Basty bet

Алып тұлғаның әдеби мұрасы

Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ағымдағы жылы ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафонын» ұйымдастыруда.
Осыған орай, аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық «Достық» мәдениет үйінде шоқтығы биік тұлға, қазақ детективінің атасы, көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына – 100 жыл толуына орай «Алып тұлғаның әдеби мұрасы» атты әдеби алаң өтті.
Кешті орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Әсілбеков ашып, «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» үстіміздегі жылы жалғасын тауып, қазақ ақын-жазушыларын оқырман қауымға насихаттап жатқан кітапхана қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Әдеби алаңның шымылдығы кітапхана қызметкерлерінің орындауымен кітапхананың әнұранымен түрілді.
Сонымен қатар шара барысында №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары Аяулым Кеңесбек жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығын слайд көрінісі арқылы таныстырса, Ұлбосын Бейсембек жазушының «Соңғы соққы» романының «Арпалыс» бөлімінен, Жанел Мәселбек «Қастандық» повесінің бірінші тарауынан үзінді оқыды.
Шығармашылыққа бейім Саяжан Кәдірқұл «Кемел аға», Нұрай Қуатбек «Кемел аға – дара» атты жазушыға арнаған өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты.
Ботакөз Көпбосын Кемел Тоқаевтың шығармаларын иллюстациялық сурет салу арқылы таныстырса, Сандуғаш Көпбосын REDАx форматында жазушының «Солдат соғысқа кетті» романын талдап, оқуға шақыру бейнеролигін қорғап, TEDАx форматындағы идеяларды бейнеролик арқылы ұсынды.
Одан бөлек, №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары жазушының «Солдат соғысқа кетті» романының үшінші бөлімі «Жауға атылған алғашқы оқ» әңгімесінен көрініс көрсетті.
Республикалық «Дарабоз» ән байқауының жеңімпазы Расул Сембай «Атамекен» әнін орындаса, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 10 сынып оқушылары «Катюша» биін биледі.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Назгүл Серкебаева «Кемел Тоқаев – детектив жанрының негізін қалаушы» тақырыбында кітап көрмесіне шолу жасап, кітапхананың тұрақты оқырманы, №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Кәмшат Құрматаева жазушының «Солдат соғысқа кетті» романына талдау жасады.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Шарифат Қаниева «Алып тұлғаның әдеби мұрасы» тақырыбындағы библиографиялық көрсеткіш, «Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы, қазақ детективінің дарабозы – Кемел Тоқаев» деп аталатын әдістемелік құрал, «Жауынгер, жазушы – Кемел Тоқаев» атты жарнамалық парақша, «Кітап – ойдың көрмесі» кітап инсталляциясын көрерменге жан-жақты таныстырды.
Шара соңында қатысушы оқушыларға кітапхананың атынан Алғысхаттар табысталды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close