Basty bet
Сібір жарасы – аса қауіпті жұқпалы ауру
Сібір жарасы – жануарлар мен адамға ортақ жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Бұл ауру ерте кезден белгілі болғанымен, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Аурудың қоздырғышы сыртқы ортаға өте төзімді болып келеді және топырақ қабатында ондаған жылдар бойы сақталуы мүмкін. Сондықтан, Сібір жарасының алдын алу, оның таралуына жол бермеу және ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау – аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Сібір жарасымен көбінесе мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жылқы секілді ауыл шаруашылығы жануарлары ауырады. Сонымен қатар, бұл ауру адамға да жұғу қаупі жоғары инфекциялардың қатарына жатады. Адамдар көбіне ауру малды сою, терісін сыпыру, етін өңдеу немесе залалданған топырақпен байланыс кезінде жұқтырады.
Аурудың негізгі белгілері:
Жануарларда аурудың белгілері әртүрлі байқалады. Көп жағдайда:
• дене қызуы көтеріледі;
• тәбеті төмендейді;
• әлсіздік байқалады;
• тыныс алуы қиындайды;
• мойын, кеуде тұстарында ісіктер пайда болуы мүмкін;
• кей жағдайда мал кенеттен шығынға ұшырайды.
Ал, адамдарда теріде жара пайда болып, дене қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздік байқалады. Уақтылы ем қабылдамаса, ауру ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан, мал арасында күмәнді жағдай анықталған кезде дереу ветеринариялық мамандарға хабарлау қажет. Өз бетінше союға немесе етін пайдалануға қатаң тыйым салынады!
Бұл бағытта аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, аудандық ветеринария бөлімі мекемесінің тарапынан Сібір жарасының алдын алу мақсатында жүйелі түрде ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарларына жыл сайын жоспарлы түрде вакцинация салу жұмыстары жүргізіледі. Сібір жарасына қарсы мүйізді ірі қара малына – 34 000 басқа, уақ малға – 155 000 басқа, ал жылқыға – 18 000 басқа егіледі.
Вакцинациялау жұмыстары ветеринариялық талаптарға сәйкес жүргізіліп, жануарлардың ауруға қарсы иммунитетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар індеттің таралуының алдын алудағы ең тиімді шаралардың бірі болып табылады.
Сібір жарасының ошақтарын күтіп ұстау жұмыстары аурудың алдын алуда өте маңызды рөл атқарады. Жуалы ауданының аумағында Сібір жарасының барлығы – 45 ошағы тіркелген. Аталған ошақтардың барлығы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай бетондалып қоршалған, басына арнайы белгі қойылып, атаулары жазылған.
Бұл аумақтар тұрақты бақылауда ұсталады. Жыл сайын бір рет ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, залалсыздандыру шаралары да қоса атқарылады. Сонымен қатар, арнайы сынамалар алынып, зертханалық тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады.
Сібір жарасының көмінділері орналасқан орындарды күтіп ұстау – аса маңызды жұмыстардың бірі. Себебі, талаптардың сақталмауы ауру қоздырғышының қайта таралуына қауіп төндіруі мүмкін!
Осыған байланысты 2026 жылға барлығы 35 Сібір жарасының ошағы бір үлгіде арнайы бетондалып, онда қоршау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар көмінділердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоршаған ортаны қорғауға және аудан тұрғындарының қауіпсіздігін сақтауға бағытталғанын баса айтқан жөн!
Аудан тұрғындарының назарына!
Сібір жарасының алдын алу үшін әрбір мал иесі төмендегі ветеринариялық талаптарды қатаң сақтаулары қажет:
•малды уақтылы ветеринариялық тексеруден өткізу;
• профилактикалық екпелерді толық алу;
• малды рұқсат етілмеген жерде соймау;
• мал өлексесін өз бетінше көмбеу;
• ет және мал өнімдерін тек арнайы рұқсат берілген орындардан сатып алу;
• ауру белгілері байқалған жағдайда дереу ветеринариялық қызметке хабарлаудың тимділігі мол! Сонымен қатар, мал иелері ветеринария мамандарының нұсқаулықтарын толығымен орындап, елдімекендердің санитариялық тазалығына ерекше көңіл бөлуі қажет!
Есжан Қасымбекұлы,
«Жамбыл облыстық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК-ның аудандық ветеринария
бөлімінің басшысы