Basty bet

Ауған жауынгерлерімен кездесті

Ауған соғысы он екіде бір гүлі ашылмаған боздақтардың қанымен жазылған тарих деп біледі кейінгі жас буын өкілдері. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлердің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу барлығымыздың қасиетті борышымыз.
Осы ретте Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде «Ауған жауынгерлерінің ерлігі» атты «дөңгелек үстел» өтті. Кездесуге Тараз қалалық «Ауған соғысының ардагерлер» ұйымының төрағасы Д.Ермеков, қалалық «Ауған соғысының ардагерлер» кеңесінің мүшесі Н.Сенбейов, аудандық тарихи- өлкетану музейінің директоры Е.Тілеубеков, Қарабастау ауылының тұрғыны М.Исаев және ардагерлер қатысты.
Сонымен қатар, «дөңгелек үстелге» ауылдағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің оқушылары шақырылды.
Шараның мақсаты – өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету, Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым ету, олардың есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу.
Қарабастау ауылдық кітапханасының кітапханашысы Г.Жұмаханова «Ерлік ұмытылмайды» атты кітап көрмесіне шолу жасады.
Кездесуге өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан ардагерлер Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктермен бөлісті. Әрбір жауынгер-интернационалистің әңгімесі мен естеліктері оқушыларға ерекше әсер етті. Жастар мен өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген ардагерлер оқушылардың сұрағына жауап берді.

“Жаңа өмір”-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close