Basty bet

Демалыс көркі – лагерь!

Жазғы демалыста балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын ұйымдастыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі және балалардың шығармашылық дамуы олардың рухани әлемі мен интеллектін байыту мүмкіндігі болып табылады. Каникул – сабақтан бос уақыт, балаға ерекше назар аударатын және әлеуметтік қорғауға алынатын уақыт.
Аудан орталығындағы «Аула клубында» жазғы демалыс лагері 1 маусым мен 30 тамыз аралығында жұмыс жасайды. Жазғы лагерь үш ай бойы 310 оқушыны қамтуды жоспарлауда.
Лагерьде балалардың әр күні қызықты өтуі үшін арнайы жоспарлар жасалған. Мәселен, түрлі ойындар, сайыстар ұйымдастырылады.
Сонымен бірге балалардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарына қарай ағылшын, орыс тілі үйірмелері, спорттық ойын түрлері, вокал, би, сурет, қолөнер, театр, домбыра үйірмелері жұмыс жасайды.
Лагерь – балаларға шығармашылықпен айналысуға үлкен мүмкіндік береді.
Лагерьде бүгінгі күнге дейін «Түрлі түсті арман» деп аталатын асфальтқа сурет салу байқауы, «Сиқырлы бояулар патшалығы» атауымен еркін тақырыптағы сурет көрмесі, «Ұлы сөзді тыңдаймыз, жол тәртібін сақтаймыз!» тақырыбымен “дөңгелек үстел”, «Көңілді әуендер» танымдық сайысы, «Кел билейік!» би байқауы, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер өтті.
Іс-шаралардың мақсаты – оқушыларды жолда жүру ережесімен таныстыру, жол ережесін сақтауға, саламатты өмір салтына тәрбиелеу, өнерлерін шыңдау, көңіл күйлерін көтеру.
Байқауға қатысқан балалар Алғысхаттар мен түрлі сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараларымыз әрі қарай да жалғасын табады.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Сондықтан демалыс уақытындағы балалар мен жасөспірімдердің толық тынығуына, қоршаған ортаны танып-білуге, шығармашылық белсенділіктерін арттырумен қатар, балалардың өзін уақытын ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға, саяхат пен танымдық түсініктерін жетілдіруге баулу басты назарымызда болады.

Эльмира Болтаева,
“Аула клубы” мекемесінің директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close