Basty bet
Мұғалім мүддесі – кәсіподақ назарында
Бүгінде білім жүйесін реформалау аясында қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелер жеткілікті. Білім саласындағы жаңа әрі тың бастамалармен қатар ежелден қалыптасып қалған үрдістерге өзгеріс енгізу аясында әртүрлі қарама-қайшы пікірлер мен көзқарастар тудырып отырған өзекті түйткілдер бар.
Бұл ретте кез келген жаңалықты жалаулатып көзсіз қолдауға да, байыбына жетпей, зерттеп-зерделемей жөнсіз сынауға да болады. Біз – кәсіподақ өкілдері үшін сала қызметкерлерінің әлеуметтік ахуалы, оңтайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайы, тұрақты табысы, моральдық тұрғыда қалыпты көңіл-күйі ерекше маңызды.
Білім саласында шоғырланған 3700-ден аса еңбек адамын біріктіретін біздің кәсіподақ, мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдар арасындағы конструктивті әрі іскерлік қарым-қатынас, шынайы әрі пәрменді әлеуметтік әріптестік жүйесі арқылы өңірде көптеген түйіткілдердің түйіні тарқаған.
Президент Қ.Тоқаевтың «Мектептен тыс жерде болған жағдай үшін мұғалімді жазалауға болмайды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс. «Отбасы-мектеп-мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды» деген ойы ұтымды айтылған.
Мұғалім өз міндетін адал атқаруға тиіс, ал ата-ана мен қоғам да өз жауапкершілігін сезінуге міндетті.
«Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажеттілігі де айтылып жүр. Бұл жай ғана түзетулер емес, ұстаздардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, олардың беделін арттыратын және мұғалімдердің басты миссиясы – балаларды сапалы оқыту мен тәрбиелеуге толықтай көңіл бөлуіне мүмкіндік беретін нақты қадамдар.
Жыл сайын орта есеппен жазбаша, ауызша нысанда, жеке қабылдауда 1000 -нан аса арыз-шағым мен өтініштердің еңбек дауы мен жанжалға ұласпай заң аясында оңтайлы шешілуі, жеке еңбек дауларының келісу комиссиялары арқылы сотқа дейін реттелуі, жалақының артуы, аттестация, оқу жүктемесі, пән бірлестігіне жетекшілік үшін қосымша ақы, кабинет меңгерушілігін рәсімдеу мен оның төлемі, жұмыспен қамту, әлеуметтік кепілдіктің сақталуы, педагогтың зейнет жасына толуымен байланысты кепілдіктері, қауіпті еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы, үстемақы, өтемақы, еңбек демалысына қосымша ақы, үстемақы, өтемақы, еңбек демалысына қосымша 6,12 ақылы күндер беру, еңбек шартын алғашқы бір жылдан соң шектеусіз мерзімге ауыстыру, басшыларға пәні бойынша 0,5 бірлік қосымша оқу жүктеме және емделу жәрдемақысын алу құқығы, магистрлік дәреже үшін қосымша ақы, есепші, үнемдеуші, зертханашы, кітапханашы сынды педагогикалық емес, сондай-ақ ғимарат жөндеуші, аула сыпырушы мен қызметтік бөлмелерді тазалаушы сынды қосалқы – техникалық жұмыскерлердің табысын арттыру шаралары соның дәлелі.
Ұжымдық шарттармен көзделген кепілдіктердің барлығы қосымша қаржылық шығындарды қажет ететін нормалар.
2024 жылы аудан бойынша көрсетілген құқықтық қызмет нәтижесінде сала өкілдеріне 3 млн астам қаржы қайтарылып, жалпы экономикалық тиімділікті құрады, ал 2025 жылы өткен 9 айда бұл көрсеткіш 967 161 теңгені құрады.
Айта кетерлігі, бұл нәтижелердің басым бөлігі, келіссөз, хат алмасу және әлеуметтік әріптестік аясындағы екіжақты шешімдер арқылы, яғни, мәмілегерлік жолмен жүзеге асырылған.
Еңбек ұжымдарында кәсіподақтың ықпалын арттыру – басты назарда. Сала еңбеккерлерінің тынығуы, демалысы мен бос уақытын қызықты өткізу мен рухани дамуы ерекше назарда.
2024 жылы 434 сала қызметкері демалса, бұл көрсеткіш 2025 жылы 409 адамды құрады.
2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануына байланысты, білім саласында қызмет етіп жүрген педагог емес қызметкерлер де назардан тыс қалған жоқ. Олар арнайы демалыс орындарына жіберіліп, еңбектері еленіп отырылды.
«Тарихи сабақтастықты, ынтымақ күшін және ұйымның бірлігін көрсететін кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы – күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл қоғамға, мемлекетке, жастарға және өзімізге кәсіподақтардың әрдайым әлеуметтік тұрақтылық пен халық өкілдігінің негізі болғанын, бар екенін және болашақта да болатынын еске салатын ерекше мүмкіндік. «Тарихқа – тағзым, «Бүгінге -өзгеріс», Болашаққа – сенім» – бұл жай ғана ұран емес, бұл – біз халыққа жеткізетін даму философиясы» деді Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин. Бұл – тарихты таразылай келе, бүгінгі уақытта өзгеріс енгізе отырып, болашақтың зор мүмкіндіктеріне қол жеткізу деген сөз.
Осы тұста жуалылық ұстаздарды 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген жұмыстарыңыз нәтижелі болсын. Себебі, жас өркенді біліммен қаруландырып, қанатын қатайтып, үлкен өмірге қосудың кілті – Сіздердің қолдауларыңызда. Дана халқымыздың «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген қанатты сөзі осының дәлелі.
Білім мен тәрбиенің негізін қалаушы, болашақ ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздарға зор денсаулық, сәттілік, табандылық серік болсын!
Мәжит АЙЖАНОВ,
«Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің
«Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті» филиалының төрағасы