Basty bet
Мемлекеттік қызметтегі заңнамалық өзгерістер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттың бірі ретінде айқындады. Бұл өз кезегінде – халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып табылады.
Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіруді және одан шығуды жеңілдету, дарынды басқарушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамыту шараларын қамтиды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылғы желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғарғы көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
Заңнамаға енгізілген өзге де толықтыруларға сәйкес, бұдан былай екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.
Осы айтылғандармен қатар мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс деген талап алынып тасталды. Бірақ академия түлегінің жалпы мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс өтеуіне қатысты талап сақталады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агентігінің тарапынан Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бағытында мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу, оның ішінде кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, меритократия қағидаттарын ілгерілету, мемлекеттік қызметке қабылдау мен іріктеуді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр.
Мағжан Тұрмағамбет,
аудан әкімі
аппаратының персоналды
басқару қызметі бөлімшесіндегі
аудан әкімінің бас инспекторы