Basty bet

Шалғай ауылдағы әмбебап дүкен

Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдықтың үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар», – деді Президент.Мемлекеттің экономикасын көтерудің бірден-бір жолы – шағын және орта кәсіпті дамыту. Себебі олар өзін-өзі жұмыспен қамтып қана қоймай, өзгелерге де жұмыс орнын ашып, еліміздегі кәсіпкерлік саласы мен экономикасын айтарлықтай көтеріп отыр.
Сондай тәжірибелі кәсіпкерлердің бірімен танысу үшін Боралдай ауылдық округіне жол тарттық. Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында бүгінгі күні 2 500-ге жуық халық мекен етеді. Ауылда азық-түлікпен қамтамасыз ететін төрт дүкен орналасқан.
Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болатын өңірдің орталығында орналасқан «Мөлдір» дүкенінің иесі – Шолпан Жолдыбекова.
Ол 1967 жылы Талас ауданының Майтөбе ауылында дүниеге келіп, сол жерде он жылдық оқуын жақсы үлгеріммен аяқтайды. Ал 1977 жылы Көлтоған ауылына өзінің отбасымен көшіп келіп, осы ауылдың азаматы Өсербай Шажалиевке тұрмысқа шығады.
-Екеуміз де көпбалалы отбасынан шықтық. Сондықтан екеуміз отбасылы болған уақыттан бастап, ешкімге салмақ салмай, жолдасыммен бірге еңбек етіп, үй сатып алып, өз еңбегімізбен көтерілдік, – дейді кәсіпкер.
Сол себепті ол 1984-1985 жылдары ауылда сауыншы болып жұмыс істесе, жолдасы пошта тасушы болып қызмет атқарады. Алайда колхоз-совхоздар тарағаннан кейін жұмысынан босаған Шолпан Асуқызы халыққа ең қажеттісі азық-түлік саудасымен айналысуға бел буады. Осылайша, ол 1996 жылы ең алғашқы дүкенін өзінің үйіндегі кіреберіс бөлмеден бастайды. Дүкені кеңейіп, 2003 жылы Ержан Пралиевтен дүкенді сатып алып, сол жерде жұмысын жалғастырады.
Міне, 1996 жылы басталған кәсібіне бүгінде 26 жыл толып отыр. Қазір Шолпан Жолдыбекованың дүкені 56 шаршы метрді құрайды, бұрынғы дүкенге қарағанда едәуір үлкен. Оның үстіне, азық-түліктен бастап мектепке қажетті дәптер-қалам мен киімге дейін барлығы бұл дүкенде бар. Қазір ол дүкеніне қажетті тауарларды аптасына бір рет Тараз қаласынан алып келеді.
– Кәсібіміздің жүруі, кеңеюі – бірінші Алланың, екінші – халықтың арқасы. Халыққа рақмет! Біз халыққа қызмет етеміз. Әрі халық үшін де іздегенінің ауылдан табылып тұруы тиімді,- дейді дүкенші.
Шолпан Асуқызы жары Өсербай Шажалиев екеуі бір ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде ұл-қыздарынан 12 немерені сүйіп отыр.
Иә, расында да, қай елде, қай қоғамда болсын, мемлекеттің өркендеуі мен ұлттың өрлеуіне, экономикалық дамуына кедергі келтіретін ең бірінші себеп – масылдық. Сол себепті патерналистік көңіл-күй мен масылдықты азайту қазіргі міндеттердің бірі болып отыр. Ал, бұл ретте Шолпан Жолдыбекова сынды жеке кәсіпкерлердің қосатын үлесі зор. Сондықтан бүгінгі әңгімелеп отырған кейіпкеріміздің жұмысына табыс пен береке тілейміз. Еңбегіңіз жана берсін!

 

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close