбековке берілді.
Нұржан Қырықбайұлы 2024 жылы спортшылардың жеткен жетістіктеріне тоқталып, ел тарихында әйелдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атағын жеңіп алған спортшы қызға алғысын, игі тілегін жеткізіп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Құттықтаухатын оқыды.
Спорт дүлдүлі Ақмарал Науатбекті аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев та құттықтады.
Асхат Базарбайұлы аудан әкімі Жалғас Мұртазаның арнайы Құттықтаухатын оқып, Ақмарал Маратқызына тапсырды.
-Спорт – елдің мерейін өсіріп, абыройын асқақтататын сала.
Жуалы жұрты Сізді Паралимпиада ойындарында 48 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, Пара дзюдодан Қазақстан тарихында әйелдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы спортшы ретінде таниды және мақтан тұтады.
Спорттық мансабыңызды ерте жастан бастап, 2015- 2019 жылдары дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырынан көрініп, дзюдодан және қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иелендіңіз. Екі дүркін Азия чемпионы атандыңыз.
Сондай-ақ, Ресей, Словения, Түркиядағы Еуропа кубоктарының жүлдегері болдыңыз.
2022 жылы денсаулығыңызға байланысты, паралимпиадалық дзюдоға ауысып, Азия елдерінде пара дзюдодан өткен бірнеше әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақтыңыз. Жеткен жетістіктеріңіз үшін “Дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері” атағын иелендіңіз.
Сіздің әрбір жетістігіңіз біз үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе.
Келер ұрпақ Сіз жеткен биіктен көрініп, патриот болып өсуіне өз үлесіңізді қосады деп ойлаймын.
Сіздің ел намысын қорғаған спортшы ғана емес, аяулы жар, ибалы келін екеніңізді де білеміз.
Сізге және отбасыңызға амандық, денсаулық, қажымас қуат, жаңа жетістіктер мен жаңа жеңістер тілеймін!
Еліміздің көк байрағын жеңісті күндерде желбірете беруіңізге тілектеспін!- деді Асхат Базарбайұлы.
Сонымен бірге жерлесімізге аудандағы кәсіпкерлер, шаруа қожалық басшылары, ел ағаларынан сый ретінде бес миллион теңгелік сертификат пен ықылас гүлін тапсырды. Жаттықтырушысы Айдын Анапинге де аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен бір миллион теңге сыйға берілді. Анасының да иығына ақ жаулық пен камзол жапты.
Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков спортшы қызға ақ батасын берді.
Ақмарал Науатбекқызын “Садыбай-Байтана” қорының президенті Досжан Әлжапаров, профессор Бейсенбай Төлебеков, медицина саласының ардагері Тұрғын Жігітеков, ауданның шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерінің атынан Серік Садиров, Еркебай Нағашыбеков, Сыбанбай Арынов, Әсет Олжабаев, Мұхамеджан Әсемов, Диқан және Қайрат ауылынан Жарас Сармурзин, Бақтыбай Жартыбаев та игі тілектерін білдірді.
“Садыбай-Байтана” қорының атынан чемпионның жарына тұлпар мінгізілді.
Салтанатты шарада Ақмарал Науатбек пен мәпелеп өсірген анасы Роза Ергешқызы және әкесінің бауыры сөз сөйледі. Анасы қызының Париж төріндегі ақтық белдесуде жеңіске жеткені ел-жұртының тілегі, қолдауы деп есептейтінін жеткізіп, туған ел-жұртының құрмет-қошеметіне, қолдауларына ризашылығын білдірді.
Ақмарал Науатбек жерлестерінің құрмет-қошеметіне, ыстық ықыластарына алғысын білдіріп, алтын медаль жуалылық жас спортшыларға жұғысты болсын деген тілегін жеткізді.
Шара соңынан республикалық батагөйлер байқауының жүлдегері Сейітқазы қажы Медетбеков ақ батасын берді.
“Қызғалдақ” ән-би ансамблі мен “Жаңабаевтар” отбасылық ансамблінің әншілері әннен шашу шашты.
Спортшы Қайрат ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының музейіне барып, Батырдың рухына тағзым етіп, музей жәдігерлерімен танысып, музейге қолтаңба қалдырды.
Туған ауылы Диқан ауылында чемпион ескі мектеп ғимаратындағы Аула клубының филиалынан ашылған дзюдо күресі үйірмесінің лентасын қиды.
Үйірме мүшелері бүгінде облыстық жарыстарда топ жарып жүр. Мұнда болашағынан үміт күттіретін жас спортшылар көп. Ақмарал Науатбек болашақ чемпиондарға игі тілегін білдіріп, жігерлендірді.
Мұнда да жерлестері спортшыға ақ тілектерін айтып, бата беріп, естелік суретке түсті.
Сонымен бірге ауылдық мешітте дастарқан жайылып, Құран оқылды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close