Basty bet

Шаңырақтың шаттығы өзімізге байланысты

Осыдан біраз уақыт бұрын жұбайымның мектеп бітіргендеріне 45 жыл толуына байланысты мерекелік кездесуінде болдым. Өте тамаша тойдың куәсі болып, әрі құрметті қонағы болғаным бар. Араға біраз жылдар салып сағынысып кездескен құрбы-құрдастар бір сәт балалық шақтарын еске түсіріп, қазіргі жеткен жетістіктерімен әдемі көңіл-күймен сырласып отырған құрбыларды көріп, мен де бір жасап қалғандаймын. Осы отырыстан кейін қыздар жағы бірін-бірі қонаққа шақыру дәстүрін ары қарай жалғастырып әкетті. Сонымен, осы кездесудің аясында жұбайымның құрбы қыздарының үшеуінің үйінде қонақта болдым. Айтайын дегенім, бәрі жақсы, жарасымды. Дегенмен, жұбайымның Айымхан деген құрбысының отбасылық тұрмысы, тәрбиесі мен мәдениеті, ұл-қыздарының өте бір кішіпейіл тәрбиемен өскені маған қатты ұнап, әсер етті. Айымхан марқұм жұбайы екеуі екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 26 немере және бір-екі шөбере сүйген.
Сұраса келсек, қолындағы келіні Ұлы жүздің албан руынан тараған Алматы облысының қызы болып шықты. Үйлерінде егіз немересі бар. Келіні ауыл балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Таңертең ерте тұрып, жұмысқа кетерінде апасының бөлмесіне кіріп, сәлем жасап, апасының жақсы демалып шыққандығын біліп, өзінің жұмысқа бара жатқандығынан хабар беріп кетеді екен. Немерелері де «апалап», қария кісінің айтқанын екі етпей, зыр жүгіріп тірліктерін атқарып жүр.
Үйдің іші тап-таза, айнала төңіректің, қора-қопсының бәрі таза. Өз басым осынау мұнтаздай тірлікке таңданып әрі таңырқай қарадым. Отбасындағы мұндай тәрбие мен тәртіпті, тазалық пен инабаттылықты, кішіпейілділік пен мәдениеттілікті көбінде кез келген отбасынан байқай бермейсің. Үйдегі күнделікті тіршілік, отбасы мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасы өте бір керемет үлгі-өнеге алатындай дәрежеде.
Ертеңгісін үйден шықтық. Кемербастау ауылына бару керек еді. Сыртта біраз уақыт тұрып қалдық. Айымхан базардағы баласына қоңырау шалып, үйге тез жетуін ескертті. Сол-ақ екен, баласы он-он бес минуттың ішінде келіп жетті. «Ой, кешіріңіздер, базарда көп аялдап қалсам керек. Сәл-пәл кешіксем, айыпқа бұйырмаңыздар!» деп жатыр ол. Байқағаным, отбасы мүшелерінің ешқайсысында бір-бірлеріне деген өкпе-реніштері әсте байқалмайды. Айымханның қолында тұратын ұлы отырыс аяқталғаннан кейін де осында қайтып келіп, бізді алып кетті.
Отбасы мүшелерінің жүріс-тұрыстары мен адамға жымиып, күліп қарағаны мен адамды өздеріне тарта білетініне іштей тәнті болдым. Барлығы бір жарасымды. Мен оларды нағыз үлгі тұтатын жанұя деп ойладым.
Ұлттық құндылық, қазақы тәлім мен тәрбиенің бәрі осы шаңырақта тұрғандай. Отағасы ертерек өмірден озып кетсе де, барлығы аналарының ұйымдастыруымен тірлік істеп, сол арқылы бақытты, сондай көңілді күйде өмір сүріп жатқан жанұя. Бұл шаңырақта келешектеріне деген сенім, өмірге деген құлшыныс айқын көрініп тұрғандай. Елімізде дәл осындай жарасымды жанұялар көп болсын. Осылай болғанда ғана шаңырақтың шаттығын арттыра алатынымыз анық.

Жамалбек БОТАГӨЕВ,
ардагер ұстаз,
Диқан ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close