Basty bet
Адалдық – ардың ісі!
Мемлекеттік қызметшілерге мемлекет және халықтың тарапынан көп жауапкершілік жүктелген. Оны түсініп, ерекше сезіну қажет. Әйтпесе, «Мемлекеттік қызметші» деген атқа нұсқан келетіні анық.
Осы орайда Әдеп кодексі қабылданған. Әдеп кодексі – мемлекеттік қызметкерлерлерге бағыт-бағдар беруге арналған құжат. Оның мақсаты – мемлекеттік қызметшіге өз қызметінің маңыздылығына сенімді арттыру. Жұмысына жауапты қарау, артылған сенімге лайық болу, бойындағы адалдығы мен сенімін дамыту – әр ұқыпты қызметкердің жұмысы. Әр мемлекеттік қызметшіге Әдеп кодексін, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдарын біліу және оны сақтау қажет.
Мемлекеттік қызметшінің міндеті – мемлекетке адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші халық алдындағы жауапкершілікті ұмытпауы қажет. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген сөз бекер айтылмаған. Яғни, халықтың сұранысын қанағаттандыру және көпшіліктің сенім үдесінен шыға білу мемлекеттік қызметші үшін өте маңызды. Халықтық мүддесі мен сенімі бәрінен жоғары болуы тиіс.
Әдеп кодексінің талаптары мемлекеттік қызметшіні ізгі қасиеттерге тәрбиелейді. Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшінің болмысы, өзін ұстауы, өзін құрметтеуі және өзгені құрметтей алуы, әдептілігі, кішіпейіл қасиеттері, адалдығы маңызды екені тайға таңба басқандай айқын жазылған. Ендеше, кодекс талаптарын орындау – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Мемлекеттік қызметшіге тек бірінші басшылар ғана жатпайды. Әрбір мекемедегі басшының орынбасары, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі және бас мамандар да мемлекеттік қызметші. Заң талабы және Әдеп кодексінің талаптары барлығына да ортақ. Ортақ талапты сақтау – баршамызға абырой.
Әдепті болу да – Әдеп кодексінің негізгі шартты. Әдепті болу дегеніміз не? Жақсы әрі ықшамды киініп, бой басыңды түзеу, тазалықты сақтап отыру – ол да әдеп. Бірақ, әдептің үлкені – келген кісіні жылы қарсы алу, онымен әдепті сөйлесу, құрмет көрсету. Жасы үлкен ақсақал болса, оны қолтығынан демеп, құрметтеп қызмет жасау қажет. Ондай әдептен ешкім жаман болмайды. Кішірейгеннен ешкім кішкентай болып қалмайды. Өзім де бөлімдегі әріптес қызметкерлермен Әдеп кодексінің талаптары туралы, жалпы әдептілік туралы әңгімелесіп, үнемі ақылдасып отырамын.
Әдеп кодексі – әдептілік пен тазалықтың жолы. Ардың таза болуы – бәрінен қымбат. Әдеп кодексін сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің абыройлы парызы. Осыны естен шығармаған жөн!
Ғазиза ЕСТАЕВА,
аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы