Basty bet
Аула сыртында бау өсірген қария
Көктөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер, еңбек ардагері Тұрлыхан Момбаев та өз үйінің ауласын шағын бауға айналдырған. Онымен қоса, дарбазаның сыртындағы шағын алаңқайға арық жасап, оның жиегіне тал-теректер және жеміс ағаштарын егіп, оған күтім жасауды әдетке айналдырған.
75 жастағы қария бұл ауылға 2002 жылы Көлтоған ауылынан көшіп келген. Көшіп келе салып бау-бақша егуге кіріскен оның шағын алаңқайы қазір жеміс ағаштарына толы. Оның жанына егілген тал-теректер қыста, күзде суық желден қорған болса, жаздың ми қайнатар ыстықтарында саялайтын пана қызметін атқаруда.
-Үйде жалғыз өзім тұрамын. Жұбайым 20 жыл бұрын дүние салған. Мал ұстаймын. Одан бөлек, бау-бақша өсірумен айналысамын. Бұл менің хоббиім деп айтсам болады. Үйдің алдында жалпы көлемі 35 соттықты құрайтын кең жерім бар. Әрине, оның барлығын игеруге шамам келмейді. Көбінесе бау өсіргенді ұнатамын. Үйдің көше жақ бетін түгелдей қоршап, ол жерге 100 түптен астам түрлі ағаш ектім. Оны күнделікті суғарып, қараймын. Бір жағынан ағаш егу арқылы қоршаған ортаның және ауаның тазалығына үлесімді қосып жатсам, екіншіден бау-бақша баптау менің ермегім. Әрі жемісін жеймін. Бауды үйдің ауласындағы құдықтан суғарамын. Суы өте мол әрі тәтті,- дейді зейнеткер.
Зейнеткер Т.Момбаевтың негізгі мамандығы – экономист-бухгалтер. Жамбылдағы статтехникумды бітіргеннен кейін қызмет бабымен ұзақ жылдар облысымызға қарасты Мойынқұм ауданының «Байтал» т.б. совхоздарында мамандығымен еңбек еткен. Біраз жыл ауылдық советтің хатшысы болып та жұмыс істеген. Кейіннен ауылға көшіп келгесін, Көлтоған ауылында әмбебап дүкеннің меңгерушісі, Ертай ауылында (бұрынғы Кеңес ауылы) дүкен меңгерушісі т.б. жұмыстар атқарған. Ал жұбайы Қантан Атымтаева да Шу автовокзалында кассир, қонақүй меңгерушісі, т.б. жұмыстар атқарыпты. Екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Олардың барлығы өмірден өз орындарын тапқан.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»